«Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер!»

деген билік «Рухани жаңғырудың» болашағын ойламағаны ма?

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың назарына!

(Жолсапар мақала)

 

Тағы да Білім және ғылым министрлігі жайында әңгіме қозғағалы отырмын. «Газет-журналға мұғалімдерді жаздыртуға күштемеңдер. Ешкімді мәжбүрлеуге болмайды!». Министрлік басшыларының осы бір ұран сөзін, ту қылып қолына ұстап алғандар қазір күшейіп тұр. Халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір деп дәріптелетін баспасөздің құны кете бастады. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» дегенін басқа болмаса да, жоғарыдағы сөзді айтып, көптеген мұғалімдерді «атқа мінгізіп қойған» басшылар оқымағаны қалай? Қос президент те «Рухани жаңғыру» жайлы жазып та, айтып та жүр. Оқу-тоқусыз адам баласы қалай рухани жаңғырмақ? Олай болуы мүмкін бе өзі? Әлде біздің елдегі ұстаздар қауымы оқу біткенді тауысып, ұстаздықтың жаңа «бағытына» ауысып кетті ме екен?

 

Баспасөзді қадірлеуді жапоннан үйрен!

Дамыған 50 елдің қатарына қосылуға таяп қалдық. Ол жерге таяз біліммен, саяз ақыл-оймен бізді ешкім кіргізе қоймас. Дамудың шыңына шыққан Жапония мен Америка, батыстың маңдай алды елдері әлі күнге газет-журналға ерекше құрмет көрсетеді. Бұның да түсінгенге өзіндік сыры мен жыры бар. Жапонияда заманауи технология дамыған, интернетте проблема жоқ. Олардың кейінгі кезде газетке ауысуы смартфонның балаларға зияны шаш етектен екенін бажайлап, балалардың ойлау қабілетін, есте сақтау құндылығын тежейтінін есепке алғаннан да болар. Біздің мәртебелі билік мұндай парасатты ойлардан ат-тондарын алып қашуда.
Мына қызыққа қараңыз! Әлемдегі жаңашылдықтың, жаңа технологияның атасы саналып жүрген Жапонияда газет-журналға деген мемлекеттің сұранысы күшті екен.
el.kz сайтында Шарафат Жылқыбаева деген азаматшаның зерттеу мақаласына көз жүгіртіп шығайықшы алдымен:
«Жапонияда журналистердi және де ақпарат құралдарының өзге де мамандарын жоғары оқу орындарындағы социология, ақпараттық технология, қоғамдық өндiрiс, филология тәрiздi факультеттер құрамындағы медиа бөлiмдерi даярлайды. Бұндай бөлiмдер көптеген университеттерде ашылған. Жылына жалпы таралымы 4 миллиард дана болатын 3000 түрлi газет-журнал шығады. Күн сайын газеттердiң 90 пайызы үйге жеткiзiледi. Газет тасушылардың көпшiлiгi – мектеп оқушылары. Газет бетiндегi кеңiстiктiң 40 пайызы жарнамаға арналған. Жапон баспасөзi үшiн жарнама – маңызды табыс көзi.

 

