«Білім-инновация» қорының құрылғанына – 30 жыл

Білім саласындағы ең үздік жоба
Биыл еліміздегі білім саласындағы үздік жоба саналатын «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Мерейтойға орай қор басшылығы журналистер мен блогерлерге арнап пресс-тур ұйымдастырды.


Қор еліміздегі білім беру саласында сапалы білім мен саналы тәрбие үрдісін қалыптастыра отырып, құндылықтарға негізделген дәстүрлі әрі халықаралық озық тәжірибелерге сүйеніп, жаһандық дәуірдегі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруды мақсат тұтады. Сондай-ақ тиімді басқару тәсілі арқылы ел аумағында 32 «Білім-инновация» лицей-интернатын, 1 колледж, Spectrum халықаралық балабақшасын, 8 жекеменшік мектеп пен SDU университетінің негізін қалады.
Қор басшысы Дархан Өтенің айтуынша, білім-инновациялық лицейлері ауылдық жерде тұратын балаларға оқуға мүмкіндік беріп отыр. Қазір лицейде оқитын оқушылардың шамамен 30 пайызы ауыл балалары. – Бұл лицейлер негізінен 7-11 сыныптар арасын қамтиды. 7-сыныпта біз бүкіл Қазақстан бойынша емтихан өткіземіз. Бұл емтиханның ерекшелігі балалардың зеректігін, интеллектуалды қабілетін, сауатты ойлай білу қабілеттерін тексереді. Бүкіл Қазақстанда – қала орталықтарында және ерекшелігі ауылды жердегі балаларға мүмкіндік беру үшін әрбір ауданға барып, емтихан өткіземіз. Осылайша емтиханға жыл сайын 30 мыңнан астам оқушы қатысады. Олардың ішінен тек 1800 оқушыны қабылдап аламыз. Ауыл мен қаланың алшақтығын жою мақсатында ауылдағы балаларға квота бөлеміз. Негізінен 10 пайыз ауыл балаларына және 15 пайыз осал топ иелеріне квота беріледі. Лицейде білім алып жатқандардың 30 пайызға жуығы ауыл балалары, – деді Дархан Өте.


Лицей – негізінен оқыту тілі қазақ тіліндегі мамандандырылған білім беру ұйымы болғанымен, жаратылыстану-математикалық цикл бағытындағы пәндер толық ағылшын тілінде өткізіледі. Сонымен қатар білім алушылар лицейді бітірген соң, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін де меңгеріп шығады. 30 жыл ішінде лицейдің озат оқушылары халықаралық деңгейде 4 558 медаль, республикалық деңгейде 5 142 медаль, жалпы саны 27 593 медаль жеңіп алған, ал өңірлердегі оқу орны бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген лицейдің адами капиталдың дамуына қосқан үлесі орасан зор.
Ал NurOrda мектеп-лицейінің директоры Селман Шимшек журналистер мен блогерлерге оқу орнының ішін таныстырып, білім ордасының ерекшелігін айтып берді. – NurOrda мектеп-лицейі 2007 жылы ашылды. Бұл – қордың алғашқы жекеменшік мектебі. Қазір жекеменшік мектептер арасында ең танымалы десек те болады. Бізде жылына шамамен 700-800 оқушы емтихан тапсырады. Қазақ тілі, ағылшын тілі және математика тереңдетіліп оқытылады. Мектебімізде қазақ тіліне 75 пайыз басымдық берілген. Жалпы әлем бойынша жоғары стандарттарға сай келетін 700 мектеп бар. Қазақстанда 10-ға жуық мектеп сол стандартқа сай келеді. Оған ену үшін қойылатын талаптар өте жоғары. Біз соның 90 пайызын орындадық. Енді қорытындысын күтіп отырмыз, – дейді мектеп директоры Селман Шимшек. Қорға енетін келесі білім ордасы – Spectrum халықаралық мектебі. Мектеп директоры Ерхан Абдулдаевтың айтуынша, Spectrum халықаралық мектебі жергілікті және шетелдік азаматтар үшін жоғары білім беру стандартын ұсынады. Мұнда шамамен 28 ұлттың баласы оқиды. 14 елден мамандар келіп жұмыс істейді. 45 пайызы шетелдік мамандар. – Біздің мектептің айырмашылығы мемлекеттік мектептерде оқу маусымы 34 апта болса, бізде 37 апта. Демалыстар мен оқу кезеңі мемлекеттік мектептермен сәйкес келмеуі мүмкін. Біз сабағымызды тамыз айынан бастаймыз, – деді мектеп директоры Ерхан Абдулдаев.

Баспасөзге арналған турдың соңында дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» ғимараты таныстырылды. Мектеп директоры Руслан Сихымбековтың айтуынша, 30 жылда «Білім-инновация» лицей-интернатын 1832 түлек бітірген. Лицей түлектері 30 жылға жуық уақыт аралығында халықаралық білім сайыстарында еліміздің көк Туын желбіретіп, қазақстандық білім мәртебесін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Оның жарқын дәлелі – лицейдің 2003 жылдан бастап осы күнге дейін үздіксіз «Ең үздік олимпиадалық мектеп» марапатына ие болуы. Бұл марапатқа жетуде «БИЛ-дағы» «Әлем педагогы» атағының иегері, Гиннестің рекордтар кітабына енген, білім саласындағы көптеген мемлекеттік награда иесі, республикаға танымал математик Муаммер Гульдің орны ерекше. Лицейде Муаммер Гуль сынды ұстаздар өте көп. Ұстаздарға барлық жағдай жасалғандықтан және басқару менеджменті тиімді жолға қойылғандықтан болар, мұндағы мұғалімдер таңнан кешке дейін алаңсыз жұмыс істейді. БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Муаммер Гуль «олимпиаданың» философиялық ұғымына талдау жасап берді. – «Олимпиада дегеніміз не? Көпшілігіңіз оны жарыс, бәйге деп айтуыңыз мүмкін. Меніңше, олай емес. Ол – өмір һәм терең ой. Ал терең ойлау үшін адамға не керек? Қызығушылық керек. Ал қызығушылық үшін не керек? Әрине, махаббат керек. Бала өзі істейтін дүниені жақсы көруі керек. Сонда ғана нәтиже болады. Ал мен сол балалардың математикаға деген махаббатын оятуға тырысамын. Адам ақылды болуы керек. Ақылды адам ғана өмірдің кез келген сәтінен, жасаған дүниесінен максималды деңгейде ләззат алады, ләззат ала отырып, өмірді сүйеді, – деді математик Муаммер Гуль.


Талапты мұғалім Муаммер Гульдің шәкірттерінің қызығушылығы мен қабілетін ашудағы шеберлігінің сыры өмірді қарапайым мектептегі мұғалімдердей емес, өзгеше түсінетіндігінде секілді. Өйткені шәкірттерді терең ойлауға баулу арқылы өмірге деген құлшынысын оятып, оны сүйе білуге және сүре білуге үйретудің жөні бөлек. Сонымен қатар БИЛ-дың тәрбие саласында да жеткен жетістігі көп. Себебі мұнда көптеген ізгі идеяларды жүзеге асыратын игі іс-шаралар өтіп тұрады. Дәлірек айтсақ, адами құндылықтарға негізделген білім берудің арқасында қарттарға, арнайы білім беру ұйымдары балаларына, ардагерлерге оқушылардың қатысуымен көмек беріледі.

Астанадағы БИЛ директоры Руслан Сихымбековтың айтуынша, лицей мемлекеттік мекеме болғандықтан, қаржы көзі аз. Сондықтан түлектер өз тарапынан қолдау білдіріп, оқу орнына үнемі қаржылай көмек көрсетіп отырады екен.
Шәкірттерінің білім шырағын жаға білу мен оқуға деген терең құлшынысын қанаттандырудың нәтижесі болса керек, БИЛ түлектері әлемнің «ТОП-10», «ТОП-100» қатарындағы алдыңғы қатарлы ЖОО-да оқиды. Атап айқанда, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Канада, Сингапур, Гонконг, Малайзия, Түркия және Еуропа елдерінде білім алады. Cоның ішінде Ұлыбританиядағы Оксфорд пен Кембридж университетінде, Оңтүстік Кореядағы ЮНИСТ техникалық университетінде, АҚШ-тағы Солтүстік Америка мен Массачусетс технологиялық университетінде де білім алады.
ТІЛЕКГҮЛ ЕСДӘУЛЕТ