Барлық мектептерді қазақ тіліне аудармай, ынтымағымыз күшеймейді

        Мен бұл ұсынысты елдің бірлігін, ынтымағын бұзайын деп айтып отырған жоқпын. Қайта еліміздің бірлігіне бірлік, ынтымағына ынтымақ қосу ниетінде айтып отырмын. Ахмет Аляз деген түрік бауырым осы ойды айтқанда, мен оның арғы ойын бірден түсіне алмай, әп дегенде қарсылық көрсеттім. «Әй, Ахмет бей! Біз бұл ойы-мызбен ұлттар досты-ғының арасына сына қаққандай боламыз. Оның үстіне біздің тілімізді жиырма жыл өтсе де үйренбеген орыстар ондайға бармақ түгілі көтеріліске шығып кетуі әбден мүмкін» деп, күдігімді айттым. «Аға, — деді ол, — қазақта «араласпасаң, жат боласың» деген мақал бар. Қазір бізде орыс, қазақ мектептері, балабақшалары бөлек-бөлек. Әркім өзімен-өзі өмір сүріп, оқып жатыр. Яғни олар, мақалда айтылғандай, бір-біріне жат. Біз балаларымызды араластыруымыз керек. Ол үшін орыс және басқа этностардың мектептерін, балабақшаларын қазақ тіліне ауыстыру қажет. Балаларымыз бірге өседі, бірін-бірі таниды, дос болады. Үлкейіп, ересек болғанда да араласып тұрады. Яғни халқымыздың ынтымағы, бірлігі артады». Идея дұрыс. Бірақ бұл идеяны тек Президентке жеткізу керек. Сол кісі ғана оны жүзеге асыра алады. Алдымен, әрине, насихат жұмысын күшейтіп, түсіндіруіміз абзал.

    Елбасымыздың өзі «Мемлекеттік тіл — Қазақстанның болашағы» деп айтқан жоқ па? Айтты. Соңғы кездері мемлекеттік тіліміз ынтымақ, бірліктің ұйтқысы деп те айтылып жүр. Бірақ бұл пәрменді болмай тұр. Баяғы құлдық психология, баяғы жасқаншақтық. Өз елімізде өз тілімізді жандандыра алмай жүрміз. Бұл, әрине, бейшаралық! Меніңше, бұған қарапайым халықтың өзі де кінәлі. Намыс, рух болмай тұр. Ең басты кінәлі билік дер едім. Үлкенді-кішілі жиналыстардың барлығы орысша жүреді. Себебі шенеуніктердің дені қазақ тілін шала біледі. Мемлекеттік қызметке қабылдағанда “мемлекеттік тілді білу керек” деген қатаң талап болмай, бұл кемшілігіміз жалғаса бермек.

    «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы 1990 жылдарда қандай еді, шіркін! Қазір бұл ұйым сол пәрменділігінен айырылып қалды. Біз енді қайта шамырқанып, сонау билік есептесетіндей нәтижелі, батыл іс-қимылға барсақ, әлі де қоғамның беделін көтеруге болады.

    “Елбасы және мемлекеттік тіл” атты жиналыста жақсы ойлар, идеялар айтылды. Оларды жинақтап, ұсыныс ретінде Елбасымыздың өзіне жолдамасақ, бұл сөйлегендеріміз, пікірлеріміз дәл осы жерде қалып қояды.

                Сергей Владимиров: Бізге қазақ тілі емес, ағылшын тілі керек     

    «Сіз осы қазақ жерінде туып-өстіңіз. Жетпіс жылдан бері жаман өмір сүріп жатқан жоқсыз. Неге қазақ тілін білмейсіз?» — деп орыс ақсақалға сауал тастағанымызда, ол кісі былай деп жауап берді: «Кеңес өкіметі кезінде қазақ тілі қажет болған жоқ. Мен тәуелсіздіктеріңізді алған соң, бізді бұл тілді үйренуге мәжбүрлейді ғой деп ойлағанмын. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп дұрыс бастадыңдар. Содан соң бізге жалтақтадыңдар ма, әйтеуір, қазақ тілі кейін ешкімге қажет болмай қалды. Қазаққа қажет емес тіл бізге неге керек? Қазір Н.Назарбаев үш тілді меңгеруге талап қойды. Қазақ тілі, менің ойымша, күндердің күнінде тұғырынан түседі. Орыс тілі Ресей тұрғанда өлмейді. Енді біз ағылшын тілін жатпай-тұрмай балаларымызға үйретуіміз қажет. Сонда біз әлем есігін айқара ашамыз».

    PS: Президентіміз «Қазақстан — 2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз» дегені баршаға аян. Алайда арамызда ана тілінде сөйлей білсе де, оны менсінбей, орыстың тілін артық көретін, біле тұра сөзіне тұздық ретінде, бөгде сөз араластыратындар қаншама! Ондайлар үшін орыс тілі — беделін арттырып, өзін өзгелерден жоғары етіп көрсетудің тың әдісі. Мемлекеттік тіліңе мұрнын шүйіріп қарайтындары соншалық, орысша сұрағына қазақша жауап берсең, саған деген көзқарасы дереу өзгеріп шығатыны тағы бар. Ендеше, тіліміз осылай формальды түрде ғана мемлекеттік сипатқа ие болып, бұқара арасында «мәдениеттен артта қалғандардың» тілі санала берсе, Елбасымыз айтқандай қазақ тілі мемлекеттік тіл мәселесіне көтерілгенде ғана Қазақстан Қазақ мемлекеті болатын болса, тіліміздің қорлануына бей-жай қарауымыздың арқасында әзірге Қазақ-Орыс мемлекеті бола бермек! Бұл — ащы да болса, мойындауымыз тиіс шындық. Осы тұрғыдан, ұлт жанашырлары қазақтың тілін орыс тілінен биік мәртебеге ие екенін көрсететін жол табуды кешіктірместен қолға алуы тиіс. Әрине, «көп түкірсе — көл» демекші, «Қазақ тілі қоғамы» сияқты осындай басқосулар жиі ұйымдастырылып, тіліміздің болашағы тереңнен талданып жатса, кәнеки! Тек қана «Күлтөбенің басында күнде жиын» секілді, айтылған сөз айтылған жерде қалмасын делік!

Ертай Айғалиұлы,

“Қазақстан-Zaman” газетінің Бас редакторы, жазушы