Биыл Павлодар облысында 3 мың түлек тест тапсырады

Биыл Павлодар облысында ҰБТ-ға 3 мыңнан астам түлек қатысады деп күтілуде.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты.

— Білім беру басқармасы тестілеуге тікелей  қатыспайды. Дегенмен,  оқушыларға қолдан келген көмегімізді көрсетеміз. Себебі, біз балалардың болашағына бей-жай қарай алмаймыз, — дейді Дінислам Болатханұлы.

Айта кетерлік жайт, бұған дейін ҰБТ-ның қорытындысы бойынша өңірдегі мектептердің рейтингі  жасалатын. Биылдан бастап мұндай тізім  жасалмайды. Басқарма басшысы талапкерлердің басым бөлігі техникалық мамандықтарды таңдағанын атап өтті.

—  Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында техникалық салаға және ІТ технологияларына баса назар аударады. Сондықтан талапкерлерге осы мамандықтарды таңдауға кеңес береміз. Түлектер жергілікті  және  астаналық жоғары оқу орындары мен Назарбаев университетінде білім алуды жөн көреді,  — деді ол.

Өз тілшіміз.