БҚО-да үздік жастар марапатталуда

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында «Жыл үздігі – 2020» жастар сыйлығы байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.

Ел мүддесі жолында аянбай еңбектеніп жүрген жастарды марапаттау кешіне аудан әкімі Жанат Асантаев қатысып, жыл жеңімпаздарын марапаттады. Салтанатты шара барысында қаратөбелік үздік жастардың есімдері белгілі болып, «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас тәрбиеші», «Үздік жас волонтер», «Үздік жас маман», «Үздік жас кәсіпкер» номинациялары тапсырылды.

Әр саланың үздіктерінің арасында қаратөбелік жас ұстаз Мейрамбек Аманжолов «Үздік жас ұстаз» номинациясына лайық деп танылды. Ол – республикалық ұлттық интернет олимпиада сайтының мұғалімдер арасында Қазақстан тарихы пәнінен ұйымдастырған қашықтық олимпиадасының жеңімпазы, Daryn.online білім беру платформасы мен КАЗТЕСТ.KZ олимпиада сайты бірлесе ұстаздарға арнап ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиадасының дүниежүзі тарихы пәні бойынша жүлдегері. Ал қол күресінен ашық біріншілікте және облыс чемпионатында жүлделі орыннан көрінген Жандарбек Ниязов «Үздік жас спортшы» номинациясымен марапаталған. Сонымен қатар өз мамандықтары бойынша республикалық, халықаралық олимпиадаларда топ жарған Боташ Бисенғожина «Үздік жас тәрбиеші», ал Әсем Жәңгірова «Үздік жас маман» атанса, аудан және облыс көлемінде волонтерлық еңбегі еленген Жазира Отарғалиева «Үздік жас волонтер» деп танылды. Бүкіл отбасыға арналған отандық киім брендінің иесі Тасболат Серікқалиев «Үздік кәсіпкер» номинациясын жеңіп алды.

Айта кетсек, аудандық «Жыл үздігі — 2020» жастар сыйлығы иегерлерін марапаттау салтанатын аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Мұхит жастары» ҚБ ұйымдастырды. Өңірімізде «Жыл үздігі – 2020» жастар сыйлығы өзге аудандар мен қала көлемінде де табысталуда.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы