БІР ФОТОНЫҢ ХИКАЯСЫ

Мына бір фото «Азат» қозғалысының әуелі Ақтөбе қалалық кейін облыстық филиалын басқарған Серік Сапарғалиевтің фейсбук парақшасына бірнеше жыл бұрын салынған екен. Көзге оттай басылып қойған жоқ, 28 жыл бұрынғы хикаяның бетін тырнап ашқандай…

Осыдан 28 жыл бұрын жағдайы ауырлаған «Азат» қозғалысын ыдыраудан аман сақтау мен жұмысын жандандыру жолында мәселе қойып, қозғалыстың Ақтөбе филиалы барлық шығынды өз мойнына алып, белсенділердің бәрін Ақтөбе қаласына жинап, үш күндей мәслихат, демалыс шаралары мен істеліп жатқан жұмыстармен таныстырған еді.

«Азат» қозғалысының жағдайының күрделенуіне екі басты факторды атаған жөн: 1. Елдің басты саяси ньюсмейкері болып келген айтулы қозғалыстан құтылып, автократиялық билікті аңсаған топтардың ұйымды ыдыратуға деген барлық құлшынысы мен шаралары – қозғалысты материалдық қолдаудан қақты, қалыптаса бастаған жас буржуазия «ұлтшылдарға» менсінбей қарады — қолдамады; 2. Елді құрсаған экономикалық-әлеуметтік жағдайдың ушыға түсуі қозғалыс мүшелерінің ғана емес, саяси ықпалға деген халықтың құлықсыздығын, саяси апатиясын қалыптастырды.

Ақтөбе филиалы ол кезде республикалық қозғалыстың маңдайалды бөлімшесі болды: 1. «Алдаспан» бірлестігі кезінде алған қойған бүкілалаштық үш корпорацияны құруға беталып, «Бекарыс» компаниясын дөңгелетіп жатқан.

  1. Баспанасыздарға үй салу мен әлеуметтік мәселені шешу үлгісі ретінде «ОТАУ» құрылыс-әлеуметтік кешенін құрып, қаланың оңтүстік-батысынан түгелдей бір көшеге жер алып үй сала бастаған еді.
  2. Өңірдегі қозғалыстың бірқатар лидерлері Естай Жайлыбаев, Қайырбек Тоқтаровтар облыстық және қалалық деңгейдегі атқару билігіне қызметке алынды; Ақтөбе қаласының мәслихатының үштен бір мандатын «азаттықтар» ұстады.
  3. «Азат» қозғалысын одан әрі ықпалды саяси ұйымға айналдырудың нақты жоспарын құрып, соны бекітуіп іске асыруға әлеуеті дайын болатын.

Сонымен 1993 жылы шілденің басында қозғалыстың басшысы Сәбетқазы Ақатай мен Михаил Есеналиев ағаларымыздан басқа баскерлер/лидерлер келді. Көріп отырғандай, Батырхан Дәрімбет, Хасен Қожахмет, Жасарал Қуанышәлин және барлық облыс басшылары жиналды.

Осы жиыннан кейін «Ақылтөбе» аталған Ақтөбе филиалы Күн тәртібіне басты екі мәселенің бірін қабылдауды ұсынып әзірледі:1. Қозғалыс басшылығын өңірлерге белгілі бір мерзімге ауыстыру арқылы Алматыдағы басшылар арасындағы (биліктің араласымен екені айқын еді) кикілжің мен ит-ырқылжыңды жою мақсатымен қозғалысты күшейту, өңірлік басшылардың деңгейін арттыру — мысалы, 6 ай бойы қозғалысты Ақтөбе филиалы басқарады, сосын кезекті келесі Қызылорда алады… т.т. осылай қозғалыс ыдырау мен ішкі дағдарыстан құтылады. Бірақ бұл шешімді қабылдауға келгенде көптеген қатысушылар дайын болмады, өздеріне жауапкершілік алудан жүрексінді, лидерлер бұндай тактика мен масштабқа әзір емес еді.

2- шешімнің жобасы: «Азат» қозғалысын солайымен «Отан» аталатын партияға айналдыру болатын. Бұл да қозғалысты жаңа саяси деңгейге көтеріп, елге оңды ықпал ету және ұлттық мүддені қорғаудың төте жолы болатын. Сол кезде қоғамдық-саяси жағдай ушығып, автократия мен демократияның тайталасы айқын көріне бастаған-ды. Бірақ конференция делегаттары бұған да дайын болмады. Қатысушылардың бірталайы билік пен сатқындықтың құрбаны болып, шешім қабылдауға қауқарсыз болып шықты. Тіпті көпшілігі бұдан жеке өңірлердің саяси сепаратизмінен сақтанып, ақыры қозғалысты осы солақай ұғымның құрбаны етіп тынды. Бұл — ащы да болса — шындық, Ақтөбеде болған АЗАТ құрылтайы тарихи болса да — факт!

Бұл жиыннан кейін қозғалыс құрып біткен жоқ, бірақ жүйелі біртұтас ықпалды күш ретінде әлсірей берді.Бұған сол кезде автократиялық режим орнатуға мүдделі билік қуанды, ұйымның барлық бастамасын өзіне иемденіп, қолда бар ресурстарды соған жұмсап, өзін халық алдында легитим- сүйкімді етуге жанталаса кірісті. Соның бірі — Н.Назарбаевтың бастамасымен 1999 жылы құрылған «Отан» партиясы еді. Бұл кезде «Азат» қозғалысы әр жерде әлсіз топтарға түріндегі 400 мыңдай мүшесі болған телегей теңізден көлшіктер күйіне түсіп, ыдырай бастады…

Бір фотоның бір хикаясының бары осы ғана. Қозғалыстың жалпы ахуалын қалпына келтіруге күш-қайрат жетсе, жалпы мозайкалық дерек пен көзқарас-пікірді жинастыратын боламыз.

 

Серік Ерғали, «Азат» қозғалысының 1991-1993 жылдар арасындағы Батыс аймақ (6 облысты қамтыған) бойынша үйлестірушісі

1993 жыл. Ақтөбе.