Беделі биік Бөрібековтер

«Отан – отбасынан басталады» демекші, әр шаңырақтың іргесі берік болуы – үлкен жауапкершілік. Жас отауларға қажетті ізгі қасиеттер жақсы адамдар арқылы, жас ұрпаққа тәрбие бере алатын ұлағатты кісілер арқылы қалыптасса керек. Әр озат ұстаз барша ауылға үлгі болса керек. Ал, сол ұстаздардың бәріне тағылым боларлық болмысқа ие мектеп директорларында қаншама тәлім бар десеңізші!

Бесағаш ауылында тұратын Жетібай Бөрібеков табаны күректей 28 жыл бойы мектеп директоры болған. Осынша жылдың ішінде қаншама жас ұстаздарға оң бағдар көрсетіп, талайды ізгі жолға бағыттағаны анық. Бұрынғы Жамбыл мемлекеттік педагогикалық институтын 1971 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан ол саналы ғұмырының 42 жылын ұстаздық қызметке арнаған. Физика пәнінен түрлі пән олимпиадаларына қатысқан шәкірттері де үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Кейінгі жылдары Жетібай Төсбайұлы 13 жыл Бесағаш ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін атқарды. Ол осы қызметте жүріп, округтегі барлық отбасын аралап, ақсақалдармен тәрбие жұмыстарын бірге жүргізіп, жастардан ақыл-кеңесін аямады. Шаңырақ көтерген талай жас отауларға ақ батасын беріп, өмірлеріне ақ жол тіледі. «Батамен ер көгереді» дегендей, бұл күнде ауылдағы ынтымағы жарасқан жүзден астам отбасылар Жетібай ақсақалдың батасын алғандар. Жетібай ұстаз осы жағдайға, жастарға тағылым бере алғанына, айтқан өсиеті жастардың санасына дарығанына шүкір етеді. Ал, қырық жылда алдынан өткен мыңдаған шәкірттері шартарапта еңбекке араласқан. Еңбегінің еленгені болар, облыстың Құрметті ардагері және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанды. Білім беру ісінің үздігі. Өмірлік серігі Сәуле Әбдуманова жоғары білімді математик ұстаз еді. Ұзақ жыл Бесағаштағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болды. Біршама марапаттарға ие болғаны – еңбегінің өтеуі. Сәуле Әбдуманова – аудандық «Алтын белгі»тағайындау комиссиясының төрағасы болса, облыстық «Алтын белгі» тағайындау комиссиясының мүшесі болды. Әттең, барша ауылға қадірлі Сәуле ұстаз былтыр 73 жасында өмірден озыпты.

Дегенмен, Бөрібековтер әулетінде 5 ұл-қыз тәрбиеленіп, өсіп өнді. Бұл күнде барлығы да өмірден өз орындарын тапқан. Тұңғыш перзенттері Еркебұлан Бөрібеков елдің тыныштығын күзетуге бар қызметін арнап, полиция-майоры шенімен зейнетке шықты. Ербол болса – кәсіпкер, Нұрсұлтан – газ саласында білікті маман. Айгүл мен Бауыржан да – жеке кәсіпкер.

Қазіргі таңда Бесағаштың ең сыйлы тұрғынына айналған Жетібай ақсақал Нұрсұлтан атты баласымен бірге тұрады. Нұрсұлтан келіншегі Марал екеуі 4 ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр. Марал аталған ауылдағы Абай атындағы орта мектепте аға зертханашы болып еңбек етеді. Жамбыл ауданының сыйлы ақсақалы Жетібай Бөрібековтің ұлағатты отбасына құрметпен қарайтындар көп. Бұл отбасы барлық құрметке де лайық.

Дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Жамбыл ауданы