Жапон баспасөзiн үш топқа бөлуге болады: жалпы сипаттағы газет-журналдар, спорттық басылымдар және кәсiби басылымдар. Жапонияда құрамына 117 газет кiретiн кәсiби басылымдардың Ассоциациясы бар. Оған химия, балық шаруашылығы, металлургия, электротехника, т.б. сала мамандарына арналған басылымдар кiредi.
Журналдардың 60 пайызы айына бiр рет шығатын басылым болса, 40 пайызы апталық журналдар. Кейбiр қоғамдық-саяси, әдеби журналдар айына екi рет жарық көредi. Мәселен, «Сарай» басылымы әр айдың 1-3 бейсенбiсiнде шықса, «Сапио» әр айдың 2-4 сәрсенбiсiнде оқырман қолына тиедi. Жапон журналдары тақырып ауқымы кең, жоғары сапалы басылымдар. Тек журналистерi ғана емес, фототiлшiлерiнiң еңбегi де ерекше байқалады. Көркем безендiрiлген, әдебиет, мәдениет мәселелерiн кеңiнен қозғайтын «Бунгэйшюншю», «Катэйгахоу», «Шюханбуншюн», «Гэйджюцушинчйоу», «Сарай» тәрiздi журналдарды классикалық басылымдар санатына жатқызуға болады…
…Әр жапон орташа есеппен күнiне 3,5 сағатын теледидар көруге арнаса, 1 сағаттай газет-журнал оқиды екен. Жапония БАҚ саны жөнiнен дүниежүзiнде І орын алады. Бұл елде 1000 адамға 548 дана газеттен келедi. БАҚ дегенде ұлттық ерекшелiк ретiнде манга кiтапшаларын атауға болады. Мәтiнiмен қоса берiлетiн суреттi кiтаптарды жапондар баспасөзге жатқызады. Барлық тақырыптарды қамтитын манга Жапониядағы баспа өнiмiнiң 30 пайызын қамтиды. Жылына 3300 түрлi манга жарық көредi. Таралымына келсек, жылына 670 миллион манга-журнал мен 480 миллион манга-кiтапшалар сатылады екен. Мангадан түсетiн табыс жылына 448 миллиард иендi құрайды. Жапон мультфильмдерi мен видео ойындарының негiзi мангадан алынған. Киотодағы халықаралық манга мұражайына 300 мыңнан астам өнiм қойылған. Мұражайға жылына 280 мың адам келедi екен. Ал Токиода жылына екi рет өткiзiлетiн манга жәрмеңкесiне 500 мың адам қатысады. 2008 жылы Жапонияда сатылған электронды кiтаптардың 75 пайызы манга кiтаптары болып шыққан. Одан түскен табыс 35 миллиард иендi құраған».
Біз де ешкімнен кем емеспіз. 2018 жылдың жазында елімізде тұңғыш рет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ең негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту. Осы бағдарламаны жүзеге асырудың екі жылында инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылған. Қане, содан көрген пайдамыз? Біз өзі қазір қайдамыз?
Елді көп аралаймын. Алты ай жаз сапардамын. Сонда байқағаным, қонақ үйлер мен жол үстінде «ХХ ғасырда» келе жатасың. Дамуға емес, кері кету жолына түскендей ішің қан жылайды. Атағы дардай кей облыстарда интернет бірде ұстайды, бірде ұстамайды. Бұны көріп тұрып алыс ауылдар жайлы бірдеңе деуге ұяласың! Тәуелсіздіктің 30 жылында 18 министр бағы жанбаған «Білім және ғылым министрлігін» аяп кетесің. Отыз жылда он бес министр (екі жылда бір министр) білім саласына не әкелді? Несімен мақтана алады? Реформадан көз ашпаған мектептер мен жоғары оқу орындарының обалы кімге? Обал демекші, газет пен журналдан ат- тонын ала қашатын ұстаздар қауымы қайдан пайда болды?

 

 

Мұғалімді газет пен журналдан шектеу ауыр қателік, Асхат мырза!

Құдайшылығын айтайын, білім саласына соңғы келген министр Асхат Қанатұлына елдің құрметі ерекше. Жас болса да жаңашылдығымен, талапшылдығымен, өткеннен сабақ алғандығымен маған да ұнайды. Өзіне дейінгі министрлердің аяқ алып жүргісіз «реформаларымен» алысып, ұлт руханиятына тас кенедей жабысып алғаны жақсылық нышаны. Әйтпесе өзіне дейінгі министрдің былығымен былғанып, ақырында адам танымастай «өзгеріп» кеткендер қаншама. Біреуді сыртынан ғайбаттаудан аулақпын. Бірақ шындық осы! Шындықтан ешкім де қаша алмайды.
Талай дана мен ғұламаны ізгі жолға салған «Әліппені» құрдымға жібергеніміз көз алдымызда. Енді бүгін «Әліппені» қайтардық деп бөркімізді аспанға атып жатырмыз ғаламат жаңалық ашқандай болып. Барыңды жоқ қылған қоғамда, бұған қуану емес, жылау керек! Асылыңды ардақтай алмағаныңа өкініп, өкіруің керек.

Асхат Қанатұлына ерекше риза болатыным, «Барлық білім беретін мектептер мемлекеттік тілде оқытылуы тиіс» деген бір ауыз сөзіне байлаулы. Көкірегінде арманы көп жас азаматқа біздің билік мүмкіндік берер емес. Біресе Елбасы, біресе президент «Екі тілді тең ұстауымыз керек. Біз көп ұлтты мемлекетпіз» дегеннен таймай келеді. «Болар баланың белін бу» деген даналар сөзі далада қалып тұр. Министр Асхат Аймағамбетов әбден экспериментке айналған мектеп саласына келіп отыр. Тек оған еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жағы кемшін. Қолдау жағы аз. Демеу жағы тапшы! Кейде Асхаттың өзі жалған абыройдың соңында кетіп қалғандай көрінетіні бар. Ол «Мұғалім мәртебесін» көтеруде көрініс берді. Жас қой, тәжірибесіздік те бар шығар. Мысалы мұғалімдерді қорғаймын деп, сенбілікке қатысудан тыйғыңыз келді. Сенбілік – тазалық кепілі. Маңайын таза ұстау бәрімізге ортақ. Бұл жерде өзге халықтан мұғалімдерді жоғары қоюыңыз түсініксіз! Сайлауға қатыспайды деп нақтыладыңыз. Мұғалім – саяси күш емес пе? Неге ол қызу науқанның ортасында жүрмеске? Жалтақтамай сайлаудағы бұра тартушылықты неге әйгілемеске? Сөйтіп қоғамның демократиялануына қарлығаштың қанатымен су сепкендей неге жәрдем бермеске? Әкімдердің ырқынан шығаруды көкседіңіз. Ниетіңіз дұрыс. Олардың «құлы» болудан қорғағыңыз келді. Көңіліңіз адал. Бірақ «құлдыққа» «тағзым етіп» тұратын мұғалімді арашалап алғаныңызбен білімі мен білігі төмен мұғалім «құлдық» қамытын мойнынан ешқашан шешпейтінін есіңізде ұстаңыз.

 

Ақырында мұғалімдерді жұмсаған шенеуніктерге айыппұл салуға дейін бардыңыз! Газет-журналға жазылмауға пәрмен бердіңіз. Меніңше бұныңыз дұрыс емес, Асеке! «Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев өткен ғасырда айтқан сөз сөз-ақ! Олай болса мұғалім өзін асқақ ұстаса, парадан аулақ болса, өз мамандығына адал болса, қай заманда да құрметке лайық болып қала бермек.
Мұғалімге не керек? Білім керек. Жиырма бірінші ғасырдың мұғалімі ақпараттан да, саяси оқиғалардан да, танымдық мақалалардан да шет қалмауы тиіс. Олай болса газет пен журналдан оларды шектеу «ұлы» қателік! БАҚ қазір мектепке барып, директорға өтініш айтудан қалды. Себебі министрдің, демек сіздің қаулыңыз алдымыздан шыға келеді «айқайлап». «Мұғалімге күштеп жаздыртуға болмайды!». Бұл онсызда газет пен журнал оқымайтын, біліктілігі төмен, ой-санасы «мешеу» мұғалімдерге жақсы «қорған» болып тұр…
Менің осы жазғандарымды жүздеген емес, мыңдаған халық қолдайтынына сенімім зор, Асхат мырза!
Қазақ халқының өз менталитеті, өз тарихы бар. Одан ұзап ешқайда бара алмаймыз. Жыл сайын 100-ден астам мемлекетте Дүниежүзілік мұғалімдер күні атап өтіледі. Бұл – барлық мұғалімдердің, оқытушылар мен жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл мамандық иелерінің бүгінгі мәртебесі қандай? Бұл сұрақтың жауабы – «Педагог мәртебесі туралы» Заңда тұр. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтың ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтың әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педагогты материалдық және материалдық емес қамтамасыз ету, т.б. мәселелер қамтылған. Біздің мұғалімдер осыған сай ма? Бұл әлі де терең зерделеуді қажет ететін дүние! Себебі зейнеткер ұстаздар мен тәжірибелі мамандардың пікірлері назарға алынбағаны көрініп қалады. Сондықтан «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әлі де саралауға, әлі де кемшін тұстарын толықтыруға болады. Құран сөзі емес қой, заң дегенің…
Бірден айтайын, Асхат мырзаның әкеліп жатқан жаңалығы көп. Мысалы кеше ғана мен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясымен Ақтөбе облысында болдым. Асхат мырза да облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бес ауданды аралап жүрді. Бұған мен қатты қуандым. Жолымыз түйіспегенімен, мақсат-мүддеміз бір ғой. Илегеніміз бір терінің пұшпағы. Мен басқа аудандарда болып жолыға алмадым. Әйтпесе айтарым көп еді… Біздің «Qazaqstan dauiri» газеті, бір ғана президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен ғана емес, «ХХІ ғасырдың ауылы қалай болу керек?», «Бабалар рухына тағзым», т.б. бастамалармен 10 жылдан астам уақыт ел аралап жүр. Елді аралағасын, білім саласы мен ауылшаруашылық жағдайын да бақылап жүресің. Елдің сөзін ғана емес, өзімен кездесіп сөйлесесің. Кем-кетігін, жетістігін сөз етесің. Асхат Аймағамбетовтың аудан аралап жүруі өзге де шенді мен шекпендіге жұғысты болғай! Халықтың мұңы мен құнын білу үшін елмен бірге болғанға ештеңе жетпейді.
Көзі қырағы, сөзі салмақты Асхат мырзаға айтар ұсыныстарым да бар осы жерде. Соңғы жылдары мектептерге газет-журналға жаздыру қиынға соғып барады. Қазір мен төрт облыстың үш-үштен аудандарын аралап келемін. Әдейі мектептерде мұғалімдермен жолығып, оқушылармен кездесу өткіземін. Сонда байқағаным, «Газетке жазылмаңдар, журналға мәжбүрлемеңдер» деген сөз жиі айтылады. Бұл менің жүрегіме найзадай қадалады. Президенттер «Рухани жаңғыруды» айтып жатса, мұғалімдер рухани баюды қажет етпей жатқандай күйде боламыз. Оқушылар «Мөлдір бұлақты», «Айгөлекті», «Балдырғанды» оқымаса, олардың келешегі не болмақ? Онсыз да кітап оқымайды деп зарлаймыз, күні ертең әдебиетке қадам басқан жас жазушы осы газет-журналдар арқылы көтерілмей ме өнер аспанына? Айтпаса сөздің атасы өледі, бізді қынжылтатыны ата-аналардың кейде «Газет-журналға мәжбүрлеп жатыр жазылуға» деп байбалам салатыны. Бұны қазақ «Ойбайға аттан қосу» дейді. Сол ата-аналар балаларының болашағына балта шауып, өз отырған бұтағын өзі кесіп жатқанын біле ме екен?
Жалғыз біздің «Qazaqstan dauiri» емес, өзге де қазақ баспасөзі қалыс қалып бара жатыр бәрінен. Алайда ел аралайтын, жер барлайтын, мектептерді мазалайтын, халықтың жанайқайын көзбен көріп жеткізетін бізден басқа кім бар? «Егемен Қазақстан» биліктің қолдауындағы газет. Әкімшіліктер жүз мыңдап жаздырып беруге қауқарлы. Оған «Аға газет» деп құрметпен қараймын. «Айқын да» үкіметтің жанашырлығына бөленген газет. Ал біздің жағдай мүлде басқа. Бізде бір Алла мен халықтан өзге қолдаушы жоқ. Қаншама қазақ газеті жабылғанын айтудың өзі өте ауыр.

