БАЯНДЫ КҮН БОЛҒАЙ!

Абай күні – ел болып құптайтын, өркениетті елдердегі осы тақылеттес күндермен сабақтастықта қарай отырып, даралығын көрсете алатын, ұлт құндылықтарын құнттауға жұмылдыратын тамаша мүмкіндік. Бұл – Рухани жаңғырудың елдік датасы.
Әрине, қазір де, болашақта да оған тек мәдениет саласының іс-шарасы ретінде қарауға болмас. Барлық мемлекеттік, қоғамдық, саяси ұйымдармен қатар жеке меншік ұжымдардың басын қосатын тағылымы мол күнге айналса дейміз. Асыл сөзін өз ұлтына, сол арқылы барша адамзатқа арнаған дана ойшылға жасалатын құрметтің түрі көп. Ең бастысы – ақын мұрасын ұлт сұранысына сай байыптау, ел мүддесіне сәйкес зерделеу, әлем мәдениеті мен әдебиетінің сабақтастығы тұрғысынан тану болса керек. Ғаламдық пандемиядан біраз ауыртпалық көріп, дағдарған халқымыз көңіліне медеу боларлық Абайдың парасат, жұбаныш сөзін аңсайтыны да рас. Мәселен, данышпан ақынның барға мастанудан, тоқмейілсуден сақтандырып айтқан “Бiр ғылымнан басқаның, бәрi кесел асқанға” деген сөзі әлі де көкейкесті. Теріс пен жаманнан аулақ болуға, ғылымға, білімге үндеген ойлары қай заманда да, қай ортада да маңызын жоймайтыны анық. Шынында, ғылымы мен білімі дамыған елдер ғана халқын дерттен де, опаттан да аман сақтап қала алмақ. Ғұлама ақынның “Қары көп қалың қыстың артынан көгi қалың, көлi мол жаз келедi” дегені әр жүректе ертеңгі күнге деген үмітті оятары сөзсіз.
Данышпан Абай ең үлкен мәселеге – еңбек етудің қадіріне көңіл аудартып, “Еңбексiз мал дәметкен – қайыршылық” деп басын ашып, анық айтқаны көпке сабақ деп ойлаймыз. Ахмет Байтұрсыновтың “ХӘКІМ АБАЙ ӘР НӘРСЕНІҢ АСЫЛЫН ТАНЫП БІЛДІ“ деген тезисі – қай заманда болсын елді елдікке жетелейтін арқау. Қазіргі замандастарымыздың көбіне осы қасиет жетіспей жататынын ескерсек, ақын өлеңі мен қара сөзі – ұлт даналығының кітабы екеніне көзіңіз жетеді. Әлбетте, атаулы күннің маңызы мен қадірінің артуы, түптеп келгенде, Қазақ елінің мәдениеті мен дәстүрге адалдығына байланысты. Бұл – бәріміз үшін сын. Сынақтан мүдірмей өтіп, Абайдың мұрасын да, мұраға деген өз жауапкершілігімізді де баянды ете берейік!
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты