Бибігүл Жексенбай: Халық 5 маусым күні өз таңдауын жасауы қажет

«Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай халықты 5 маусым күнгі референдумға белсене атсалысуға шақырды, деп хабарлайды Elorda.info.

Бибігүл Жексенбай: Халық 5 маусым күні өз таңдауын жасауы қажет

Фото: ашық дереккөз

Қазір Қазақстан ішкі де, сыртқы да саяси үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси дәстүр бастамасын көтерді. Яғни ел келешегіне, тағдырына қатысты өзгерістер тек халықтың тікелей қатысуымен шешілетіндігі болып отыр. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге референдумның жариялануы халықтың үнін есту, ықтиярына назар аудару, келешекке қадамды бұқарамен бірлесе жасауға ниет. Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам қалыптастыруда қоғамдық бірлестіктер мемлекеттің маңызды бөлігі болып табылады. Өркениетті ел деп өзіміз тамсанатын Еуропаның дамыған елдерінде билік пен халық, мемлекет пен  жеке тұлғалар арасындағы ықпалды дәнекер де осы қоғамдық ұйымдар екені белгілі, – деп жазды Б. Жексенбай өзінің Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, еліміздегі азаматтық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың барлығы бірдей адамдардың шынайы мүдделерін қорғауға бағытталған деуге келмейді.

Біздің елімізде мыңдаған азаматтық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар бар. Бірақ олардың барлығы бірдей адамдардың шынайы мүдделерін қорғауға бағытталған деп айта алмаймыз. Осы ұйымдардың кейбірі үшін ықпалды шетелдік қорлардан қаржы алу бірінші кезектегі мақсат болса, тағы біріне   күмәнді топтық, қаржылық мүдделерге қызмет ету де мұрат болғаны рас. Енді еліміз демократиялық, жаңа реформаларды жүзеге асыруға қадам басып жатқан тұста қоғам белсенділерінің, түрлі халықтық мүддені жалаулататын бірлестіктердің түп мақсаты байқалатыны да ақиқат, – деді журналист.

Б. Жексенбай 5 маусым күнгі референдумға халықтың белсене қатысуы аса маңызды екенін атап өтті.

Қазір еліміздің әр аймағында саяси реформалар басы болған Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумды бұқараға түсіндіру жөніндегі арнайы қоғамдық штабтар құрылып жатыр. Жаңа саяси дәстүрге үн қосып, референдум мақсат-міндетін халыққа түсіндіру бойынша  елордада қоғамдық ұйымдардан құрылған арнайы штабқа Бас редакторлар клубы да қосылды. Биыл 15 жылдығын атап өтетін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің әр аймақтағы мүшелерін де бұл бастамаға белсене араласуға шақырамыз. Әр аудандық, облыстық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілері мен Бас редакторлары халыққа 5 маусым күні өз таңдауларын жасау қажеттілігін түсіндіруге атсалысады деп ойлаймын, – деп жазды журналист.