Бауырмашылдық неліктен бұзылады?

 Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаман-шылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида, Исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі. Бұл тақырыптар мінберлерде, діни отырыстарда талай қозғалғанымен, соны амалға асыру, бірінші болып соған қадам басу бізден байқалмауда. Себеп не?

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын иләһи қасиеті. Алла Тағала Құран Кәрімде былай делінеді: «Және Ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да, олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ, Алла, олардың араларын біріктірді. Расында, Ол, өте үстем, аса дана».1

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай, ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте, бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде мүміндер бауыр», – деген.2

Алла Тағаланың адам баласына берген бұл ұлы нығметі иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла Тағала Құран кәрімде: «Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды», – дейді3.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезде ең алғашқы әрі ең маңызды амалдарының бірі – Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр қылуы. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл әрекетінен арадағы бауырмашылдықтың мұсылман мемлекетінің іргесінің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сонда ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымағы жарасқан қоғамның пайда болуына апарады. Нұғман ибн Башир (Оған Алла разы болсын) риуаятында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады»,4 – деген. Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Алла Тағала Құран кәрімде айтады: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды»5

Басқа бір аятта: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге», – делінген6
Алла тағала бұл аятта мұсылмандар арасындағы жан-жалдың оларды құрдымға апаратынын меңзеуде. Бұл аятқа орай Имам әр-Рази: «Жанжалдасудың зардабы мұсыл-мандардың әлсіздігіне себеп болады»7 деген.
Басқа бір аятта Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед с.ғ.с.) Алла Нұхқа (ғ.с.) нұсқау бер-ген нәрселерді және саған уахи еткенімізді, сондай-ақ, Ыбырайым, Мұса және Ғисаға (Оларға Алланың сәлемі болсын) нұсқау берген нәрселері-мізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер»8 Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты муфассир9 ғалым әл-Бағауи: «Барлық пайғамбарлар(Алланың оларға сәлемі болсын) Алланың дінін орнату үшін, қоғам арасында бейбітшілік таратып, алауыздықты жою үшін жіберілді»10, – деген.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін, бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар:

«Шын мәнінде, Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету».11

Басқа бір хадисте: «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннаттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын»12, – деген.

Ғалымдар арасында «жамағат» сөзінің кімдерге қатысты айтылатыны жайында бірнеше пікір бар:

Бірінші: жамағат дегеніміз – мұсылмандардың негізгі басым бөлігі. Бұл анықтама аясына үмметтің мужтаһидтері, ғалымдары, шариғатпен амал жасайтын оларға ерушілері кіреді, егер осы басым бөліктен кім бөлініп шығатын болса, шайтанның жауынгерлерінен болғаны және олар негізгі топтан бөлінгені үшін, бидғат иесі деген атаққа ие болады. Бұл Абу Масғуд әл-Ансари, Ибн Масғуд, әл-Хусейн ибн Әлидің ұстанымы.13

Екінші: жамағат дегеніміз – мужтаһид ғалымдарға айтылады. Кім үммет ғалымдарының айтқа-нына қарсы шығатын болса, жәһилият (надандық) өлімімен өледі, өйткені Алла Тағала үммет ғалымдарын әлемге хужжат (дәлел) етті.Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Үмметім адасушылықта бірікпейді»14, – деген хадисінде келгендей, үммет ғалымдарының бір мәселеде адасушылықта келіс-пейтінін жеткізген. Бұл ұстанымда Абдолла ибн әл-Мубарәк, Исхақ ибн Рахауия болған.15

Үшінші: жамағат деп – Ислам дінінің негізін қалаған пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейінгі сахабаларға айтылады, өйткені олар ешуақытта адасушылықта жиналмаған. Бұл ұстанымда Омар ибн Абдул Әзиз болған.16

Төртінші: бір басшының қара-мағындағы мұсылман қауымы.17

Бауырмашылдықтың жемістері:

1. Алла тағаланың махаббаты. Құдси хадисте: «Кімде-кім Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көрсе, мәжілістес (бір отырыста болу) болса, бір-біріне зиярат жасаса, бір-біріне жәрдемдессе, Менің махаббатым оған нәсіп болады», – делінген.18

2. Алланың құрметіне ие болады. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім біреуді Алланың разылығы үшін жақсы көрсе, дәрежесін көтереді».19

3. Алланың аршысының көлеңкесінде болады. Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Алла тағала қиямет күні айтады: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге ешкімге көлеңке нәсіп етпеген күні оларға көлеңке нәсіп болады»20.

4. Иман ләззатын сезінеді.Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша   (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Кім егер иманның ләззатын сезінуді қаласа, Алла разылығы үшін бір адамды жақсы көрсін».21

5. Иман кемелдігі. Әби Умамадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе, садақа берсе, бас тартса, иманының кәмілдігінің белгісі»22.

6. Жәннатқа кіреді. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіндер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірмейсіңдер, бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар»23.

Мұсылмандардың бірлігіне кедергі болатын жайттар:

1. Қате ақида. Мұсылманның бұл фәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына байланысты. Аллаға деген сенім дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, жүрегі жай табады. Ал ақидасы қате болса, тура жолдан ауытқығаны, оның Алла разылығы үшін жасап жатқан амалдарынан еш пайда болмағаны. Сол себепті сенім ілімі ең маңызды ілімдердің қатарында. Ондай ауытқулар байқалған жағдайда міндетті түрде сенімді негіздерге сүйене отырып, жөнделуі тиіс. Сенімі дұрыс қалыптаспаған адамдардың жүрегінде күмән болғандықтан, әркез мұсылмандардың арасында осы дертін жаюға тырысады. Ақидадағы қате түсінік қазіргі уақытта еліміздегі мұсылмандар арасын бөлудегі негізгі себептерден болып отыр. Мұндай сенімнен әлбетте бас тарту керек. Осы орайда, олар басқа мұсылман-дардың ақидасын қатеге шығарып, мұсылмандардың бірлігіне, бауыр-машылдығына жік салуда.

2. Мәзһабсыздық. Ислами білім азайған уақытта дінге кірген мұсылмандардың бір ғалымның артынан еріп, оның айтқанына жүгінуі міндетті амалдардан. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап, Ислам мәз-һабтары мұсылман арасындағы бірліктің, ынтымақтың негізгі факторы ретінде қаралған. Өйткені, әр адам өз бетінше шариғатты түсінуге тырысса, уақыт өте мұсылман қоғамында бір-біріне қарсы, бір-біріне бағынбайтын бірнеше топтардың пайда бо-луына апарады. Бұл өз кезегінде мұсылмандар арасындағы алауыз-дықтың алғашқы қадамы.

3. Басшыға бағынбау. Басшылыққа бағынбау – бауыр-машылдыққа кедергі болатын негізгі себептердің бірі. Қазіргі замандағы мұсылман мемлекет-теріндегі нәубеттердің ең негізгі себебі – басшыға бағынбау. Алла тағала Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер, Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Алла-ға, пайғамбарға ұсыныңдар. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне, осы қайырлы да нәтижеде жақсы», – дейді.24 Мұның айқын көрінісі ретінде мешітке келуші кейбір жат ағым өкілдерінің заңды түрде мемлекет тарапынан бекітілген имамдарға бағынбауын, оларға мұсылмандарды қарсы қоюын мысалға келтіруге болады.

4. Діндегі парыз амалдардан сүннет амалдарды үстем қылу. Кейбір жат ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрған мұсылмандарға кейбір парыз емес, абзал болған амалдарды (сақал өсіру, мисуак қолдану, балақ қысқарту) міндеттеп, діннің негізі ретінде көрсетеді. Дінге жаңа ғана бет бұрған жан діннің негізі осы екен деп ол амалдарды жасамаған мұсылмандардың әрекетін жат көреді, оларды пасыққа шығарады. Осылайша, мұсылман қоғамын жік-жікке бөліп, ынтымақтың әлсіреуіне әкеп соғады. Сөйтіп, қарапайым халықтың алдында пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) абзал болған сүннеті тұрпайы көрінуде.

5. Әл-уәләә уәл-бараа немесе Алла разылығы үшін жақсы көру, Алла разылығы үшін жек көру мәселесіндегі қате ұстаным.

Әл-уәләә – Алла тағаланы және оның пайғамбарын, мұсылмандарды жақсы көру.

Әл-Бараа – Алла тағалаға, оның пайғамбарына, мұсылмандарға қарсы шыққан кәпірлерді, мүшріктерді, екіжүзділерді, пасықтарды жек көру.
Бұл дегеніміз Алланың әмірлерін, пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеттерін бұлжытпай орындайтын мүміндерді жақсы көру, оларға жәрдемдесу. Алла тағала Құран кәрімде былай деген: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыс-тықтан тосады. Сондай-ақ, олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла, мәрхаметіне бөлейді. Расында, Алла тым үстем, аса дана»;.25

«Шынайы түрде сендердің достарың – Алла және Елшісі және де намазды толық орындайтын, зекет беретін әрі рүкуғ қылушы мүміндер».26
Пайғамбарымыздың (Оған Алла-ның игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде келгендей: «Кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе және кім Алла разылығы үшін берсе, тыйым салса, иманы толық болады».27
Мұсылмандар арасына жік салуды мақсат ететін кейбір жат ағым өкілдері осы ұстанымды негізге ала отырып, Аллаға құлшылық жасап, бес парызын орындап жүрген, алайда олардың ұстанымымен келіспейтін мұсылмандарды шектеп, Алла разылығы үшін жек көру керектігін алға тартады. Бұл ұстанымды қолдайтын жат ағым өкілдері өзге мұсылмандармен байланыспай, Исламдағы бауырмашылдыққа балта шабуда. Олар үшін бірінші болып амандасуға, қандай бір қиын жағдайда көмек қолын ұсынуға рұқсат етілмейді. Осы жолға шақырып жүрген кейбір уағызшылар өздерінен бөлек бағыттағы мұсылмандармен үзілді-кесілді қыз алысып, қыз берісуге де қарсы. Мүшрік, кәпірлерге қатысты түскен аяттарды өздеріне қарсы бағыттағы мұсылмандарға қолдануда. Бұл надандықтың, білімсіздіктің белгісі.

Жоғарыдағы аталған себептер Ислам үмметін жегідей жеп, іштей құлдыратуда. Құран аяттарында, пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде келген тікелей әмірге қарсы келуде. Мұсылман үмметінің осындай кедергілерді ысырып, нәпсінің айдағанына ермей, таза ақыл-ойға жүгініп, пікір қылатын кезі келді. Алла еліміздегі мұсылмандар арасын бөлетін ібіліс шайтанның әскерінен сақтағай!

Хамзат Әділбеков