 

 

 

 

Вертикалды басқару «бүйректен сирақ шығару» емес пе?

Біз ел аралап жүріп мектептердің вертикальді басқару жүйесі өте ойланбай жасалғанын байқадық. Оның кедергісі мен қиындығы бір төбе! «Неге бұлай? Вертикалды басқару жүйесі не үшін таңдалды?» деп бірнеше мәрте әжептәуір шенділерден сұрадым. «Жемқорлықпен күресу үшін» деген жауап алдым. Айналайындар-ау, біз жемқорлыққа белшеден батқан мемлекетпіз ғой, сондықтан жемқорлықпен бұлай күреспес болар. Мысалы территория жағынан ауданға қарайтын білім саласы бірдеңені шешу керек болса облысқа шапқылайды. Кейбір облыстармен ара қатынас екі мың шақырымға дейін созылып жатыр. Жақындары мың шақырым болып қалар. Сонда не нәрсе облыспен шешілетін? Бұл да бұрынғы білім министрлерінің реформаларының «жетістігі». «Ұжымдастырудың» салдары… Сөзім құр болмасын бір облыста іссапармен жүргенде мына құжатпен таныстым. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2021 жылғы 13 тамыздағы № 21-14/4867 хат облыс әкімдіктерінің ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап аудандарда, қалаларда немесе облыстық және Республикалық маңызы бар қалалардағы аудандарда, астанада орналасқан білім бөлімдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Нұр-Сұлтанның білім басқармаларына қарасты және бақылауында екенін жеткізеді.

Бұдан басқа, бюджеттік жоспарлау саласында білім беру нысандарын ұстауға және салуға арналған шығыстар бөлігінде басқарудың аудандық деңгейден облыстық деңгейге жаңа форматы енгізілді. Осылайша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері өздерінің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағындағы білім беру жүйесі проблемаларынан шеттетілді…». Менің айтып отырғаным осы құжатқа қатысты.
Бұл құжаттан түсінгенім, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап барлық өңірлерде аудандық, қалалық білім бөлімдері мен оларға қарасты білім беру ұйымдары вертикалды басқару жүйесіне өтті. Яғни тікелей басқармаға қарасты болды. Аудандар мен қала әкімдіктері сырт қалады.
Бұл дегеніміз олар енді бұл салаға араласа алмайды. Кез келген жағдай орын алса, олардың оны реттеу мен қалпына келтірудегі тетіктерді шектеді. Сондай-ақ сенбілікке шығу, әлеуметтік шараларға тарту, саяси маңызы бар науқандарға қатысу мәселесі де осы құжатпен іске асып отыр. Әлі күнге мектептегі оқу бағдарламасы мен оқу кітаптары сын көтермейді. Сөйте тұра шағын елді мекендерді жоғарыға «жалтақтатып» қою не үшін керек болғаны түсініксіз? Бұл мәселе жөнінде облыс әкімдері мен осы саланың басшылары, білікті мамандары бірнеше рет министрлікке хат жазды. Тіпті облыстардағы бір кездесуде ел президенті Қ.Тоқаевқа да айтылды. Бірақ осыдан шыққан нәтиже жоқ.
Біз батысқа еліктеуден алдымызға жан салмаймыз. Алайда олардың даму сатысын, осы деңгейге қалай жеткенін саралауға жоқпыз. Неге біз күн шығыстағы Жапониядан үлгі алмаймыз? Кешегі арманда кеткен алаш арыстары да «Бізге Ресей мен батыс үлгі емес, бізге Жапония үлгі!» деп, ақырында жапон тыңшысы болып атылып кетті емес пе! Неге солардың ізгі арманын жалғамасқа? Неге? Қазір менің жанымды күйдіріп тұрғаны қай ауданға, қай мектепке барсам да «Апай, газетіңіз де, журналыңыз да жақсы. Тағылымды дүниелер көп. Алайда біз мұғалімдер мен оқушыларды жазылуға мәжбүрлей алмаймыз» дейді. Сондай кезде ойланамын: Біз осы қайда бара жатырмыз? Ұлттық құндылықтан ажырау деген – баспасөзден бас тарту емес пе? Газет, кітап оқымаса, адам баласының ой-өрісі қалай көктемек? Қалай рухани жаңғырмақ?
Аса құрметті Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!
Аса құрметті Үкімет басшысы Асқар Мамин мырза!
Аса құрметті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза!
Біздің рухани байлығымыз оқу болса, бұл жөнсіздікті тоқтату керек. Біз әлі толыққанды интернетке қол жеткізген ел емеспіз. Сондықтан «Мәжбүрлемеу керек» деген сөзден бас тартыңыздар. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, оқушылар мен мұғалімдер қауымын керісінше газет-журнал және кітап оқуға мәжбүрлеу керек. Әркім өз қалауынша газет-журналға жазылып отырсын деген тапсырма берілетін кез келді. Бұл жалғыз менің газетіме емес, барша қазақ газетіне қолдау деп түсіну керек. Орыс газеттеріне еш қауіп жоқ. Олар қалқып ішіп, қайқаңдап жүріп жатыр.
Бізде мемлекеттік газеттер мен жекеменшік газеттерде алалау бар. Дамыған елдерде бұның бірі жоқ. Иә, қазақ газеттері тендер алады. Оған да шүкірлік айтамыз. Әйтеуір бір жыртығымызды жамауға ол да көмек. Әділдікті бірінші өзімізден іздейік, «кім менің сөзімді сөйлесе, оған жаным ашиды, кім мені сынаса, оны қаным сүймейді» дегеннің кебін киіп жатырмыз.
Елді біз неге аралаймыз? Өз күнімізді өзіміз көру үшін. «Nur Otan» мен Ауылшаруашылығы министрлігіне бізді үнемі қолдағаны үшін айтар алғысымыз шексіз! Он жылдан асты елмен бірге жүріп жатырмыз.

Түйін:
Рухани байлығы жоқ ұстаздан сақта, құдай!

Біз осы мақаламызда білім саласының баспасөзге енжар тартқанына негізінен назар аудардық. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» дегендей басқа салаларда да енжарлықтан мақұрым емес. Иә… ондаған газет-журналдың басшылары карантин қыспаққа алғанда Президент мырза, өзіңізге хат жолдағанбыз бір жылдай уақыт өткеніне қарамастан ол хатымызда көтерілген мәселелер шешілген жоқ. (https://www.elana.kz/qazaq-baspasozine-zor-qauip-tonip-tur/)
Біздің жоғары жақ қай кезде де сыртқа еліктеуге құмар. Сыртқа жалтақтауға құмар. Қазір бар салада батыстың қаңсығы – таңсық! Елбасы «Рухани жаңғыруды» дәріптеуге шақырды. Барлық жерде «Рухани жаңғыруға» қатысты жиындар өтті. Көшеде толған плакаттар. «Рухани жаңғырудың» мақсаты да елге дұрыс ақпарат жеткізу, елдің қалғып кеткен рухын қайта ояту емес пе еді? Жоғарыдағылар еліміз түгел интернетпен қамтылды дегенде көкіректері қарс айырылып кете жаздайды. Бірақ бұл – өтірік ақпарат. Болашақта боларына күмән жоқ. Бірақ дәл қазіргі уақытта облыс орталықтарынан шалғай жерлерде, тіпті аудан орталықтарында интернет жылдамдығы өте төмен. Әсіресе бұл қиындықты мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатты тартып отыр.
Екі жылдық карантин салдары бар саланы тұқыртып тастады. Біздің елде ғана өкіметтік және жеке серіктестік газеті бар. Бұл ешкімге жасырын емес. Атауларынан-ақ екі газеттің тыныс-тіршілігін бағамдай бер! Бұған дейін жазғанымдай қазақ газеттері баяғы таз кепісін әлі басынан тастаған жоқ. Билік те мойын бұрмай тұр. Баяғы жартас – сол жартас. Не нәрсенің де науқаны болады. 25 қыркүйектен бастап өзін-өзі қаржыландыратын газеттер-жеке серіктестер жолға шығып, ауыл-ауылды аралап, өз нәпақасын өзі таппаққа әрекет етіп жатыр. Соның бірі біздің ұжым. Тайлы-тұяғымыз қалмай жолда жүрміз. Іссапардамыз. «Жазылу науқаны – 2022» басталып та кетті. Осындай сәтте қазақ газеттерінің нарыққа төтеп бере алмай жабылып қалғанын, жабылмағандары қалт-құлт етіп жанын әзер бағып тұрғанын айтпай кетсем арға сын! Әрине біз жоғарыда айтқан мемлекетке арқа сүйеп отырған газеттерге ілесе алмаймыз. Олар ондаған, жүздеген миллион тендер алатыны, жазылуға келгенде алдыңғы орыннан көрінетіні айдан анық. Оларды қызғанбаймыз, қызыға қараймыз.
