Барымызды бағалап, жаңа жылға сенім артайық!

Қарбалас тіршілікпен өткен 2017 жыл да арта қалып барады. Оған артар өкпе-наз жоқ.  Керісінше қимастық сезім бар. Өйткені ел мерейін үстем еткен ЭКСПО – да осы жылдың еншісіне жазылды. Ұлт рухын көтерген (Таза қазақ тілінде жазылған) ел президентінің Рухани жаңғыру мақаласы да тарихта осы жылдың еншісінде қалмақ.

Термелей берсек, өзге де қазақтың мерейін тасытқан өрелі істер жетіп артылады. Әсіресе «Алаш қозғалысының 100 жылдығы», Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық мерекелері ел есінде қалмақ. Әрине, әттеген-айлар  да баршылық. Жамандық пен жақсылықтың үнемі жағаласып жүретінін ескерсек, бұл да болатын, болуға тиіс кемшіліктер.  Алайда мұның барлығы ел тыныштығынан жоғары тұра алмайды.  Ел экономикасының қарыштап дамуы үшін, әлеуметтік саланың жандануы үшін ынтымақ пен бірлік маңызды фактор. Ол, құдайға шүкір, бізде бар.  Ендеше ел болашағының жарқын екені айқын!

Шаңырақ көтергеніне жылдан асқан біздің сайтымыздың да ел игілігіне қосқан үлесі қомақты. Жыл бойына сайт ұжымы тынымсыз жұмыс істеп, елімізде болып жатқан үлкенді-кішілі істердің бәріне араласып, қолдарынан келгенше жарқыратып көрсетуге тырысты. Оны қалың ел таныды. Қуанышқа қуанды, қиналғандарға қол ұшын берді. Алда да «ЕлАна» қалың бұқарамен бірге болып, кең арнада жұмыс істейтініне сенім мол.

Алдағы 2018-ші ит жылынан да күтеріміз көп. Осы жылы ел ырысы артып, демографиялық жағдай күшейіп, түйіні шешілмей келе жатқан әлеуметтік проблемалар тарқатылып, халықтың табысы еселеп көбейсе деген арман – тілек  бар. «»Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Шерхан ағамыз айтпақшы, «Елбасы біреу, қалғанымыз оған тіреу» болып, ит жылында да алғырлық көрсетіп, межелеген басты мақсаттарға бірге қадам басуды Алла Тағала баршамызға нәсіп еткей! Итше ырылдасып, бірімізді — біріміз талап, ұлттың ынтымағын емес, өз жеке пайдасын ойлағандардың айтағына еріп кетуден Жаратқан Ие өзі сақтасын!

«Бақыт — қайда барасың?» деп сұрағанда, «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген екен. Онда біздер, сол бақыттың қонатын ауылы, қимас досы болайық!

2018 жыл барша Қазақстандықтарға жайлы жыл, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болсын!  Әлемдік саясат сағат сайын өзгерген бүгінгі дәуірде, ақылды, білімді, бірлігі мығым елдер ғана тарих сахнасында өз рөлін сенімді ойнай алады. Берекесі қашқан жұрттың елі мазақ, жері азап құшағында қалатыны сөзсіз. Сондықтан ойланайық. Сабақ алайық. Барымызды бағалайық. Ең бастысы сабыр сақтайық!

Құрметті ағайын! Жаңа жыл әр отбасыға қуаныш пен бақыт сыйласын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Дархан даламызға бақ қонып, Қыдыр дарысын!

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан Заман» халықаралық газетінің бас директоры

және «ЕлАна» сайтының бас редакторы