Бауыржан Байбек Алматысын жаңғыртып жатыр

Қазір Алматы қаласы асты-үстіне түсіп жатыр. Қай көшеде де қызу жұмыс. Көпірлер,  жолдар, тұрбалар салынып, жаңартылып жатыр. Соның көш басында жас әкім Бауыржан Байбек жүр тынбастан. «Жас келсе — іске» деген осы.

Өткен аптада Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары аясында жаяу жүргіншіге басымдық беретін Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңын, сонымен қатар қаланың жол және коммуналды инфрақұрылымдарын қайта жасаудың барысын тексерді.
Биылғы жылы 146 км жол жөнделеді, 97 мың шаршы метр тротуарлар абаттандырылды, 14,7 км жерде құрылыстың, 42,2 км болатын арықтар желісі мен 57 көшеде қайта жасау жұмыстары жүріп жатыр, 32 километрден астам жылу жүйесі жаңартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есеге көп. Бұған қоса, «Әйгерім», «Ұлжан 1, 2», «Қарасу», «Ақбұлақ», «Дархан», «Құрылысшы», «Өжет», «Трудовик», «Шаңырақ 1, 2», «Алтын бесік», «Достық» және басқа ықшам аудандардағы 20 мыңнан астам үйлерді қамтамасыз ететін 380 километрден астам су және кәріз құбырлары тартылуда.
Әкім өзінің орынбасары Ерлан Әукеновке Асқаров көшесі бойымен Әл-Фараби даңғылының батысына таман ұзындығы 3,5 км болатын жердегі су құбырлары жүйесін қайта жасау жұмыстарының өте төмен қарқынмен жүріп жатқаны үшін сөгіс жариялады. Бүгінгі күні конкурста жеңіске жеткен Петропавл қаласының «Титан Север» ЖШС небәрі 2 км жердің жұмысын атқарған. Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, қалған 1,5 км аумақтың жұмысы қыркүйек айының ортасына таман аяқталады.
Бауыржан Байбек Абай даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қайта жасау жұмысының барысын тексерді. Объектіде көпірдің солтүстік бөлігін бұрғылау, инженерлік желілерді орнықтыру (орта қысымды газ, су құбыры, телекоммуникациялар), көтергіштерді электрмен қамтамасыз ету, өзеннің негізі арнасының түбін бетондау және басқа да жұмыстар) аяқталған. Жөндеу жұмыстарымен екі кезекте жүзге жуық адам айналысуда. Үстіміздегі жылдың 27 тамызында солтүстік бөлік бойымен көлік жіберу жоспарланған. Бұдан соң құрылысшылар көпірдің оңтүстік бөлігінің жұмыстарын қолға алып, оны 25 күн ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Қала әкімі Шевченко көшесі бойымен Қонаев көшесінен Жароков көшесіне дейінгі ұзындығы 4,3 км болатын аумақты жөндеу жұмыстарын да тексерді. Бүгінгі күні Қонаев көшесінен Фурманов көшесіне дейінгі, Наурызбай батыр көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі жолдарға асфальт төселген, Байзақов көшесінен Манас көшесіне дейінгі азғантай бөлікке жеңіл қабатты асфальт құйылған. Манас көшесінен Жароков көшесіне дейін трамвай рельстері бұрғылануда. Фурманов көшесінен Наурызбай батыр көшесіне дейінгі жерде жылу желілері қайта жасалуда, мердігерлік ұйым жол жиектері мен арық арналарын ретке келтіруде.
Абдуллин көшесі бойымен Бөгенбай батыр көшесінен Мақатаев көшесіне дейін ұзындығы 1,090 км болатын аумақта да жөндеу жұмыстарының жүріп жатыр, бұл учаскеде жол жөндеу жұмыстары аяқталған, тек Жібек жолы мен Мақатаев көшесі аралығында жылу желілерін қайта жасау жұмысқа сәл қолбайлау болуда. Мұндағы жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың 30 тамызында толық аяқтау жоспарланған.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын да тексерді.
Жаяу жүргіншіге басымдық беретін бұл учаскелерде кеспе тастарды, арық лотоктарын төсеу, құрғақ су бұрқақтарын жасау жұмыстары жүріп жатыр. Осы көшелерде бірыңғай архитектуралық стиль қалыптасты-ру үшін нысандардың сыртқы беттерін жаңарту жұмыстары қолға алынған. 330 мың шаршы метр жерге жасыл желек отырғызылады. Жұмысты биылғы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
Панфилов көшесі бойымен Қабанбай батыр көшесінен бастап, Жібек жолына дейінгі аралыққа гранит төселуде, мұнда демалатын орындар, ойын және спорт алаңдары болады. Осы айдың ішінде ағаштар мен гүл композициялары отырғызылады. «Астана» алаңында жүргінші аумағы мен құрғақ су бұрқақтар айналасы абаттандырылады.
Жібек жолы көшесі бойымен Желтоқсан көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі аумақты қайта жасау аясында Арбатты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, оның бұрынғы келбеті сақталады және бірнеше жеке функционалды аймаққа бөлінеді. Орындықтар саны артады, бұрыннан бар субұрқақтар қайта жасалады, бұрынғы кеспе тастар орнына жоғары сапалы гранит төселеді. Қайта жаңғырту барысында су бөлу жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне ерекше назар аударылады.
Қабанбай батыр мен Гоголь көшелерінің бойында жүргінші және веложолдарды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда жүргінші аумағының ұзына бойына көлік қоюға тыйым салынады, автомобильді тек арнайы жабдықталған «қалташаларда» ғана қалдыруға болады.