Биыл Астана жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар – Ерлан Саиров

Құрылысы бітпей жатып жабдығы ескіріп қалды – AMANAT жанындағы кеңес ЖЭО-қа барды

«AMANAT» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Астана қаласының ЖЭО-3 құрылысына партиялық бақылау жүргізді. Оның құрамына Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратураның, Астана әкімдігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері кірді.

ЖЭО-3 құрылысының жүргізіліп жатқанына он жылдан асты және осы уақыт аралығында жұмыс құны өсіп, пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жобаның мердігері «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ-ның ақпараты бойынша, алғашқы екі қазандық биыл қазан айында іске қосылып, ал ЖЭО-ның өзі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес, біз елордадағы ЖЭО-3 құрылысының сапасына бақылау жүргізудеміз. Нысанның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын білеміз, бұл – ұзақ процесс. Адамдар Астанада жылудың жетіспейтіндігіне шағымданады. Сондықтан биыл қала белгіл бір дәрежеде жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар», — деп ескертті Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Бүгінде нысанда екі ауысымда 17 қосалқы мердігерлік ұйымдардан 600-ден астам адам жұмыс істейді. Техникалық аудит деректеріне сәйкес, нысандағы жұмыс 83% орындалған. Яғни, су жылыту қазандықтарын, қыздырғыштар мен желілік су құбырларын монтаждау жұмысы аяқталды. Сондай-ақ, Индустриалды парктен ЖЭО-3-ке дейін техникалық су құбыры салынды.

Электр станциясын іске қосу үшін әлі де атқаратын шаруа шаш етектен. Газ тарату желілерін жүргізу, су жылыту қазандығының желдету және ауаны баптау жүйесін жолға қою, сыртқы және ішкі инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізу қажет. Бүгінде құбырларды оқшаулау, сондай-ақ нысанды басқару жабдықтарын орнату және суды сығымдау жұмысы жалғасуда.

Инспекция барысында партиялықтар елордада ЖЭО құрылысы уақтылы аяқталмаған жағдайда жылу энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін екенін атап өтті. Тағы бір мәселе, соңғы 15 жыл ішінде бұрын сатып алынған жабдықтың бір бөлігі ескіріп, қолдануға жарамсыз болып қалған.

«Құрылысшылар дайындықтың 83% екенін айтады. Барлық қазандықтар дайын, құбырлар қаланың негізгі магистраліне қосылған деп отыр. Алайда жалпы жұмыстың айтылған деңгейге жетпейтінін көріп отырмыз, әлі де атқарылатын жұмыс баршылық. Сондықтан біз ай сайын бақылау жүргізіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын тексеретін боламыз. Бұл мәселені әкімдік пен министрліктердің өкілдерімен талқылап, жан-жақты бақылау жасаймыз. Егер нысан уақытында салынып бітпесе, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», — деді Ерлан Саиров.

Айта кету керек, бұл нысанның құрылыс тарихы 2008 жылдан басталады. Сол кезде жобаның қажеттіліктеріне республикалық бюджеттен 86 млрд теңге бөлініп, ал кейіннен бюджеті 122 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Мұны нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дәлелдей алады. Бірақ мұнымен жобаның қаржы мәселесі түбегейлі шешілмеді. Өйткені нысанның осыған дейін айтылған құнын 175 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Еске сала кетейік, бұған дейін партиялықтар «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ олигарх Александр Клебановқа тиесілі «ЦАТЭК» АҚ-мен аффилиирленген компания екенін айтқан болатын. Атап айтқанда, Кеңес мүшелері Бас прокуратураға Александр Клебанов пен оның компаниясын бюджет қаражатын ұрлау және оларды шетелге заңсыз шығару әрекеті бойынша тексеруді ұсынды.

Құрылыс жұмысының сапасы мен қарқынын одан әрі бақылау үшін Кеңес жұмыс тобының мүшелері бір айдан кейін нысанға тағы да келуді жоспарлап отыр.

 

Фото Радмир Фахрутдиновтікі