Бір өлеңді жазбас бұрын, көп ойланам…

«АЙ БАРАДЫ ДӨҢГЕЛЕП…» (ақын Күләш Ахметова туралы бір үзік сыр)

Күләш Ахметова… 
Бұл есім соңғы дәуірдегі қазақ әдебиетінің тарихына айшықты мәнермен жазылып қалды деуге қазірдің өзінде толық негіз бар. Поэзия аспанында Айбергенов айдай жарқ етіп шыққан сәт еді ол! Сол қасиетті аспани дүниеде басқа да жарық жұлдыздар аз емес-ті. 
Мұқағали, оған ілесе Фариза-жұлдыз жарқыраған заман еді ол… 
Жалпы, бүгін сол өткен кезеңге ләззатты ностальгиямен көз салар болсақ, алдымен поэзияға әкелген жаңалықтары бір-бірінен асып түсіп жататын шымқай таланттар тобын көрер едік.

Айбергеновтен қапыда айырылып, Мұқағалидың қадіріне онша жетіңкіремей жүрген шақта қазақ поэзиясына тың леп, сол тың лепті алып келер шынайы құбылыстың қажеттілігі сезіле бастаған шақта миллиондаған поэзия жанашырларының назарын ҚазМУ-дің «журфагына» қарай аударған оқиға болды.
Жобасы, тарихи оқиғаның жүзеге асуы да қас-қағым сәттің шаруасы болса керек. Журналистика факультетіне күні кеше ғана түскен, ауылдан келген тұлымы желкілдеген талдырмаш қыздың алғашқы өлеңдері республикалық басылымдарға жарияланып, жұртты елең еткізе бастаған.

Әдеби ортаның көзі екібастан қарақты. Қазақ поэзиясына аса дарынды, жазу мәнерімен қоса ойлау бағыты да ерекше ақынның келгені белгілі болып қалған.
Содан бері де елу жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгінде Күләш Ахметова қазақтың аса мәртебелі ақындары қатарында. Осынау жартығасырлық әдеби жолында апамыз әдебиет тарихына үлкен жаңалық, жанрлық өзгерістер енгізді. Өзінен кейінгі ақындар арасында «Күләш Ахметованың мектебі» деп аталатын дарынды да тәлімді орта қалыптастырды.

Жалпы, Күләш Ахметова поэзиясының негізгі лейтмотиві – сезім. Идеясы – ләззаты Қиямет Мақшарға дейін басылмас көктем мен махаббат, жастықтың мәңгі сарқылмас пәктігі мен қызығы.
Әрине, ол кезде әдебиетте жарық көрген туындыларды мұқият қадағалап отыратын аждаһа цензура болды. Қалам ұстаған ағайынның бәрі нені жазып, нені жазбау керек екенін іштей сезініп, сақтанып жүретін.

Алайда, цензураның тісі батпайтын, батуға Жаратушының алдында қақысы да жоқ, әлімсақтан бері адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан мәңгі өшпес бір тақырып бар еді. Ол – әрине, ұлы махаббат.

Жалпы, шығармашылығы негізінен, Айбергенов айтпақшы, «ғарышқа, космосқа тәуелді» ақындарға қарата айтар болсақ, аталмыш тақырыпқа келгенде олардың алдына шығар ешкім жоғы да белгілі.
Дарынды ақын Күләш Ахметованың алғашқы уыздай пәк өлеңдерінде де осы ұлы махаббаттың әсері мен ықпалы сайрап жатыр.
Бұл турасында ақынның өзі былайша еске алады:

– Алдымыздағы апаларымыз, ағаларымыз жайлап жаза бастады, соңындағы біз де бұрқыратып іліп ала жөнелдік. Ол махаббат басымыздан өтіп жатыр ма, өтпей жатыр ма, ол шын ба, өтірік пе, оның иесі кім, өмірде бар адам ба, жоқ па, еш сараптап жатпастан ақын қыздардың бәрі ал кеп жарыса жаза бастады.

Күләш Ахметова шығармашылығына тән ерекшеліктің бірі – конкретикадан гөрі абстракцияға қарай көбірек икемделуінде. Әрі оны нағыз шынайы сезім иесіне, ақынға ғана тән қасиет деп есептейміз.
Адами түсінікте махаббат – алдымен Жаратушының сыйы. Ал, сол сыйды бағалау немесе бағаламау адамның өз құзырында. Кейбіреулер қателесіп жаңсақ басады, ал енді біреулер Жаратушы мен табиғаттың аяушылығына бөленіп, от басы ошақ қасында бақытты ғұмыр кешеді.

Ол да жеке адамның өз болмысына байланысты, дейді әлеуметтанушылар.
Шынында да оған қандай күмән болсын…
***
Әдебиеттегі, оның ішінде поэзиядағы мәртебе-бедел өз алдына, пәк сезімді көп жырлаған ақынның сол ұлы махаббат сапарында да жолының оңғарылғанына бүкіл қазақ қоғамы куә.
Студент Күләш Ахметованың махаббат пен сезім, көктем туралы ғажайып өлеңдері республикалық газет-журнал беттеріне жарияланып, оқырман қауымды елең еткізе бастаған шақта тағы бір елеулі оқиға өтеді.

Журналистика факультетінің екінші курсында оқып жүрген өрімдей жас екі студент, ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова шаңырақ көтерген.
Соңынан бұл отбасылық одақ туралы сан алуан жағымды да тәлімді мақалалар жарық көрді.

Жалпы, өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды деген тәмсіл бар. Күләш ақын мен Қайырбек ақынның бас қосып, түтін түтетуіне байланысты тұста да осыны айтар едік.
Қайырбек ағамыз да кезінде республикалық белді-белді басылымдарда басшылық қызметтер атқарды. Әдебиетте қауқарлы ақын есебінде танылды.

Соңынан өмір жолын бірге бастап, бірге жалғастырып келе жатқан ақындар жұбы, ақындар отбасының «Гүлқайыр» деген бірлескен жыр жинағының жарық көруі көпті сүйсінткен еді.
Қазақ даласында «гүлқайыр» деген ғажайып гүл өседі. Кейбір өңірлерде осынау сәнімен қоса жұпары да ерекше әдемі гүлді киелі санайтын ырым да бар.

***
Жалпы, ондаған, тіпті жүздеген ізбасар ақын сіңлілерін тәрбиелеп, шығармашылық жолға салған ақын апамыздың қазіргі заманғы қазақ қызы тақырыбына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны ол кісінің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарынан да айқын байқалады.

Ол кісінің пайымынша, қыз балаға алдымен мейірім мен қамқорлық қажет көрінеді.
Бұл қисынға біз де қосыламыз. Себебі, бұл жерде ақын апамыз табиғат пен ағымдағы тіршіліктің нағыз қисынды тұжырымын айтып отыр.
Айтты-айтпады, қыз бала тәрбиесі, оның бойжеткеннен кейінгі тағдыры көбіне тұтастай этностың болашағы есебінде бағамдалады. Яғни, қоғам қыз баласын тәрбиелеу арқылы өзін-өзі тәрбиелеп қалыптастырады деген сөз.

Сондай қамқорлықты дер кезінде көріп, өмірлік серігін айнымай тауып, жақсы жерге барған қыз шынында да бақытты болады.
Ақын апамыздың пікірінше, келінді де жасқамай, өз орнында ұстай білу ләзім екен. Бұл жерде «орны» деген анықтаманың ауқымына тұтастай қазақ этносының этникалық сипаты еніп тұрғанына да күмән жоқ.

Басқаша айтқанда, әркімнің өз «орны», өз қақысы мен құзыры болуы шарт. Ал, сонда бүгінгі қазақ қоғамының ерекше тобының бірі болып отырған келіннің орны қандай болуы керек екен?
Бұл орайда Күләш апамыз:

– Кез келген қазақ келінінің отбасы мен қоғамдағы орнын тең ұстауға толық мүмкіндігі бар. Ондай әйелдің баласы да қоғаммен бірге өсіп, бірге ілгерілейді, – деп тұжырымдайды.
Сондай-ақ, Күләш апай қандай ауыртпалық түссе де отбасындағы берекені айрандай ұйытып ұстап отыруға тиісті тетік – алдымен әйел деп есептейді. Әрі мұндай ұлық міндетті атқару қазіргі қазақ әйелінің қолынан толық келетін де көрінеді.

