«Болашақ» бағдарламасының 12 түлегі басшылық қызметке тағайындалған – Б.Атамқұлов

Baq.kz – Оңтүстік Қазақстан облысында «Болашақ» бағдарламасының 12 түлегі басшылық қызметке тағайындалған. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. 

Облыс әкімінің айтуынша, бұл жұмыстар Елбасының Бес институционалдық реформасының бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасы аясында орындалған. Бұдан басқа, өңірдегі жоғары оқу орындарының түлектерін ауыл-аймақтарға кеңінен тарту жоспарда бар.

«Республикамызда алғаш рет облыстың атқарушы органдары үшін Бірыңғай персоналды басқару қызметі құрылды, Әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды. Бұл осы бағыттағы жұмысымыздың бастамасы ғана. Айта кету керек, өңірімізде мемлекеттік қызметке орналасу меритократия мен жариялылық қағидаттарына сәйкес болуы тұрақты бақылауда. Бос лауазымдар үшін конкурстардың ашық өткізілуі қалыпты жағдайға айналады», — деді Б.Атамқұлов.

Сондай-ақ баспасөз жиынында аймақ басшысы бүгінгі таңда осы мақсаттағы жұмыстарды атқару шеңберінде сарапшылар тобы жиналып жатқанын жеткізді. Жақында олар аудандар мен қалалардағы конкурстарға бейнеконференция арқылы қатыспақ. Облыстағы «кадрлардың алтын резервін» қалыптастыру аясында қолға алынған жұмыстар кадрлық әлеуетті күшейтуді көздейді. Облыс басшысы өңірлік кадр саясатының 4 бағыттан тұратын жаңа стратегиясы дайындалып жатқанын да жеткізді.

«Бірінші бағыт аясында кадрларды іріктеудің талаптарын күшейту арқылы шынайы таланттарды іздеу және оларды қызметке тарту жұмыстары жүргізілсе, екінші бағыт бойынша лайықты жалақы, бонус пен көтермелеу жүйесінің болуы көзделіп отыр. Үшінші бағыт — мемлекеттік қызметшілердің өзіндік дамуына жағдай жасауды қарастырса, төртінші бағыт – мемлекеттік қызметшілерде корпоративтік рух қалыптастыруды мақсат тұтады», — деп түйіндеді облыс әкімі.