Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері

* Әділдікті мойындау — адал кісінің ісі.
* Опасыздық — ойсыздық.
* Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ.
* Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
* Намысты нанға сатпа.
* Қарабет болып қашқанша — қайрат көрсетіп өлген артық.
* Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындық.
* Именіп жүріп көрген игіліктен — қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.
* Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше — шындықтың уын ішін өлген артық.
* Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті.
* Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.
* Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
* Ата-ана қадірін білмеген — ел қадірін біле алмас,
Ел қадірін білмеген — ата-ана қадірін біле алмас.
* Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?!
Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес.
* Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
* Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
* Қазақ тілі — сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл.
* Жақсы сөз жанға — жақын, құлаққа — жағымды, ойға — қонымды келеді.
* Сөз жылата да, жұбата да алады.
* Тіл тазалығы үшін күрес — ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.
* Тілекке — еңбек тірек.
* Терлеп еңбек етерсің — тілегіңе жетерсің.
* Тәрбиелі — тәртіптің құлы,
Тәртіпті — елдің құлы.
* Қайратыңа — әдісіңді жолдас ет, әдісіңе — ақылынды жолдас ет.
* Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел — құл болмайды.
* Қайрат етер кезінде — жүк көтерер нардай бол,
Ақыл айтар кезіңде — жүз жасаған шалдай бол.
* Ылғи алтын іздеме — шоқтың бәрі от болмас.
* Күншілдік — өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігінді мойындаудан туған құбылыс.
* Ерлік — тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.
* Өршіл рухтан — өлмес ерлік туады.
* Үміт — өрге тартады, үмітсіздік — көрге тартады.
* Жерге — тер төгіп, халыққа — қан төгіп қызмет етуден тайсалма!
* Белдескеннің — белін сындыр, тірескеннің — тізесін бүктір.
* Ептілік те — ерлік.
* Қолбасшы болсаң сондай бол — жосылып жатқан жолдай бол.
* От басының өнегесі — Отан өнегесі.
* Халықтық тәжірибе — бүгінге ғана емес, ертеңге де керек қазына.
* Сұлу сөзге құл болма — зерлі ой онда көп болмас.
* Үмітін жоғалтқан жан — ешқашан үміттеніп көрмеген жан.
* Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
* Тіл — елдің елдінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қоғамдық құрылысының, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш.
* Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеу — шынайы патриоттар тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян.
* Қазақ тілі еш уақытта өзімен көрші халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалмағаны, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігіне мың жылдық көне тарих куә.