БИЛІГІ ТҮЗУ ЕЛДІҢ БЕСІГІДЕ ТҮЗУ БОЛМАҚ..!

Жаңаөзендегі жағдай — еліміздегі қарапайым халықтың басындағы ахуал.
Халық аспандағы айды әпер деп отырған жоқ, халықтың жағдайына қарайлас, күнкөріс қиындады, әрі қарай қалай болады,-деп ұлт болашағына, ұрпағына алаңдап отыр.

Билік осы жолы халықты ашындырмай, дұрыс әрекет жасайды деген үміттемін.

Халықтың жағдайы өте қиын. Тіпті қарапайым халық азық-түлікке табысының 50 пайызын жұмсайды екен.
Бұл дегеніңіз кедейшіліктің шыңырау шегі!

Яғни, қарапайым адам тапқанын тамаққа жұмсап, қалғанын кредитін жабады. Келесі жалақасына қарызданып қамданып жетеді.
Тіпті азық-түлік дүкендерінен ред кредитпен тамағын қарызға алатындар көп. Қала берді банктердің кредит бұғауы тағы бар.

Азық-түлік, көкөніс, ет, дәрі-дәрмек-халыққа күнделікті қажеттінің барлығының бағасы аспандап тұр. Дәріханаға кірсең, қалт-құлт етіп, дәрі бағасын сұрап, “онда арзанын берші”,- тұрғандарды көресің де, жүрегің ауырады.

Ал жалақы, зейнетақы сол күйі, өспейді, халықтың күнкөрісіне жетпейді.
Тіпті жағдайы нашар деген елдерге гуманитарлық көмек жіберіп жатқанына қарап, өз еліміздің ауыл-аймағын қараңызшы, Африкадағы жағдайдағыдай гуманитарлық көмек сол халқыңа да керек дегің келеді екен.

Ауылдық жердің халқының жалақысы айына 6 мың, 9 мың, 15 мың дегенді естігендеріңіз бар ма?
Күні кеше ауылға барып келдік.
Жердің бәрі байдыкі. Ауылдағылар малына жем-шөбін әзер тауып отыр.
Ата-бабасынан мұра болып қалған жерінде тұрып жатқан қазақ бүгінде сол жерінде бір байшікештің құлы болып жүр?!
Солардың егінін егіп, егістігін жиған кезде ғана жұмыс болады, оның өзінде тиын-тебен төлейді екен. Не деген сұмдық?! Өз елінде жүріп құлдың күйін кешіп жүр…

Ауылдағы зейнеткерлерге тіпті кеңес кезінде шөп-жеміне жеңілдік болатын. Бүгінде ол жоқ, алайын десе, зейнетақысы тиын-тебен. 40 жыл мал соңында салпақтап, ауыр жұмыс істеген қарапайым ауыл адамдарының зейнетақысы 70 мың.
Шөп қымбат, жем қымбат. Тіпті сол жерге маңдай тері сіңген, бүгінде ешкімге қажеті жоқ ауыл адамдарының бүгінгі жағдайына қарап ішің ашиды.
Ертеңге деген үміті үзілген, болашаққа деген сенімі жоқ, ауыл тұрғындарына қарап, не деріңді білмейді екенсің…

Жолда қанша ауылға қарасаң, Тәуелсіздік алғалы 30 жылда 30 жаңа нәрсе түгілі, 1 жаңалық жоқ, қираған, күйреген, асфальт түгілі жол жоқ. Қыс болса, қар басып тундраға айналады. Ауырса-сырқаса, ауылдан шыға алмайды.
Телидидардан көрсететін “жылтыраған, әдемі ел қайда, осы?!”,-дейсің сосын…

Кейбір ауылдарға “соғыстан кейінгі жағдай туралы” кино түсіруге болады. Құлаған, қираған үйлер, ғимараттар.
“Жері қандай, табиғаты мен халқы қандай” қазағымның жері небір жаны ашымас байшікештердің қолында кетіп, олар қалтасының қамы үшін жұмыс істеп, басқасына бас ауыртпайды.
Жерін сорып, байлығын жиып, халықтың жай-күйіне қарайламайды да…

Жастарға жұмыс жоқ болған соң, қалаға кетеді. Оларды да бұл жерде күтіп тұрған “май шелпек” жоқ.
Пәтерақы, қымбатшылық, кредит, “шықпа жаным, шықпа” өмір.
Әр жылдан үміт күтіп, “міне, жақсы болады, міне, түзеледі”,-деп күтіп келе жатқанына 30 жыл. Бірақ түзелер түрі жоқ, жылдан -жылға жағдай қиындап, өмір сүру деңгейі төмендеп барады.
Алла сақтасын, анау бала кезімізде оқыған Бейімбет Майлиннің “Күлпәшінің” жағдайы бейбіт заманда қайталанбайды деп ойлаушы едім.
Бірақ хабарласып көмек сұрайтын жағдайы жоқ, қанша адамдарға қарап, шықпа жаным, шықпамен жүрген қанша ыңыршағы айналған кедейлер бар екенін көресің.

90-жылдары тәуелсіздіктен кейінгі жағдай қиын болды, шыда, халқым, шыда,- дедік.
Қара баланың қамы үшін қатын-қалаш білек сыбанып қара базарға шықты, елді қиыншылықтан аман алып қалды.

