Бейнеуліктер тойдағы араққа қарсы бастама көтерді

БЕЙНЕУЛІКТЕРДІҢ БАСТАМАСЫ

ҮНДЕУ!

Ат салыс, АҒАЙЫН!
Құрметті, ҚАЗАҚ даласындағы мыңдаған ауыл мен жүздеген жуық қала тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді асқар тау әкелеріміздің, ақ жаулықты аналарымыздың, қаракөз қыздарымыздың, ер-азаматтарымыздың, бейкүнә бүлдіршіндеріміздің, жарық дүние есігін әлі ашпаған ұрпағымыздың атынан “АРАҚСЫЗ АУЫЛ” шарасын қолдауға шақырамыз!
Осы күнге дейін өмірдің сан тараулы сынағына төзбей, ащы суға сылқия тойғандардың ешбірі өмірден опа тапқан емес. Керісінше келешегіне кесірін тигізіп, ұрпағының алдында ұятты болып, айрандай ұйыған отбасыларын ойран қылып жатқан жоқ па?
Арақ – атамыздан қалған ас емес еді ғой?! Той-томалақ, мерекелерде, кішкентай ғана қуанышымызды атап өтерде ақ пейілмен жайылған адал дастарханымызға арақ-шарап қойып, «абыройлы» болып жүрміз. Шындыққа тура қарайтын болсақ, бұл сіздің абыройыңыздың артқандығының белгісі емес. Оның орнына, араққа кеткен есепсіз ақшаны қайырымдылыққа жұмсап көріңізші. Міне, сонда нағыз абыройыңыз тасқындап, мол сауапқа кенелер едіңіз. Және сіздің осы қайырымдылығыңызды үлгі тұтқан келер ұрпақ артыңыздан еріп, игі шара жалғасын табар еді.
Құрметті жерлестер, той-томалақтарды, алда келе жатқан түлектер кездесуін, түрлі мерекелік шараларды арақсыз өткізуге, әр ауылдың дүкендерінде арақ сатуды тоқтатуға шақырамыз. «Арақсыз ауыл» акциясына қолдау білдір, өз үніңді қос. Бұл шара мықтап қолға алынса, ертеңгі ұрпағымыз сау, әр шаңырақтың түтіні түзу болып, ауылымыз көркейе түспек.
Ал біздер, өз кезегімізде МАҢҒЫСТАУ облысы, БЕЙНЕУ ауданы, осы игі шараны жасаймыз. Кең байтақ ҚАЗАҚ даласын мекендеген әрбір азаматтың өресі, Хантәңірдей биік, Ақкердей таза болуы ләзім. Сол адамгершілік болмысымызды танытып, игі шараға бір кісідей ат салысайық!
Бұл үндеуге бей-жай қарамай, әлеуметтік желілерде таратып, қолдау жасайық, бауырлар!

P.S. Руxани жаңғыруды туған ауылдан бастап, болашаққа бірге бағдар жасайық.