Биыл 100-ден астам жас баспанамен қамтылады

Биыл 100-ден астам жас баспанамен қамтылады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев әуелі аймақтағы ішкі саясат, білім, дін, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері, тілдерді дамыту, мәдениет салаларына қатысты атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Айтуынша, өңірде жыл басынан бері 4 500-ге жуық қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 148 жобаға 1 миллиард 162 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
– Үкіметтік емес ұйымның қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыратын құралдардың бірі — мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету жобалары. Жоспарланған қаржы көлемінің 78 пайыздан астамы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бөлінген. Өңірде 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Облыстағы 371 елді мекеннің 32-де этностар тығыз орналасқан.
Мәдениет саласы бойынша биыл өңірдегі 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішіндегі 7 нысан өткен жылдан өтпелі. Сол секілді биыл 21 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыста тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубта 841 үйірмеге 10 318 адам тартылған. 2022 жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 217 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 4 577 бала қатысса, биыл 208 үйірмеге 5 273 бала қатысуда, — деді Еркін Құлымбайұлы.
Жиында облыс әкімінің орынбасары бүгінгі таңда өңірдегі 274 кітапхананың 268-і интернетке қосылғанын, жалпы барлық кітапханалар компьютермен қамтылғанын да атап өтті. Бұдан бөлек, нақты уақытта дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,6 мың адамға артып, облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жеткенін тілге тиек етті. Жыл соңында аталған көрсеткішті 42 пайызға жеткізу жоспарланып отыр екен. Өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы іске қосылған «Әулиеата жастары» бағдарламасына биыл жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінгенін алға тартты.
— Бүгінгі күнге «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, бағдарлама аясында баспаналы болды. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 1 миллиард теңгесі «Отбасы банк» АҚ тарапынан қарастырылды. Жобамен биыл 140 жасты баспанамен қамту жоспарлануда, — деді спикер.

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі