БҚО-да жаңа өндірістік цех өз жұмысын бастады

Батыс Қазақстан облысындағы «QazExpoCentre-Pipe» зауытында жаңа өндірістік цех іске қосылды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Индустрияландыру – экономиканың негізгі қозғаушы күші екені белгілі. Бұл өндіріс орны да – экономиканы әртараптандыру жолындағы нақты қадам. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.

«QazExpoCentre-Pipe» зауыты – жиырма жылға жуық уақыттан бері мұнай-газ саласына арналған жоғары технологиялық өнім шығарумен айналысып келе жатқан өндіріс ошағы. Өз мемлекетімізден бөлек алыс-жақын шет елдерді де аталған өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Зауытта жаңадан іске қосылған муфта (мұнай-газ саласында қолданылатын құбырларды жалғайтын жабдық) шығаратын өндірістік желіге шамамен 5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 60-қа тарта жаңа жұмыс орны ашылған. «QazExpoCentre-Pipe» зауытында барлық процесс толық автоматтандырылған. Негізгі желілер Германиядан әкелінген заманауи жабдықтармен қамтылған. Еуропалық технологиялар өнім сапасын халықаралық деңгейде қамтамасыз етіп, өндірістің тиімділігін арттыруға жол ашып отыр.

Зауыт басшылығының айтуынша, жаңа цехта жұмыс жасайтын мамандар алдын ала даярланып, оқытылуда. Тәулік бойы жұмыс жасайтын өндірістік цех диаметрі 60-255 мм болатын муфталарды дайындайтын болады. Сонымен қатар елімізде теңдесі жоқ бұл цехтың жылына 167 мың муфта шығаруға мүмкіндігі бар.

Өнімдері халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін «QazExpoCentre-Pipe» кәсіпорнында бүгінгі таңда 200-ден астам адам жұмыс жасайды. Зауыт жыл сайын American Petroleum Institute стандарттары бойынша сертификаттаудан өтеді. Бұл дегеніміз – мұнай-газ саласында жұмыс істейтін құрал-жабдықтарға, материалдарға, технологияларға және жұмыс процесіне қойылатын халықаралық техникалық талаптар мен ережелер жиынтығы. Нәтижесінде мұнай-газ саласындағы ірі компаниялармен әріптестік орнатуға мүмкіндіктері молынан.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

(сурет авторы – Мәди Салық)