Бір үзік ой

Өмірдің ащы шындығы, шыр етіп дүние есігін ашқан әр пенде, Алла ғұмыр берсе қарттықтың дәмін татар. Оның да өзіне ылайық қызығымен — шыжығы болар. Қызығы немерелеріңнің былдыраған бал тілі, солардың жеткен жетістігі, ал шыжығы не ?
Адам қартайғанда көп сөйлейді, өзіне керек емес нәрселерге араласады, жұрттың мазасын алады . Өзін керексіз болып қалудан қорқа ма екен, әйтеуір араласпайтын нәрсесі жоқ, осы уақытқа дейін өзі билеп — төстегеннен бе екен. Бала өсіп, келін алғанға дейін ол өзінің құрған әлемі болғаннан ба екен. Әйтеуір өзі болмаса еш нәрсе шешілмейтіндей көреді. Бірақ ол нәрсе сен араласпасаңды бітеді, сенсіз де шешіледі, сен ол жерде артықсың. Бірақ қартайған адам ойлайды мен болмасам осылар не болар екен, менің арқамда осылай шалқақтап жүр, мен бұларға керекпін деп. Ешнәрсе болмайды, өйткені олардың өз өмірлері, өз бала — шағасы. Бала — шаға демекші, баяғыда бір ғұламадан біреу сұрапты, осы неге бала — шаға дейді, баласы түсінікті, шағасы не екен деп. Сонда ғұлама айтқан екен, е қарағым балаң өскенде білесің, өз балаң өзіңді шағады, бетіңнен алады, қойыңызшы осы сізсізде білеміз ғой дейді, әр сөзі жүрегіңе инедей шаншылады, сол кезде білерсің деген екен. Жақсы қартайу өмірдің ең соңғы көрсеткіші, ең соңғы сынағы шығар, Алла абырой берсін, балаларымызға біздің мазасыздығымызды көтеретін шыдам берсін, бізге сабыр берсін. Адам ұрпағымен мың жасайды деген. Артымызда қара — құрым салиқалы ұрпақ қалдыруды нәсіп етсін.