Базардағы кітапханада Абай мұрасы насихатталды

 

«Базардағы кітапхана» атауы қызық естілуі мүмкін, алайда бұл тек кітап оқу орны емес. Мұны қоғамның мәдени деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам деуге болады. Түркістандағы бұл жоба қоғамды кітап оқуға тартудың және мәдениетті күнделікті өмірге енгізудің жарқын үлгісіне айналса дейсің. Бүгінгі таңда «Қуаныш» сауда орталығындағы бөлім қала тұрғындары мен қонақтары жиі келетін, халық көп шоғырланатын маңызды нүктеге айналды.

Мұнда Түркістанда «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндік аясында «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты кемеңгердің қара сөздерін насихаттай отырып, ұлтты оятуға, елді еңбекке, жастарды білім мен тәрбиеге, адами және рухани құндылықтарды бойына сіңірту, тәрбиелеу болып саналады. Шараға негізінен Түркістан қаласының мектеп оқушылары мен сондағы тұрақты оқырмандар қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар Абайдың қара сөздердің мағынасына тереңірек тоқталды. Кітапханашы мен оқырман арасында Абай мұрасы туралы айтылған тың деректер мен қойылған сұрақтар, шараның мән мағынасын арттыра түсті. «Абайдың әр қара сөзі адам болмысының шындығын ашатын даналық, сонымен қатар қазақ халқының болмысын жаңаша танып, биік өркениетке бастайтын бағыт» дейді ұйымдастырушылар. .

«Базардағы кітапхана» қалай жұмыс істейді? Кітапхана Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында ашылған. Кітап қоры да жеткілікті. Мұнда 3000-ға жуық кітап бар, олардың қатарында көркем әдебиеттер, кәсіпкерлікке арналған кітаптар, балалар әдебиеті және мерзімді басылымдар қамтылған.Қызмет көрсету уақыты да саудагерлер мен базарға келушілерге қолайлы. Кітапхана сейсенбі-жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Оқырмандар саны да артып келеді. «Қуаныш» сауда орталығындағы кітапхана бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетіп, айына шамамен 1500 адамды қамтиды.
Жоба кәсіпкерлер мен тұтынушыларға кітап оқуға мүмкіндік беріп, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етеді. Кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды және оқырман санын арттыруды көздейді. Аптасына 100-150-ге дейін оқырманға қызмет көрсетіліп, олардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға арналған түрлі жобалар мен мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап айтқанда қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың туған күніне орай, «Қалам мен қоғамның қайраткері» тақырыбында әдеби кездесу, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбында оқырмандармен кітапталқы, «Сағыныш сағымдары» атты танымдық сағаты, «100 кітап» ұлттық сауалнамасын кеңінен насихаттау мақсатында, базарда халық арасында сауалнама және тұрақты кездесулер. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындары мен келушілердің қызығушылығын тудырып келеді.

Түркістан қаласы