Сол қара базардың ыстығы мен суығына шыдаған аналарымыз бүгінде буын-буыны сырқырап, жасына жетпей аурудан көз ашпаса да, оларға 60 жасқа дейін “жұмыс істеңдер” дейді мемлекеті.
Бәрі шарықтатқан үкіметі, тіпті зейнет жасының өзін “шарықтатып” жіберген.
60 жақындап, бет-аузы күнге қарыққан, буындары қақсап, итіңдеп әзер жүрген аналарымыз көше сыпырып, еден жуып, қар тазалап, қоқыс жинап әзер жүрсе, ал жоғарыдағылар “ерен еңбек” етіп медаль-орден алып қарық боп жүр.
Бір кем дүние…

Елді қиындықтан алып шыққан аналарымызға көрсеткен “құрметіміз”, жасаған “тағзымымыз” осы ма?!
“Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді”, демекші, біздің қарттарға деген осындай “құрметімізден” өнеге алып жатқан жастар, өскелең ұрпақ, ертең бізге қандай құрмет көрсетпек?!

2000 жылдардың ортасындағы дағдарыста да көнбіс халқым “бас аман болса, басқасы болады”,- деп шыдады.
Әлі де шыдап келеді. Шыдамдылық пен төзімділік, сабырлылық халқымның басты қасиеті.
Бірақ мұны асыра пайдалануға болмайды ғой.
Өйт, бүйт дейтін ақыл айтқыштар, сол халықтың кебін өздері киіп көрсін, алдымен.
Бәрі керемет дегендер сол “кереметті” көру үшін жыртық шапан киіп, халық арасын араласын.

Баратын жерлеріне алдын ала айтпай, барсын.
Әйтпесе, бізде шенділер келеді десе, “бәрін бояп, сырлап, бір күндік тамырсыз ағаш отырғызып, гүл егіп, бір сыдырғы асфальт төсеп, халыққа бәрі жақсы, тамаша деп айтыңдар деп” қояды емес пе?!
Өтірік мақтау, дықпыртты жақсы көрушілер, көсемсушілер халықтың нағыз жай-күйін, жан айғайын президентке жеткізсін.

Қанша дағдарыс болса, неге қара халық ғана шыдап, төзуі керек?
Неге жоғарыдағылар қиналмайды, неге олардың жағдайы қалай болды, солай бола береді?

Неге жемқорлық пен қолдан жасаған қымбатшылықтан халық ғана зардап шегеді, неге халық қиналған сайын қинала түседі?

Тіпті қара халықтың басына бір жағдай түссе де, биліктен қайыр болмаған соң, қиындықтан алып шығатын халықтың өзі.
Өз жыртығын өзі жамап, жылулатып, асарлатып, көмек беріп, қолдау жасап, қиналғанын көтеріп алып шығады.
Тіпті күні кеше індеттің өзінде дәрі-дәрмек таппай қиналғандарға да қол ұшын созған сол халық.

Сенер қойым, сен болсаң,-деп қойып, ол жаққа қарайламай-ақ, үйі жоқ, үй алып береді, күйі жоқтың, күйін түзеп береді.
Сонда билік не үшін керек деп қоясың…

“Все хорошо, о, прекрасная маркиза, все хорошо, и хорошо!”,-деуді қойып, халыққа қарап,нақты жай-күйін ұғатын кез жетті.
Шыдамның да шегі бар, ойланатын кез туды!

Бүгінде халық билікке сенбейді. Өйткені сенер билігі не болса да, халқын кінәлап, халқын жүндей түтіп шыға келеді.
Сол билік “мемлекет деген халық” дегенді ұмытып кететін сияқты.

Халықтың билікке сенбеуі, екеуінің арасында бірліктің, ынтымақтың болмауы өте қауіпті құбылыс.
Алла сақтасын, елге сырттан қауіп төнсе, не болмақ?!

Ең алдымен, халқының қамын жеп, халқы үшін қызмет етпесе, ертеңгі жағдай қиын болады.
Өндіретін өндіріс жоқ, жайлаған жұмыссыздық түбі жақсылыққа апармайды.
Тіпті киетін іш киім де шығармайтын, бәрін сатып алып, өзгеУ елдің экономикасын “өркендетіп”, өз елімізде “өтірік” өндіріс ашып, оны жарнамалап, мақтап-мадақтап көрсететін елдің болашағына өскелең ұрпақты қалай сендіреміз?!
Қанша ақылды жастарымыз, көрші елдерге, шетел асып кетіп жатыр.
Оларды қалай ұстап қаламыз?
Кеше ғана балам айтады: анашым, мықты прогроммист жігіттерді Ресей әкетті. Мықты жұмыс, жағдай ұсыныпты дейді.
Өз елінде бағаланбайтындар, өзге елдің төрінен орын алып жататые, неткен ел едік деп қынжыласың.
Әке-көкесіз жұмысқа кіре алмайтын, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлап бара жатқан елде, ел болашағына сене алатын, паириот жастарды қалай тәрбиелей аламыз?

Бай мен кедейдің арасы алшақтап кеткелі қай заман. Оған да көнді халқым. Байлар шылқыған сай шылқып, кедейлер сорлаған сайын, сорлап барады.

Жаңаөзендегі қазіргі оқиға бұл -ұшқын.

Ұшқын түбі -өрт.
Өрт қызғанда су тапқызбайды,-дейді халық даналығы.
Ұшқынды қалың өртке айналдырып алмай, халықпен ашық диалогқа келіп, жай-күйін түсінетін кез келді.
Бұл мүмкіндікті жіберіп алып, ертең өкініп қалмаңыздар.
Халық -Алланың бір есімі. Халықпен ойнауға болмайды.
Халық-терең: батырады.
Халық-дауыл: жапырады.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын. Сол заманға әкелер ынсапты, саналы билік болсын!
Жаратқаным, Қазақ еліне жар болшы!
Жаңаөзен жұрты үшін уайымдап, жанымыз шүберекке түюлі!

Билігі түзу елдің, түтіні де түзу шығып, бесігі де түзу болмақ!
Ойланайық.
Айтарым осы!

ТҰРАР САТТАРҚЫЗНЫҢ ФЕЙСБУК ПАРАҚШАСЫНАН