***
Ерлі-зайыпты ақындардың отбасын құрғанына да жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Қазіргі жастарымыздың арасында қосыла салып ажырасып жатқандар қаншама десеңізші!
Әлбетте, ақындар отбасының осы бір иманды жетістігі бүгінгі қазақ қоғамы үшін үлгі тұтарлық, сауапты іс.

Күләш апаның өзі құдай қосқан қосағы туралы былай дейді:
«Менің «жеңістер мен жеңілістерден тұратын өмірде жаныңда ешкім қалмайды, қалатыны бір адам» деп келетін «Бір адам» дейтін өлеңім бар. Дүниемнің түгел екенін көрсетіп тұрған бір адам жанымдағы серігім – Қайырбек. Қандай қиындық болып жатса да, уайым келіп киліксе де, әлемді екеуміз сақтай алмаспыз, Қазақстанның кемшілігін толтыра алмаспыз, бірақ екеуміз бір-бірімізді сақтауға барынша күш саламыз. Сол себепті өзімнің отбасым мен Қайрекең үшін бүкіл күшімді салдым – махаббатымды, ақылымды, білімімді, жігерімді, бәрі-бәрін салдым осы ұлы құндылық үшін. Әлі де салып келемін. «Абайсызда жұрт ішінде сүрінсем, жүгіретін біреу болса қол созып» дегенде, қол созатын адамым – Қайырбек, Қайырбек үшін қол созатын адам – мен деп ойлаймын. Ал, еркелету үшін күнде бір сөз таба береміз. Таңертең ұйқыдан ояту үшін – бір сөз, шайға шақыру үшін – бір сөз, асыққанда да – бір сөз, ашуланғанда да – бір сөз. Екеуміз де ақын болғасын ба, күн сайын ондай сөздің жүзін тауып аламыз. Аяулы сөзді айтудың еш қиындығы жоқ, өз-өзінен шыға береді».

***
Ақындық – екінің бірінің маңдайына жазыла беретін өнер емес. Өлең жарықтық жүректегі тебіреністен, махаббаттан, толқудан туады.
– Бұрын ойға келген, жүректе маздаған дүниенің бәрін жаза беретінмін. Біз де жас болдық. Өз соқпағымызға түскенше, орыстың мықты ақын қыздарына біз де еліктедік-солықтадық. Әртүрлі өлең жаздық. Өкінемін демеймін, бірақ соңымнан ерген ақын сіңлілерімнің баршасынан кешірім сұрағым келетін кездер болады. Олардың бірқатары маған да еліктеген болар. Сонда менің зияным тигендей қипақтап қалатыным рас. Қазір бір өлеңді жазбас бұрын ұзақ толғаныста боламын. «Осы тақырып маған не береді? Менің ұрпағыма, ұлтыма не береді? Дініме пайдалы ма? Менің азаматтық ұстанымдарыма қайшы емес пе?» деген сұрақтар төңірегінде жақсылап ойланып аламын, – дейді Күләш апа.
***
Кез келген өнер адамының шығармашылық шеберханасы, шабыт шақырар құт-мекені болады. Сондай-ақ, екінің біріне бұйыра бермейтін өнер есебінде жазушылықтың адам психологиясына ерекше әсер етер мистикалық құпияларының көп екені де белгілі.

Өнер адамына, әсіресе ақындар мен суретшілерге байланысты қисындарда «япырмай, осыншалықты ғажайып дарын иесі шығармаларын қандай жағдайда жазады екен?» деген сауалдардың жиі көрініс беретіні және рас.