Ең бірінші айта кетерім, газетке халықтың ниеті жақсы. Қабылдаулары да керемет. Бізді мазалайтыны, биліктегі бастаушы партиядан бастап, қолында үлкен лауазымы бар шенеуніктен төменгі сатыға дейінгі бастықтарға дейін руханияттың қайнар көзі газетке жазылуды «Мәжбүрлемеңіздер! Ешкімді күштемеңіздер!» деген сөздері бізге (жеке газеттерге) қиындық туғызып тұрғанын айту міндет! Сонау соғыс кезінде, тіпті заман жаман уақытта да газет-журналдардың қызметі тоқтамағанын, халыққа жігер мен тыныс бергенін есімізден шығарып алғанымыз қалай? Қиын заманда халыққа қалтқысыз қызмет еткен пошталардың бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірде мардымсыз тірлігін мәселе етіп бірнеше мәрте көтердік. Нәтиже нөл! Арзан абырой деп бекер айтып отырған жоқпын. Қай жерге барайық, алдымыздан шығатын бір сөз «Газетке ешкімді мәжбүрлей алмаймыз». Бұл министрліктер мен өзге де басшылық қызметтегі шенеуніктердің ойлап тапқан жаңалықсымағы ғана. Рухани байлықсыз мұғалімнен не қайыр, балалар журналын оқымаған оқушыдан ертең ұлтын сүйер патриот шыға ма? Басшы жолдастар-ау, интернет заманы дейтін шығарсыңдар. Онда неге интернетке ауыл түгілі аудан орталықтары зәру? Бір сәт шындықтың жүзіне тура қарайықшы!
«Газетке жазылмайды» деген сөз, «газет оқымаңдар» дегенмен пара-пар емеуірін. Одан да жазылыңдар, «Өздерің жүректерің қалаған газет-журналға жазылып отырыңдар» деген әлдеқайда артық емес пе? Халыққа таңдау еркіндігін берсе, халық өзі таңдайды ғой. Таңдау болса көптеген газет-журналдарға жол ашылар еді. Биліктің қай газетке күштеп, қай газетті шеттетіп жатқаны бесенеден белгілі. Біздің журналымыздың көптеген оқырмандары мектепте. Олар балалар. Мені ойландыратыны, газет-журналға емес, басқа дүниелерге неге тежеу болмайды осы? Менің оң жамбасыма келетіні білім саласы. Осы саладағы түрлі қарама-қайшылықтарға қарным ашады. Жақсы ісін көріп көңілденемін, жамандығын көріп күйінемін. Бұл мақалада жол үстінде, іссапар барысында жедел жазылды. Көзбен көргендерімді, көкірекке түйгендерімді халықтың назарына ұсынғанды жөн көрдім. Халқым саған айтамын, билік сен де тыңда! Себебі Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздіңше осы баспасөзден басталады. Осыны терең ұғынсақ деген сарабдал ой ғана біздікі.

 


Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері