Биыл Ақтөбеде 2,6 млн. тонна мал азығы дайындалады

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өңірде мал азығын дайындау мәселесі қаралды. Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы жүргізіп жатқан жұмыстары жайында есеп берді.

Осы жылы өңірдің ауыл шаруашылығын өндірушілері 2,6 млн тоннадан астам мал азығын, яғни бір жарым жылдық қор жасаулары тиіс.

Облыс басшысы жем-шөп көлемін молайтуда барлық мүмкіндікті пайдалану керектігін баса айтты.

«Болжамдарға қарағанда жаз ыстық болады. Көрші облыста қандай жағдай болып жатқанын білесіздер. Сол деректерді ескере отыра, шаруалармен мал азығын артығымен дайындау туралы түсіндіру жұмыстарын өткізу керек. Ең алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз ету керек, мүмкіндігінше көрші өңірге де көмектескен жөн»,- деп атап өткен Оңдасын Оразалин мал азығын дайындау барысы жеке бақылауында болатынын айтты.

 

 

Бұдан басқа, облыс әкімі суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесін де көтерді. Оңдасын Оразалин 2,4 мың гектар суармалы жер босқа тұрғаны үшін Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Хромтау аудандары әкімдерінің жұмысын сынға алды. Облыс әкімі: «Бұған сіздер де жол бердіңіздер. Пайдаланылмаған жерлерді алып қойып, жұмыс істейтіндерге беру керек», – деп талап етті.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 10,6 мың гектардан аса суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатса, оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмек.

Облыс әкімі: «Әр гектар бойынша жоспар құрып, егіс құрылымын анықтаңыздар. Жарын көктемде суарылатын жерлердегі жұмыстарды кідіріссіз бастаңыздар»,- деп тапсырды.

Бүгінде Ақтөбе облысында егін егу науқаны аяқталды. 800 мыңдай жерге егін егілді.