Оған және ондай сауалдарға лайықтылар бар, сондай-ақ лайықты еместер бар.
Соңғы кезде әдебиеттің Гоголь, Булгаков, Бальзак сияқты әлем мойындаған тарландарының шығармашылық тылсымдарына байланысты небір танымдық дүниелер жарық көріп жүр.
Біреу күндіз жазады, біреу түнде жазады, енді біреу шіріген алманың қабығын иіскеп отырып жазады деген сияқты мистикалық спецификалар түптеп келгенде сол құдіретті қалам иесінің қара басын айтпағанда, бүкіл шығармашылық қауметіне деген танымдық құлықты оятады.

Шынында да әр өнер адамының өзіндік «Менінің» болуы заңды дер едік. Әсіресе Күләш Ахметова сияқты аса қауқарлы қалам иесіне қатысты тұстарда…
Қазақ ақынының о бастағы жазу кабинеті – сайын дала болған. Ал, жазу үстелі – қазақы ердің қасы.

Осындай ұлы номадтық мектептен өткен қазақ поэзиясының соңғы дәуірдегі жарық жұлдыздарының бірі есебінде біз өз кейіпкерімізді сенімді түрде атар едік.
Ал, сөйткен Күләш ақын қалай, қандай тұрғыда жазады? Бап талғай ма, талғамай ма? Енді осы мәселеге тоқтала кетейік.

Бала кезінде ақынның мектептің торкөз дәптерін қалтасына салып алып ағаш арасын, өзен жағасын аралап кететін дағдысы болыпты. Тіпті, шабыт қысқан сәттерде түн түнегін түріп жүріп, қасиетті айдың жарығымен жазған кездері де өткен көрінеді.

Ондайда балауса ақынның көз алдында түнгі алқара аспанның төсімен ай дөңгелеп бара жататын…
Бүгін елге танымал ақын болған шағында бажайлап байқаса, сол айдың жарығымен жазылған ғажайып жырлардың киесі аса үлкен болғанға ұқсайды.
Алайда, ай жарығымен жазғанда бір әріпке бір әріп мінгесіп, сөзжұмбаққа ұқсаған кездер де болыпты.

Кейіпкеріміздің жас кезінде медициналық училище бітіргенін екінің бірі біле бермеуі де мүмкін. Әлбетте, медициналық оқу орнының сабағы ауыр болады. Сондықтан уақыт тапшы. Балауса ақын соны ескеріп, таң сәріден тұрып жазуға да талаптанып көріпті.

Әйтеуір, дарынды ақын қандай жағдайда жазса да бап талғамаған. Ал, соңынан отбасын құрып, балалы-шағалы болған кездегі шығармашылығы тіптен қиындықпен өткен. Перзенттері ұйықтағанша жазуға отыра алмайтын.

Соңынан Мәскеуге барған бір сапарында сонда қызмет істейтін қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықовтың үйінде қонақта болып, ақын ағасының жұмыс кабинетін көреді. Кәкімбек ағасының үлгісімен жеке кабинет иемденбесе де, жеке үстел сатып алып жаңа жағдайда, жаңа реңкте жазуға тырысады.

Дегенмен, шабыт та, дарын да урбанизациялық жетістіктер арқылы келетін артықшылық емес. Оның екеуі де өнер адамының табиғи қабілетіне тәуелді. Қазақ ақынының жұмыс кабинетінің ашық аспан асты болғанын жоғарыда айтып өттік. Тамыры тереңге тартқан құдіретті қазақ поэзиясының түлеп ұшқан бастауы, ұясы да осы сайын дала.

Бүгінде ақын адамға тән барша жетістіктерге, заманауи урбанизация мен өркениеттің барша табыстарына ие болып отырса да қазақ ұлысының ұлттық ақыны Күләш Ахметованың шығармашылық әлемі де, кабинеті де, жазу үстелі де бұрынғыша – өзін түлеп ұшыртқан сайын даланың алқаракөк аспанының асты.

Ал, сол аспан төрінде бұрынғысынша АЙ ДӨҢГЕЛЕП БАРАДЫ!..
Сол алқаракөк аспан астында қазақтың аса дарынды ақын қызы өзінің ғасырда бір қайталанатын ғажайып дарынымен аруақты жырларын жазып отыр…

Ақтолқын КҮЛЕКЕЕВА, ақын,
Абай атындағы №26 орта мектебі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Тараз қаласы