«Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік»

«Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған мемлекет үшін Қазақстан халқы бірлігі мейрамының орны ерек.
Жатырқауды білмейтін халқымыз бір мүддеге ұйып, қуатты ұлт пен шуақты ұлыс құрып, дәулеті мен сәулеті келіскен құтты мекеннің бірлігі жарасқан біртұтас иесіне айналды.
Осы мызғымас достықтың қасиеті жоғары бағаланып, барынша ұлықталып келетін мейрам биыл төтенше жағдай режимінде аталып өтуде.
Бұл сындарлы кезең қалыптасқан ауызбіршілікке тұсау емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қатерлі індетпен күресіп, бірге еңсеру керек.
Тек бұл жолы ұлт саулығының қамында бір-бірімізге деген жауапкершілікті ұғынып, шектеу шараларын сақтауда күш біріктірген жөн.
Міне осы бағытта қызметтегі азаматтардан бастап үйде отырған қариялар мен ата-аналардың да үлестері орасан.
Қашанда қариясы бар елдің қазынасы бар деген халықпыз. Қарияларға құрмет ешқашан толастаған емес.
Қарияларды тек мереке қарсаңында ғана емес, жәй күндері де сыйлап, құрметтеп, қоғамдық ортада пікірлері мен ақылдарын тыңдауды үрдіске айналдырған аудандықтар бірлігі бекем, тірлігі тындырымды.
Күні кеше бірлік күніне орай аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова Тоғызкент ауылдық округіндегі бірқатар тыл ардагерлері мен оған теңестірілген қариялардың үйлеріне барып, қал-ахуалдарын сұрап, мерекемен құттықтап қайтты.

 Дариха Умбетиярова, Сарысу ауданының баспа сөз хатшысы