Бәсекелестік алға жетелесе, достық біріктіреді

Түркістан қаласының кішкентай тұрғындарын ізгілікке бастайтын іс-шаралар жиі өткізіліп келеді. «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде балаларға арналған «Бала тілі – бал» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін насихаттау және жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыруға, олардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Мазмұнды шараға лагерь тәрбиеленушілерімен қатар Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев қатысып, балаларға ізгі тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі. Бағдарлама барысында қызықты ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, Түркітілдес халықтардың кітапханасы ұйымдастырған «Еркін тақырып» атты сурет салу байқауында балалар өз қиялдарын қағаз бетіне түсіріп, салған суреттерінің мәні мен идеясын әсерлі түрде таныстырды. Байқау соңында Түркітілдес халықтардың кітапханасының директоры Мария Күрышбаева үздік қатысушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады. Балалардың жарқын күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйіне толы өткен бұл шара олардың жазғы демалысын ерекше әсерге бөлеп, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыра түсті.

Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты N1,3,7 кітапхана филиалдарының ұйымдастыруымен дәл осы лагерьде «Балалар әдебиетінің бақшасында» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті. Ашық аспан астында өткен іс-шара барысында демалушы балалардың арасында «Ойлан, тап», «Мың бір мақал — жүз бір жұмбақ» атты тапсырмалар орындап, кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндірді. Негізгі мақсаты балалардың ой-өрісін кеңейтуге, тапқырлығын дамытуға, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Бәсекелестік алға жетелесе, достық біріктіреді. Осы бағытта тәрбиелік сағаттар да өткізіліп тұрады. Іс-шара барысында оқушылар бәсекелестіктің адамды жаңа белестерге жетелейтін, өзін-өзі дамытуға ынталандыратын маңызды күш екенін атап өтті. Сонымен қатар, кез келген жетістіктің негізінде өзара қолдау, сенім, сыйластық пен шынайы достық жататыны туралы ойларын еркін жеткізіп, өзара пікір алмасты. Бұдан бөлек түрлі өмірлік жағдаяттарды талдап, топтық жұмыстарға белсене қатысып, көшбасшылық, жауапкершілік, бір-бірін тыңдау және ортақ шешім қабылдау дағдыларын көрсетті. Ашық пікірталас арқылы олар бәсекелестік пен достықтың бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше, қатар жүретін, тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін маңызды құндылықтар екеніне көз жеткізді. Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың бойында адалдық, ынтымақтастық, құрмет, өзіне деген сенімділік пен азаматтық жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.