Баспана бақытына қол жеткізетіндер қатары артты

Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, үй баспанасыз жанның басты мұңына айналады. Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін баспаналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлерде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы біршама тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне берілді. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр,-деп хабарлайды «Elana.kz» сайты.

Мемлекеттің мыңдаған азаматтарға жасаған қамқорлығы мен мүмкін-діктерінің нәтижесінде әрбір азамат өз шаңырағының иесі атанып, мерейі тасуда. Биыл Жамбыл облысында 615 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 10 айында 460 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді десек, бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті пайызға көп.

«Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 33,2 миллиард теңге бағытталған. Нәтижесінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2,5 мың жер учаскесіне инженерлік коммуникациялар жүргізу жоспарлануда.

«Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 3766 пәтерлік 65 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 945 пәтерлі 17 тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерді, нәтижесінде кезекте тұрған 530 отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

— Жыл соңына дейін ауданы 115 мың шаршы метрді құрайтын тағы 38 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Осылайша, 2236 отбасының баспана мәселелері шешілмек.

Сонымен қатар, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ежелгі асар дәстүрі жаңғыртылуда. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты – ауылдастарының ортақ күшімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көп балалы отбасылар секілді көршілеріне тұрғын үй салып беру болып табылады.

Бұл ретте бірінші кезекте кімге көмек көрсету керектігін жергілікті ақсақалдар кеңесінің мақұлдауымен тұрғындардың өздері шешеді. Жер учаскесін бөлу мен құрылыс материалдарымен қамтуда жергілікті атқарушы органдар да игі іске атсалысады.

Биыл көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі «Асар» бастамасы аясында облыс бойынша 117 үйдің құрылысы қолға алынса, оның 45-і аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 56 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.