Бес Франция сиятын Қазақстанға жетімдер сыймай Парижден пана табады…

Әйгілі әншіміз Тамара Асар Лувр алаңындағы наурыз тойында ән салуға дайындалып жатқанында бір француз әйелі жанына келіп әлденені түсіндірген екен. Айтуына қарағанда, фотодағы баланы төрт жасында асырап алыпты. Жезқазғандікі екен, қазір жасы он төртте көрінеді. Есімі МҰХАММЕД, Пайғамбардың аттасы, Қазақтың қаны, Француздың ұлы Мұxаммед…
Тамара Асардың фейсбук парақшасындағы фото мен осы оқиға туралы жазғаны жүрегіме қатты әсер еткені сонша түні бойы ұйықтай алмай, ақыры бір өлең жаздым.

Луврда қазақ кейіпті ұяң бір бала
Қандастарына зер салды үнсіз мұңдана.
Өркениетке өлермендікпен ұмтылып,
Жабайылыққа ұрынған шақта бұл дала…

Азуын айға білемес енді көк бөрі,
Бүгінгі бақа-шаянға рухы өкпелі…
Вагон да вагон жат жұртты кеше Жезқазған
Құшағын жайып қарсы алып тұрған жоқ па еді?..

Перзентсіз әйел болғысы келсе балалы,
Балалар үйі ішінде доллар бағалы…
Бес Франция сиятын Қазақстанға
Жетімдер сыймай Парижден пана табады…

Сол үшін енді кімдерді сөгіп тілдейін,
Парламент жайлы туатын шығар жыр кейін…
Қазақтың қаны, француздың ұлы Мұxаммед,
Расул Аллахтың аттасы, сені кім дейін?..

Тарқатсам егер тарихын қанды даламның,
Көрер ең көрден мүрдесін бассыз бабаңның…
Ал біздер болсақ, каторгада осы туғанбыз,
Айтқаны айдай ақиқат Олжас ағамның.

Сен үшін Отан айрылды ма деп мәнінен,
Әрі де сәрі күй кешіп тұрмын әлі мен!
Әйтсе де, біздің Қазақстанның дауысын
Таныдың, білем, Тамара Асардың әнінен!..

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.