Бесікті мұражайға өткізуге бола ма?!

Бұрынғы Көкшетау облысы, Қызыл Ту ауданының тумасы Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, ардагер ұстаз Малғаждар Омаров ағамыз өзі жатқан көне бесігін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына сыйлады. Ағамыз мұражайға бесікпен қоса  спорт,  еңбек жолында алған біраз марапаттарын да тапсырды. Мұражай залында үстел үстінде, жабдығымен жасақталған,  кішкентай көне бесік тұр. Бесіктің айналасында   екі үш адам.  Мәселенің мәнісі — сол бесікті мұражайға тапсыру салтанаты болып жатыр екен. Бесікті мұражайға тапсырушы Малғаждар Омаров деген ағамыз. Ағамыздың айтуынша бесік 1937 жылы  Омар Бейсенбаевтың үлкен қызы  туғанда  арнайы жасалыпты . Бұл бесікте Омардың  үш қыз, екі ұлы және  немерелері бөленіпті.  Малғаждар ағаның үш апайы,  соғыстан кейін төртінші болып осы бесікте өзі  маужыраған екен. Бұдан соң бесікте Малғаждар ағаның балалары, немерелері бөленіп келген…

Бесік жайлы аз мағұлмат беруді сұраған бізге:

— Бұл бесікті анам құтты бесік деп, өте қадірлейтін. Себебі қазақ салты бойынша үйдің тұлғасы ер бала болуы керек. Әкем Омар, анам Зұбай Нүрғалиқызымен отау құрғанан кейін үш  қыз дүниеге келеді. Ұл тумайды.  Абысын ажын, күндеп, пыш-пыштайды. Әкем соғысқа кетеді. Одан, әйтеуір, аман елге оралады.  Содан 1949 жылы мен  туыппын. Содан, анам осы бесікке бөлейді. Менен кейін, бесікті ешкімге, тіпті қыздарының баласына  бермей, тек ұлдарының балаларын ғана бөлетеді. Әкемнің аман келгені, менің кием  деп ұғады.  Сонымен қатар, абысындарының сөзінен құтқарған мені, анам өте әлпештейді. Бірақ, маған анамның қолында өсу бұйырмапты. Әкем, ауыл төрағасы  болып тұрғандықтан келімді-кетімді кісілер көп болады. Көбіне жоғарыдан келетін өкілдер. Ол кезде қонақ үй қайда. Өкіл келді, колхоз, ауыл төрағаларының үйінде жатады. Сондай бір кезде, жылап-уанбаған  мені өзінің ағасы Ільястың  үйіне апарып тастайды. Сол күйі, ағасы Ільястың  үйінде қалып қойыппын. Өз баласы болмаған Ільяс атам мені бауырына салады. Жасымда  әлжуаздау болсам керек.  Омардың баласы екенімді оныншы сынып бітіріп, куәлік алғанда ғана білдім… Жасымда әлжуаз болсам да, есейіп,  қатайып самбодан КСРО, қазақ күресінен ҚазССР–ның спорт шебері және осы аталған екі күрестен бір неше рет ел чемпионы болдым,– дейді Малғаждар аға.  Малғаждар Омарұлы Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, ҚазССР- не еңбек сіңірген жаттықтырушысы.  Зайыбы – Мәруаш Қажымқызы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Университетте жастарға тәлім берген ардагер ұстаз.

Малғаждар ағамыз әкесі Омар жайлыда біраз мағұлматтар келтірді. Бесікті де мұражайға тапсырудың сыры осында болса  керек.  Оны қысқаша түйіндеп отырмыз. Малғаждардың әкесі Омар Бейсенбаев төрт класс бітірген. Ол кезбен айтқанда  біршама сауатты адам ретінде «Социализм» колхозының төрағасы, ауылдық кеңестің хатшысы қызметінде жүріп, соғысқа аттанған.  Ол Ақмолада жасақталған Қазақтың 106 ұлтық гвардиясы қатарында соғысыпты. Омар атамыз сұрапыл соғыста, құрсауын снарьяд теспейтін, немістің әбжіл танксімен, бір сәтте отыз оқ борататын автоматпен қаруланған, дайындығы сай неміске жалаң қылышпен қарсы шапқан,  қазақтың көзсіз батырларының  бірі екен. Тарихтан білгеніміздей, он адамға бір винтовка, асыра айтсақ, қылышсыз, қамшымен танкке қарсы  шығады.  Харьков  қазанында, қазақтар қынадай қырылса да, жүрегі жаудан қайтпаған, отанынының адал жауынгері болыпты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демей ме қазақ. Сол, қанды қасаптан Омар атамыз аман қалып, елге оралыпты.  Елге қайдан тура келсін. Диірменмен алысқан Донки Хоттың кебін киген, қазақтар, танкіге  жалаң қылышпен  қарсы шығып, жеңіске жетеміз дегені, ауызға сыйса да, ақылға сыймайтыны ақиқат.  Кеңестік қолбасшылардың жетесіздігі отты қарудың жоқтығынан  болып, немістің қанды қасабынан аман қалғандары  қоршауға түсіп, оның арты тұтқындыққа ұласады.  Негізі тұтқынға түспес бұрын, гвардияның жарымынан көбі соғысқа қатыспай тосқауылда тұрған жерінде бомбадан, снарьяд оғынан қырылса керек. Оның дәлелі, Малғаждардың әкесі Омар атамыз сондай сұрапыл снарьяд оғының астынан аман қалғаны жайлы, үнемі айтады екен. Омар ақсақалды екі рет мініп жүрген аты аман алып қалса керек. Бірде, орман арасындағы кең алаңқайда алқа қотан қалың әскер, жиналып отырады. Сол кезде кенет байлауда тұрған Омар атаның атымен, тағы бір әскердің аты үркіп, тұра қашады. Омар ата, досы екеуі жандәрмен атын қуып береді. Атты қуып, ұзай бере, біршеше рет ысқырған снарьядтың дауысы естіліп, манағы әскер жиналған жер, шаңы бұрқырап, алай-дүлей болады. Атын жетектеп, досы екеуі келсе, снарьяд оқтарынан, манағы жиналған әскерлердің күл паршасы шыққан, тірі жан қалмағанын көреді.  Иә, аты үркіп қашпағанда Омар атамыздың да татар дәмі үзілмек екен.

              Содан, қоршауға  одан 1942 жылы 27 мамырды  тұтқынға түсіп, 1944 жылы 12 наурызда қашып шығады. Жеті күннен соң өз әскерлеріне келгенімен, тоталитарлық жүйе жай қойсын ба, соттайды.  Күйеуінің түрмеге түскенін естіген, зайыбы Зұбай Нұрғалиқызы, ауыл шаруашылығына маман қажет деп, қол жинап, өжеттігінің арқасында, күйеуін босаттырып алады.  Ағамыз неге Малғаждар атанғаны жайлыда айтып өтті. Әскерге Қызыл ту ауданынан Малғаждар деген досымен бірге аттанып, майданда сол досы қаза табады. Досы өнерлі, ақын, жаны жайсаң азамт болса керек. Содан елге аман оралған соң, досының аты өшпесін деп, баласын Малғаждар атайды.  Әкемнің осы Малғаждар досының құрметіне өмірде екі Малғаждар жүрміз дейді, ағамыз. Бірі мен, екіншісі, Малғаждардан қалған тұяқ Саттардың ұлы  Малғаждар. Бұл атаның құрметіне, немереге қойылған есім. Ол қазір Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің қызметін атқарып жүрген Малғаждар Саттарұлы Тәтікеев,-деп сөзін аяқтады ағамыз. Бесіктің мұражайдан орын алу дұрыс па? Қазақи құндылықтар жойылып барады. Заман өркендеп барады. Батысқа еліктеу, бастағы бақтың, мезгілсіз батуына соқтыратындай. Көктен түсіп, тәжірибе көрмеген кеңестік жүйенің сарқыншағы,   әсіре дамып, ұлттық құндылықтары өзінен-өзі жойылған батысқа еліктеу, қазақтың да, көнеден жеткен аз-маз құндылықтарының жойылуына  ауыз салғаны.  Міне, соның айғағы бесік мұражайға өтіп жатыр. Ағаны да түсінуге болады, өзі жатқан бесігін аяқ асты қалмасын, үйде керегі болмаса да, музейде болсын, анда-санда көріп жүрейін дегені шығар. Жоғарыда айтқандай бесіктің де мұражайға өтуіне, сыр, себеп бары көрініп тұр. Бұл бесіктің жайы өзгеше дейік. Басқа, жәй ғана бесіктің тағдыры не болмақ.Түсінуге тырыстық.  Бірақ, сана сан, ой ойран…

Иә, бесік қазақтың аса құнды киелі заты. Киіз туырлықты қазақтың төрінен орын алған аса құнды жиһаздардың бірі. Соның ішінде асыра айтсақ, бірегейі. Бесікте қазақтың талай нар қасқаларымен, марқасқалары жатты, тербелді, әспеттелді, ер жетті, еліне қорған, дана, данышпан, көсем  болды. Сол, жақсы қасиеттердің бәрі атаның тегі, ананың  сүті, бесіктің  киесімен қалыптасты. Бала ананың құрсағынан шыға бесікке бөленді. Бесікке  нәрестенің мұрын жарған хош иісі, ананың сүті мен терінің исі сіңді.  Сәби сол сүтпен бірге, ананың терімен, исінен нәр алып, исіне құнығып өсті. Анасының исі сіңген бала, анасын өмір бақи ұмытпайды. Сәби кезде сіңген ананың исі, ержетсең де, алыста жүрсеңде, мұрныңнан кетсе де, жүрегіңнен кетпейді.  Сол бесікте, ананың алақанының табы түсіп, мейрімі сіңген.

…Бесік жайлы айтсақ, көп толғанамыз. Қәзір бесікке бала бөлеу,  сиреп кетті. Бесікке бөлеген бала, өспей, құрысып, тырысп қалады десіп, жүр.  Жөн сөз бе, жел сөз бе, кім білсін. Қәзіргі уызына жарымаған бала құрысса құрысатын шығар. Бұрынғы алыптар, азайғаныда, рас. Суықта жылы, таза. Бесіктің пайдасы  жайлы айтсаң әңгіме ұзын.  Заман өркендеді, жетілген су соратын, бұт қап (памперс) бар. Бесік керек болмай қалғандай… Енді міне мұражайға, мұра болып, алды келіп жатыр.   Әйел  бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді , деген әдемі сөз, өшпес. Асыл сөздің арқауы,  бесік санадан өшіп кетпесін дейік. ..

             Жүрегі ештеңеден шайлықпаған батыр Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын, екіншісі, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын: Үшіншісі, дәмді, дәстүрді силамайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсе, кімді болсын шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ» деген екен. Текті адам тегін айтпаған шығар… Ал, қазір біз бесіктің қадірін ұмытқан секілдіміз!

        Ал, әлеумет, Сіздің ойыңызша, бесікті мұражайға өткізуге бола ма?..

Дахан Шөкширұлы