Бауыржан Момышұлы
Академияны үздік бітіріп шыққан кезімде Армияда кадрлар санын қысқарту басталды. Орын үшін талас қызды. Пара беріп, тамыр-таныстықпен орналасқан пысық көбейді. Ондай нәрсені жек көретінмін. Өздері білер деп жүргенімде бос орын таусылуға айналды. Бір күні кадр бөлімі шақырып: «Порт-Артурға, корпус командирінің орынбасары болып барасың», – деген кезде біраз ойланып бас тарттым. Келесі жолы шақырып: «Қазақстан әскери комиссариатына комиссар болып барасың ба?» – деді. Уәж айтып, келіспедім. Сосын Қазақстан ДОСААФ-ның бастығы болуды ұсынды. «Ол салада тәжірибем жоқ» деп басымды ала қаштым. Кейінгі шақыруда Жуков атындағы әскери әуежай академиясына оқытушы балып баруымды қалады. «Ұшқыш емеспін, әуежай кеңістігінен хабарым жоқ» дедім. Кадрлар бөлімі шақыруды қойды. Екі ай өтті. Әбден зеріктім. Шақырмаудың бір пайдасы, жазу столына жабысып, «Ұшқан ұяны» жаздым.
Үшінші айдың жүзінде шақырып: «Красноярск қаласына барып, 49-шы бригаданы қабылдап ал», – деді. Бригада полктен сәл-ақ үлкен. Бұған дейін дивизияны басқардым емес пе?
– Жоқ, Красноярскіге баруға денсаулығым көтермейді, – дедім. «Жақсы, сізге бәрін түсіндірдім. Келіспеді деп бастығымызға мәлімдеймін. Қажет кезде шақырамыз» деді генерал. Арада екі жеті өтті, шақырды. Бардым. Қорғаныс министрінің орынбасары, кадрлар бөлімінің бастығы, генерал-полковник (кейін маршал болды) Филипп Иванович Голиков қабылдады. Денелі, қасқабас кісі еді.
– Академияны бітіргендердің бәрінен сіз көп білетін едіңіз. Басқалардан гөрі сізді көп ойладым, – деп мені мақтады. – Қандас қазақтарыңызбен ара-қатынасыңыз қандай? Олар неге сізге қарсы? Мүлде түсініксіз жағдай.
– Жолдас генерал, біріншіден, демалыс алып бірер аптаға ауылыма, Алматыға барып қайтқанымды есептемесем, Қазақстанда жиырма бес жыл болған емеспін. Бауырларымның неге қарсы екенін білмеймін (дедім).
Генерал таңғалды.
– Жасырар-жабарым жоқ, сізді Қазақстанға дивизия командирі етіп жібермек едік, ол үшін Қазақстан Орталық партия Комитетіндегі бауырларыңыздың келісімі керек болатын. Олар қарсы болды. Мәселеңіздің қалай шешілерін білмей отырмын.
– Олай болса, қайда жіберсеңіз де барамын, – дедім намыстанып.
Сөйтіп бұрынғы дивизия командирі, оқу үздігі Бауыржан Момышұлы Сібірден бір-ақ шықты.
…Сібірде екі жарым жыл тер төктім, үш рет госпитальда жатып емделдім. Әскери дәрігерлердің қорытындысына сүйенген кадрлар бөлімі Москваға шақырып, Молотов атындағы жоғары әскери академияға профессор дәрежесіндегі оқытушылық қызметке жіберді. Академияда стратегия мен жоғары оперативтік тактикадан бес жыл дәріс оқыдым. Оқыған дәрістерімнің мәтінін академиядағылар осы уақытқа дейін пайдаланады екен.
Ауырып, Москвадағы орталық әскери госпитальда бір жарым ай жатып емделдім. Өзіме өзім келуім үшін он бес күнге демалыс берді. Госпитальдың жанындағы жоғары әскери дәрігерлік комиссияға барып, комиссия төрағасы адмирал Доброхотов деген кісіге жолықтым. Ол өте бір мәдениетті кісі екен. Еркін әңгімелесіп отырдық.
– Жолдас адмирал, әскерден босағым келеді. Комиссияға салып, денсаулығым жөнінде қорытынды шығарып берсеңіз?
Ол кісі маған таңғалып қарады.
– Жолдас полковник, мүлде жассыз ғой. Полковниктер алпыс үш жасқа дейін қызмет істеуге тиіс және алып бара жатқан қатерлі ауруыңыз да жоқ.
– Жолдас адмирал, шынымды айтсам, он үш жыл полковник шенімен жұмыс істеуден шаршадым.
– Он үш жыл аз уақыт емес. Түсіне алар емеспін, осы мезгілде шеніңіз неге өспеген?
Сыпайы сөйлеп, ойланып отырды да: «Қанша уақытыңыз бар?» – деді.
– Он бес күн.
Жұмыс кестесіне қарап: «Бізге сағат екіден бастап бес күн қатарынан үзбей келіп тұрасыз, тексереміз» деді.
Саусағымен столының шетіндегі түймені басып еді, адьютанты ішке енді. Оған мені кезекке жазуын тапсырды.
Бес күн қатарынан дәрігерлік тексеруден өттім. Комиссия мүшелері өңшең қарттар. «Сіздің жойқын шабуылыңыздан жаудың аман қалғаны бар ма?» деген тәрізді сөздермен қалжыңдасып отырды. Бұдан бұрын Калининград баспасынан жарық көрген «История одной ночи» деген кітабымды оқыған екен, әсер-сезімдерімен бөлісті.
Бес күн тез-ақ өтті. Адьютанты: «Сізді адмирал шақырады», – деді. Бардым. Парасатты кісінің аты парасатты ғой. Столының тартпасынан аузы желімделінбеген ақ конверттің ішінен комиссияның шешімі жазылған қағазды алды. «Міне, бейбіт күндерде сапқа жарамсыз, соғыс бола қалған жағдайда жарамды» деген біздің шешім. Қолдан келген көмегіміз осы болды, жолдас полковник. Конверттің аузын өзің желімдерсің», – деп ақ конвертті маған табыс етті. – Күтініп жүріңіз, сізге ашуланып, ренжуге болмайды. Омыртқаңыздан тиген оқ зардабы әлі бар…
Рақмет айтып, көшеден такси ұстап, госпитальға кеп, комиссия шешімі көшірмесін көбейтіп алдым да, академияма тарттым. Академия бастығы генерал-полковник Миловскийдің қабылдауында болып: «Денсаулығымның нашарлауын анықтаған жоғары әскери дәрігерлік комиссия шешіміне байланысты Совет Армиясы қатарынан босатуыңызды сұранам» деген өтінішімді жаздым.
Ол кісі таңғалды.
– Ойпырмай, сіздің академиямызда істеп жүргеніңізге қуанушы едік. Тіпті, жұмысыңызға Бас штаб жоғары баға беретін. Мұныңыз қалай, енді қайттік? Әлі де ойланғаныңыз жөн-ау, – деді қинала қабақ шытып.
Мен сыпайы қоштастым.
Он күннен кейін генерал-полковник Миловсий шақырды. Бардым. «Қорғаныс министрінің орынбасары маршал Баграмян телефон соғып, «Бауыржан Момышұлымен жақсылап сөйлесіңіз. Ол бізге өте керек» – деді. Мен «иә, Бауыржан академиямыздағы ең айтулы оқытушымыз» дедім. Сіз онымен қайта сөйлесіңіз. Ол өте жас. Егер денсаулығы сыр берсе, үш-төрт айға, тіпті, бір жылға Қырым, Кавказ санаторийлеріне жолдама беріп емдетіңіз. Денсаулығын түзеген соң оқытушылық қызметіне қайта кіріссін, – деді тапсырма беріп. Сол себепті шақырдым. Сізді қимаймыз.
– Қамқор көңілі үшін маршал Баграмянға рақмет айтыңыз. Мен академияда қала алмаймын.
Бір айдан кейін Совет армиясы қатарынан босатылғаным жөнінде бұйрық келді. Кафедра бастығы жақсы кісі еді. Кешке қарай әріптестерімізбен жиналыс өткізіп, мен туралы жылы лебізін білдірді.
– Бәріңізге рақмет. Ертең жолға дайындалуым керек. Арғы күні Қазақстанға аттанамын. Сол себепті қоштасу дастарқаныма шақырамын.
Ресторан бастығы орта бойлы елудегі әйел еді. Ол кісімен де, даяшы-аспазшыларымен де таныс, сыйлас едім. Әріптестерімді бастап барсам, ресторанда орын жоқ. «Ендеше дастарқанды кабинетіңе жаса!» дедім бастық әйелге. Ол жүгіріп кетті. Генералдар «жұбайынша жұмсайды ғой» деп таңғалды. Бас аспазшыны шақырып, аямай тапсырыс бердім. Өзіміз отызшақтымыз. Дастарқанда коньяк, ақ қайнар, сыра – бәрі болсын. – Генералдардың көздері ұясынан шыға жаздады.
– Тағы қандай тапсырыс бересіз?
– Бұраңбел, қиғаш қас, алма мойын сұлуға тапсырыс беремін. Мен бойдақпын. Мына әріптестерімнің қастарында «ұрыссам да, ұрсам да өзім білем» дейтін қатындары бар, – деп едім, генералдар жұбайларымен қарқылдап күліп жіберді.
– Тағамымыздың тізімінде сіз айтқан сұлу жоқ.
– Жоқ болса, іздеп табыңыз.
Әріптестерім қайта күлді. Қалжыңымыз, көңіліміз жарасқан банкет түн жарымына дейін созылды. Еліме аттанатын күні мені шығарып салғалы әріптестерім пәтеріме келді. Әрқайсысы он бес сомнан жинапты. «Алмасаң өкпелейміз» деген соң, амал жоқ, алдым. Бәрімен қайта-қайта құшақтасып, қимай қоштастым…
Естелік иесі Бауыржан Момышұлы
(жазып алған М.Қалдыбайұлы)
Серік Абас-шах парақшасынан
