БҚО-дағы ең таза ауыл

Батыс Қазақстан облысында өткен «Ауыл тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты ауыл әкімдерінің І форумында Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылы «Таза ауыл» номинациясымен марапатталды. Біз де тазалығы мен көркі үйлескен, экологиялық мәдениеті жоғары, тұрғындары өз атамекендеріне жанашырлықпен қарайтын ауылдық округтің әкімі Ғаділбек Әлібековке хабарласып, аз-кем сұқбаттастық.

 

– Ғаділбек Әлібекұлы, марапаттарыңыз құтты болсын дей отырып, алдымен елді мекен туралы қысқаша айтып өтуіңізді өтінеміз?

– Жалпақтал ауылы – Қазталов ауданы қарасты Жалпақтал ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Облыс орталығы Орал қаласынан – 275 шақырым, ал аудан орталығынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округтің аумағы – 12 276 мың га, халқының саны бес мыңнан асады.

– Алтын бесік – ауылдың қазіргі уақыттағы ахуалы қандай?

– Ауылдық округте бүгінгі таңда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Халық саны жыл сайын тұрақты өсімді көрсетіп, ауылдың көркеюіне оң ықпалын тигізіп жатқаны да қуантады. Сонымен қатар ауылымызда шағын және орта кәсіпкерлік саласы серпінді түрде өркендеуде. Қазіргі уақытта азық-түлік және тұрмыстық дүкендер, дәріханалар, қоғамдық тамақтану орындары көптеп ашылып, шаштараз, автобөлшектер дүкені, сұлулық салондары, ұн өнімдерін өндіруші, жиhаз дүкені, наубайхана сынды қызмет көрсету саласы жақсы дамып келеді.

– Ауыл тұрғындары негізінен қандай кәсіп түрлерімен айналысады, олардың табыс көздері қандай?

– Жерлестеріміздің басым бөлігі шағын кәсіпкерлікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Округ бойынша 150  шағын кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Ауылды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қолдаулар көрсетілуде. Мысалы, еліміздегі ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауыл экономикасын дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасымен қатар кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер мен гранттар ұсынылуда. Жастар арасында кәсіпкерлікті ілгерілету, инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй салу бағытында мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беруде. Бұл қолдаулар ауыл экономикасының тұрақты дамуына мол мүмкіндік беруде.

– Ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар жеткілікті ме?

– Жалпақталда халыққа қызмет көрсететін негізгі әлеуметтік нысандар толықтай жұмыс істейді. Округте екі мектеп пен екі мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Байырғы білім ошақтарының бірі – Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебі 1974 жылдан бері талай буынға сапалы білім беріп келеді. 500-ге жуық балаға арналған білім ордасында қазіргі таңда онда 400-ден астам оқушы білім алуда. 1983 жылдан бері жұмыс жасайтын К.Мендалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебі де – талантты түлектерді қанаттандырған қара шаңырақ. Мектептің сыйымдылығы – 680 орын, ал мұнда қазір 500-ден астам бала оқып жатыр. Екі мектепке де 2010–2012 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Білім ошақтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Округіміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына келер болсақ, екі балабақшамыз бар. 1977 жылы өз жұмысын бастаған «Ертегі» балабақшасында – 140 бүлдіршін, 2009 жылы іске қосылған «Балдәурен» балабақшасында 125 бала тәрбиеленуде.

Елімізде ұлт саулығы – басты орында екені белгілі. Осы бағытта дертіне шипа іздеген  тұрғындарға көмек көрсететін бір аудандық аурухана жұмыс істейді. Мұндағы күндізгі стационар 38 төсек-орынға арналған. Ауылымызда денсаулық сақтау саласында 26 жоғары санатты дәрігер және 109 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Жедел жәрдем қызметі екі автокөлікпен қамтамасыз етілді. 1976 жылы пайдалануға берілген аурухана ғимараты 2011 жылы күрделі жөндеуден өтті.

Елді мекендегі мәдениет нысандары жергілікті тұрғындардың рухани өмірінде маңызды рөл атқарады. Округімізде жалпы бес мәдениет нысаны бар: бір мәдениет үйі, екі кітапхана, дәстүрлі өнер орталығы және мұражай. 1982 жылы бой көтерген Жалпақтал мәдениет үйі 288 орынға арналған, 2013 жылы күрделі жөндеуден өтті. Екі кітапхананың кітап қоры 46 мың дананы құрайды. Соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Округімізде осы бағытта қызмет көрсететін бес футбол алаңы, екі спорт залы және тоғыз балалар ойын алаңы бар. Бұлардан бөлек ауылдық округте Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қазпошта» бөлімшесі, «Халық банк» бөлімшесі және ұялы байланыс операторларының қызметі орналасқан.

– Өздеріңізге табысталған «Таза ауыл» номинациясы бойынша бағалау қандай талаптар бойынша жүргізілді?

– «Таза ауыл» облыстық байқауына қатысушы елді мекендерді бағалау – комиссия мүшелерінің белгіленген критерийлерге сәйкес кешенді талдауы негізінде жүзеге асырылды. Бағалау барысында ауылдағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шаралар, көгалдандыру және абаттандыру деңгейі, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, экологиялық ахуалы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және қоғамдық қауіпсіздік жағдайы жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ жол сапасы, интернет қолжетімділігі, инвестиция тарту, ауылдық туризмді дамыту, әлеуметтік нысандардың болуы, экологиялық еріктілік және демографиялық көрсеткіштер сияқты маңызды бағыттар ескерілді. Жалпы бағалау 22 критерий бойынша 0–5 балдық жүйемен жүргізіліп, қорытынды нәтижелер жинақталған балл негізінде анықталды.

– Жалпы тазалық іс-шараларына тұрғындардың қатысу белсенділігі қалай?

– Ауыл аумағында санитарлық тазалықты сақтау – басты назарда. Осы бағытта апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар уақтылы тазартылады. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараларға тұрғындар, жастар және еріктілер белсенді түрде атсалысады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары да жүйелі түрде қолға алынады. Ауыл көшелерін жарықтандыру, көгалдандыру және абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әрине, бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының белсенділігі мен ортақ жауапкершілігінің арқасында іске асуда деп айтар едім. Жалпақтал ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта да тазалықты сақтау, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Сұқбаттасқан Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы