Білім белесі – биіктерге бастар жол.

Қазіргі таңда білім беру саласы – қоғамның тұрақты дамуы мен ел болашағын айқындайтын стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Заманауи білімнің басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, адалдықты ардақтайтын, жауапкершілігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру.
Білім – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыратын, мемлекеттің кемел келешегіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тағылымды сөзі бүгінгі күннің де өзекті ұстанымдарының бірі.
Өткен оқу жылында Тараз қаласының білім беру жүйесінде бірқатар оң өзгерістер мен маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Білім сапасын арттыру, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында атқарылған жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Бүгінгі күні  Тараз қаласында 298 білім беру мекемесі жұмыс жасауда, оның 142-сі мемлекеттік, 156-сы жекеменшік мекемелер мен ұйымдар.
Қаланың білім саласындағы басты көрсеткіштердің бірі – оқушылардың халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларында көрсетіп жүрген жетістіктері. Жыл басынан бері қала оқушылары халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда 21 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 9 оқушы — алтын, 6 оқушы – күміс, 6 оқушы- қола медаль иегері атанды.
Ал республикалық деңгейдегі жарыстарда 74  оқушы жүлделі орынға  ие болып, жоғары нәтиже көрсетті. Оның ішінде 24 оқушы – алтын, 28 оқушы – күміс, 22 оқушы – қола медаль иегері атанды. Бүгінгі күнге қала оқушыларының халықаралық және республикалық деңгейдегі жүлдегерлердің саны 95-ті құрап, Жамбыл облысы құрама командасының І орын алуына өз үлестерін қосты. Жүлдегерлер саны өткен оқу жылымен салыстырғанда 16-ға артты. Бұл – шәкірттеріміздің ғана емес, оларды дайындаған ұстаздардың да еңбегінің жемісі
Қаламыздағы екі мектеп республикалық «Ең үздік олимпиадалық 100 мектеп» қатарына еніп, өңір мерейін үстем етті. Бұл жетістік – жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың жоғары деңгейдегі білім сапасы мен жүйелі дайындықтарының айқын көрсеткіші. Олимпиадалық білім бәсекесінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы үздіктер қатарынан табылды. Бұл табыстар – педагогтердің кәсіби шеберлігі мен оқушылардың білімге деген ынтасының нәтижесі.
Жас дарындарға берілген мүмкіндіктер олардың білім жолындағы жаңа белестерге қадам басуына жол ашуда. «INFOMATRIX-ASIA 2026» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болған №41 гимназия оқушыларына Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті тарапынан үш білім гранты берілді. Ал ғылыми жобалар байқауында алтын медаль иеленген №49 мектеп-гимназиясының оқушысы Бақытжан Сырым Алматы қаласындағы СДУ университетінің 100 пайыздық оқу грантына ие болды. Мұндай нәтижелер оқушылардың білімдегі жетістігінің нақты мүмкіндіктерге ұласатынын көрсетеді.
Ұстаз жетістігі – білім сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Оқушы жетістігінің артында әрдайым ізденімпаз, білікті әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаздың еңбегі тұрады. Сондықтан қала педагогтерінің кәсіби жетістіктері де білім саласының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып отыр.
Оқу жылында Тараз қаласының педагогтері халықаралық және республикалық кәсіби байқауларда 40 жүлделі орынға ие болып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19-ға артты. Бұл – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жаңашылдыққа ұмтылысының айқын көрінісі.
Педагогтердің кәсіби жетістіктерінің қатарында республикалық «Үздік педагог–2025» конкурсының жеңімпазы атанған №45 гимназияның тарих пәні мұғалімі Лаубай Тоғжанның жетістігін ерекше атап өткен жөн.
Сондай-ақ, педагогтер республикалық «Олимп шыңы», «Алтын тұғыр»  олимпиадалары, «Педагогикалық идеялар» фестивалі, «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Үздік авторлық бағдарлама», «Математикалық регата», «Үздік жыл психологі» конкурстарында жүлделі орындарға ие болды.
Бұл нәтижелер қала ұстаздарының өз пәндерін жетік меңгерумен қатар, заманауи білім беру талаптарына сай жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, тәжірибесін жетілдіруге ұмтылатынын аңғартады. Педагогтердің кәсіби дамуы – оқушының сапалы білім алуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор.
Білім мекемелері қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатында өткізілген облыстық рейтинг нәтижесі бойынша «Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» номинациясымен №45 бөбекжай-бақшасы, «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинациясымен №8  бөбекжай-бақша марапатталса, облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының иеленуі де   қуантарлық жағдай.
Болашаққа бастар жол – білімнен, өркениетке бастар қадам – тәрбиеден, ал қуатты Қазақстанның іргесі – сапалы білім мен саналы ұрпақтан қаланады. Білімдегі әрбір жеңіс – ұстаз еңбегінің, оқушы талпынысының және ата-ана қолдауының ортақ нәтижесі.
Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы А.Алтынбаева