БІРЕУДІ ҚҰРТҚЫҢ КЕЛСЕ, ОНЫ МАҚТА!

Мақтау есту – адам табиғатына жат емес. Әркім іштей еңбегінің еленгенін, жасаған ісінің бағаланғанын қалайды. Бірақ соңғы уақытта сол табиғи қалаудың шегі шектен шығып бара жатыр ма деп ойлайсың. Мақтанқұмарлық, даңғойлық бір сәттік қуаныштан күнделікті әдетке, тіпті талапқа айналып барады.

Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, айналаңызда, ортақ чатта, әлеуметтік жеке парақшасында өзін мақтатуды қалайтындар көбейді. Жанында жүрген біреудің мақтап қоя салуы аздық етеді, басқалар да соны қайталап, жарыса мақтаса екен дейді. «Ұят» деген ұғым әлсіреп, «мені неге мақтамадың?» деген кінә тағу, өкпелеу, тіпті жау санау қалыпты нәрсеге айналып барады. Оны «сен неге мақтамайсың?» деп ашық айтпаса да, ана мақтаушыны көтермелеп, сені тұқырту арқылы «кек алып» жатқанынан байқайсың. Жақында осындай «мінез» қалыптаса бастаған төрт-бес чаттан амалсыз шығып кетуге мәжбүр болдым…

Бұрын адамды өз ісі сөйлетсе, қазір өзі-өзін сөйлетпесе тынышталмайтын күйге жеттік.
Әлеуметтік желі, ортақ чат бұл мінезді тіпті өршітті. Лайк – бағалау, комментарий – құрмет, сториске қарау – көңіл бөлу сияқты өлшемдер пайда болды. Біреудің жазбаңа лайк баспауы – қасақана елемеу, пікір жазбауы – суықтық белгісіндей қабылданады. Адамның көңілін емес, батырманың басылған-басылмағанын аңдып, соған қарап құрметіңді өлшейтін заман туды.

Күн сайын бір сурет, ертең тағы сол сурет, арғы күні тағы сурет… Өз бейнесін көрсетуден жалықпайтын, ал өзгеден сол бейнеге табынуды күтетін эго қалыптасты. Несін айтасыз, негізсіз мақтау – ішкі олқылықтың орнын толтыру құралына айналғандай. Өзін-өзі бағалай алмаған адам өзгенің мақтауына тәуелді болып қалады. Сол тәуелділік өскен сайын реніш те, өкпе де көбейе береді.

Негізінде, шынайы сүйіспеншілік мақтаусыз-ақ көрінеді. Нағыз абырой мақтаумен сұранбайды, өзінен өзі келеді. Үнемі мақтауды талап еткен адам емес, үндемей іс тындырған адам қадірлі. Өзін асыра көрсеткен сайын адамның салмағы құнсызданып жеңілдей береді. Ал қарапайымдық пен ішкі тыныштық – бүгінгі ең үлкен жетістік. «Көзінше мақтағанша, көтеріп отқа таста», «Дос сыртыңнан мақтар, дұшпан көзіңе мақтар» деген тәмсілдер осыдан туса керек.

Мақтаннан бұрын мәнге, лайктан бұрын ниетке, сыртқы жылтырақтан бұрын ішкі мәдениетке көңіл бөлейік. Адамды биіктететін – күн сайын төгіліп жатқан мақтау емес, үнсіз жасалған адал ісі.

Ертеде Қытай басшысы өздерін маңайындағы елдердің бірі мақтай бастаса, дереу жақсы-жайсаңдарын жиып алып, «Көршілес ел бізді мақтай бастапты. Қане, қай жерден қателік жібердік, жақсылап ойланайықшы?» дейді екен. Сол айтқандай, біреу мақтай бастаса, қай жерден қате кеткенімізді ойланатын кез келген сияқты.

Ал, сіз ше? Мақтау сүйесіз бе?

Бекжігіт Сердалы