Болашақ білімді жастардың қолында

Болашақтың кілті, елдің ертеңі – білімді жастар. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей жастарға байланысты болғандықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас буынның тәрбиесі мен біліміне баса көңіл аударып келеді. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы еліміздің болашағы үшін ең өзекті тақырыпқа айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізге білімді жас мамандар қажет екенін баса айтып: «Цифрландыру келесі маңызды міндет бірыңғай механизм ретінде қызмет етуге міндетті мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты болып табылады. Мемлекет басшысының бағытына күмән келтіретіндер, жұмысын орындай алмайтындар, уақытты босқа өткізіп, Президент тапсырмасын орындаудан жалтаратындар атқаратын лауазымдарын босатылуы тиіс деп пайымдаймын. Қазір біз дамуымыздың шешуші кезеңіне аяқ бастық. Мемлекеттік аппарат бірыңғай механизм ретінде жұмыс істеуге міндетті. Тек осы жағдайда ғана біз алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізуді қамтамасыз етеміз», – деген еді. Сондай-ақ Президент: «Ұлттық жоба шеңберінде кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-мамандарын даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кем дегенде 500 миллион долларға жетуі керек. Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік сектордың толық цифрлық қайта жаңғыртылуын талап етеді. Мұндағы басты және бұрыннан келе жатқан проблема – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялануының болмауы. Бұл мәселе мүмкіндігінше жақын арада түбегейлі шешуді талап етеді», – деп айрықша атап өтті.
Бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпаған бірқатар мәселелер айтылған Жолдауды барлығымыз ерекше ықыласпен қабылдадық. Мұнда халықтың табыс көзінің артуы, тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған баянды бастамалар көтерілді. Соның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, олардың табысын арттыруға ерекше екпін түсірілді. Халықтың ең төменгі табыс көзін 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеру, жастардың кәсіпкерлігіне қолдау әрмен қарай жалғастырып, жеңілдетілген 2,5 пайызбен шағын несие беру туралы тапсырмалар да көңілге қонымды. Бұл дегеніміз еліміздің әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің бірқатар түйіні тарқайтынын білдіреді. Президент құнды құжатта әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталғанын, алда қиындықтар кездескенімен, бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызды, ел келешегі жастарды жан-жақты қолдау мақсатында еңбекпен қамтып, түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жас жұмысқа орналасатынын тілге тиек етті. Бұл дегеніміз еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп, игілігі жолында күш-жігерін пайдалануды көздеген білімді, ойы азат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта оларды көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға да кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол.
Еліміздің күші – жастардың білімінде. Сол себепті мемлекет ҰБТ нәтижесіне және де басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлауда. Мемлекет тарапынан ұстаздарға аз қолдау жасалған жоқ. Бұл жаңалық та педагогтар қауымын жігерлендірді. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Жолдаудауда ұстаздар мен ғалымдарды қолдау мәселесі де сөз болды.
– Ең әуелі жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек. Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Елімізде кезек күттірмейтін тағы бір маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Әсіресе Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда Студенттер үйінен орын табылмай, пәтер жағалап жүрген жастардың қарасы мол. Жолдауда Президент осы мәселеге де айрықша тоқталды.
– Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады, – деді ел Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының: «Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екенін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық – рухани күш, қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды», – дегені көп нәрсені аңғартады.
Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген сөзін әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты деп қабылдағанымыз абзал.
Талантты жастарды мемлекет әрдайым қолдауға дайын. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Демек, жастар алмайтын қамал, бағындырмас биік жоқ. Президенттің жастарға сенімі бұл. Ал білікті менеджер болуға қабілетті және креативті жастарды жасақтау мұнымен тоқтамақ емес. Жас келсе – іске. Жастарға жауапкершілік жүктелді. Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа. Сондықтан жастарға бiлiм беретiн ұстаздар да ұлы мұрат жолында жалынды еңбек етуге даярмыз.
Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қарқынды дамуы – ел болашағының кепілі. Даму барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, олар өз қара басының қамын ғана ойламай, ел болашағының беріктігін қалқалап жүруі керек. Өрнегін салған өткен күндерді тарих сахнасына қалдырып, асығы алшысынан түсер алдағы сәттерді санасына түйіп, іс-әрекетке бет бұруы тиіс.
Ол үшін негізгі міндет – сапалы білім. Сондай-ақ айрандай ұйып, басы біріккен озық елдер қатарына қосылып көшбасшы атану көкірегімізде жалындап тұрған алау үміттердің бірі. Тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін де зияткер ұл-қыз, білікті балалар тәрбиелеуіміз шарт. Жалпы Жолдауда айтылған бастамалар қолға алынысымен, халқымыз олардың игілігін сезініп келеді.

Луиза Давлетбагина,
Төле би атындағы №8 гимназияның
11 «А» сынып оқушысы