БІЗДІҢ АҚИҚАТТЫҢ “АСТАРЫ” ОСЫ

Жарты сағаттан астам уақытымды бөліп “Астарлы ақиқатты” көріп шықтым. Көрмей, білмей қалай сын айтасың? Баяғы “Шегірткеге ” қатысты ғой… бәрі шулап жатқасын қалай шыдап отырасың?
Бірінші, бағдарламаның аты, затына сай емес. Ақиқатта астар болмақ емес. Егер “астары” болса, ол қалай “ақиқат” болады?
Екінші, жүргізуші қатысушылардың сөзін бөлумен әуре. Бұл да ұнамсыз көрініс! Сөйлесін, шерін тарқатсын! Ақиқатты ашу қашан оңай болып еді? Сол үшін бағдарламаны бәлкім, екі- үш бөлімге дейін созу керек пе еді? Оған мүмкіндік болмаса, айналдырған 53 минутта өзекті проблеманың бетін ғана сылып алу кімге керек?
Мұның артында (астарында) хайп қуу, сенсация іздеу ғана жатқан секілді. Осындай бастаған істі жарты жолға шөгеріп кету, “қалғанын өзің түсініп ал деу” журналистік шеберлік деу қиын.
Үшінші, Айгүл мен Бүркіттің “жан айқайы” халыққа жетті ме?
Меніңше, жоқ. Барлық әншілердің намысын “арқалап ” келген екеуге обал болды тіпті. Ашуға мінген “ибалы келін ” Айгүлдің енесімен сөзге келгендей кейіпін көрермен біразға дейін ұмыта қоймас.
Төртінші, лотарея ойнатуды әншілер “сауапты” іс көреді екен. Оу, ағайын, мыңдаған адамға ән дисклерін сатып, оның ішінен бір- екеуіне жүлде беру, әсірелеп айтсақ, “Өз бидайларын өздеріне қуырып беруден” несі артық?! Егер жомарттықтары ұстап бара жатса, халыққа тегін таратсын, міне, сонда сауаптың көкесі!
Бесінші, Ахметбек мырзаның “шырылдауық шегірткесіне” әншілердің өкпелеуі орынсыз. Бәрі болмаса да, көпшілігі бұл “атаққа” әбден лайық. Себебі “жанды дауыста” халықтың алдына шығып ән айтуға дәрменсіздері өте көп. Оған жүздеп мысал келтіре аламын.
Алтыншы, Бүркіттің ән мотивы “Мың бір түннің ” айналасы. Мың бұралған әйелі де биге сұранып- ақ тұр.
Жетінші, Ерлан аға, ащы болса да ақиқатты айтыпты. Көп сөздері қырқылып кеткенге ұқсайды. Өйткені Бүркітке сөйлеп жатқан сөзі аяқсыз қалып, жарнамаға ұласып кетті. Турасын айтқан туғанына қашан жағыпты. Ол кісі де енді әншілер арасынан “жау ” табары анық…
Сөз соңында айтарым, әншілердің лотарея ойнатуы- бір жағы өздеріне жасап жатқан жарнамасы. Оны бүркемелеп өздерінше “халықтың қамы” деп сайраулары ұят қылық! Бұл аңғал жұртты мазақ етумен пара- пар іс.
Біздің “ақиқаттың” астары осы!
Нағашыбай Қабылбек 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған