БАТЫРЫН ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Шежірелі өлке – Шет ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабаларымыздың, ақын-жырауларымыздың есімін жаңғырту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Таяуда Шұбыртпалы Ағыбай батырдың даңқты ұлдары Аманжол мен Аманбай батырлаpға арналған ескерткіш тастар қойылды. Ғасырлар бойы белгісіз тұрған батыр балаларына арналған белгіні орнату шарасын Ағыбай батырдың үлкен ұлы Аманжол батырдың шөбересі, Ұлы Отан соғысы жылдары мемлекетті кәсіби аңшы ретінде етпен қамтамасыз еткен, қазақ халық фольклорын дамытуға ат салушы, «тірі шежіре», Шұбыртпалы руының бас ақсақалы, дала академигі – Тәтиев Тарғын және Бидәулет Өскенбекұлдарының ұрпақтары мен «Ағыбай батыр тікелей ұрпағы-Тарғын» жекеше қайырымдылық қорының президенті Тарғын Оразхан Мерекеұлының және Аманбай Ағыбайұлы ұрпақтарының ұйымдастыруымен өткізілді.

 

 

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған игі шараға облыстық және жергілікті билік өкілдері де қатысты.

Еске салсақ, Ағыбай батырдың кесенесі Киікті ауылынан 60 шақырым жерде,  Тайатқан-Шұнақ тауының маңында орналасқан. ХІХ ғасырдың сәулет өнері ескерткіштерінің біріне саналады.

Қазіргі таңда Ағыбай батырды әулие тұтып, оның рухына тағзым етіп, мазарына баратындардың қарасы да жылдан-жылға молайып келеді.

Қорыта келгенде рухани өрлеу, бабаларды қастерлеуден көрінеді. Өткенді айтып отыру, әрқашан халық жадынан шығармай, құрметпен еске алып отыру – ұрпақ парызы.

 

Жомарт Шаймұрат