БАҚ жемқорларды сынай алмаса, несі БАҚ?

Кез келген қоғам заңға бағынбай өмір сүре алмайды. Өзін демократиялық яғни құқықтық мемлекетпін деп санайтын елдер бұл қағидадан ауытқымайды. Рас, бұл сөз жүзінде, ал іс жүзіне келсек, мәселенің мүлде басқа бағытта өрбитініне көз жеткізуге болады. Мәселен, ТМД елдерінің көпшілігі дерлік қит етсе болды, бәріне мұхит артында жатқан АҚШ-тағы Мемлекеттік департаменті кінәлі деп санап, бар бәлені соның басына үйіп-төгетіні жасырын емес.

Мысалы, олар араб елдерінде, бертінде ТМД елдерінің бірқатарында бой көрсеткен қызылды-жасылды төңкерістерге солардың қатысы бар деп өзеурегені күні кеше-тін. Рас, біздің елде де заңдар қабылданып, реформалар жүргізіліп жатады. Бірақ олардың орындалуы қалай дегенге келсек, күмілжуге мәжбүрміз. Сол себепті, заң мойындалуымен тұрақты, орындалуымен қуатты болмай тұрып, демократиялық яғни құқықтық мемлекет құрдық деп жаһанға жар салуға ертерек сияқты.
Заң дегеннен шығады, өткен жылғы жерге қатысты толқулар кезінде де осы мәселе алдымыздан шыққан. Сол кезде білмегендіктен бе, болмаса қасақана солай жасады ма, біздің елдегі ресейлік телеарнаның бір филиалы «Қазақстан аумағында өткен жер митингілеріне әр адамға 100-150 доллардан таратылды» деген ақпарат таратып жіберген болатын. Сол арқылы біз басқа жұрттың көз алдында: «Өз жерінің тағдырын қорғап, оған араша түсуге қазақ халқы тек ақша алу үшін ғана алаңға шығады»,— деуге келіп саятын жаман атқа іліккендей болғанбыз. Халықтың қаһарынан қорыққан билік қоғам жіктерін сабасына түсіру үшін комиссия құрып, соның отырыстарында жер мәселесіне қатысты тыңдаулар өткізіп, ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған. Елбасы болса аталған мәселеге қатысты бес жылға дейін мораторий жариялап, жұрт толқуы саябырлаған-ды. Биылғы жылдың саяси оқиғаларына келсек, одан аттап өтуге болмайтын екі маңызды мәселе бар, олардың екеуі де заңға қатысты.
Оның біріншісі — ендігі жерде Қазақстан азаматы өзін-өзі президенттікке ұсына алмайды деген өзгерту. Тіпті қызды-қыздымен келіп, бір депутаттар: «Президенттікке шетелдегі біздің елшілерді қатыстырмау керек, өйткені олар республикада тұрақты түрде өмір сүрмейді»,— деуге дейін барған-ды. Бұл нағыз жағымпаздық пікір ғой. Әйтпесе заң шығарушы органда отырған халық қалаулысының шетелдегі өз елінің атынан қызмет атқарып отырған елшілердің отырған ғимараттары әлгі елдің меншігі саналатынын әрі ол елшінің Қазақстан азаматы екендігін білмейді деуге ауыз бармайды. Оны біле тұрып әлгіндей шетін пікір айтса, ол сол депутаттың арына, азаматтығына сын деу орынды. Ал бұл заңның бабы шындығында Конституцияға қайшы келеді, бірақ, соған қарамастан біздің билік партиясы бастаған «елпек» парламент оны қабылдап тастады. Аталған түзетуге сәйкес, ендігі жерде мемлекеттік басқару саласында кемінде 5 жыл еңбек өтіліне ие үміткерді тек саяси партия мен республикалық мәртебесі бар қоғамдық ұйымдар ғана ұсына алады. Ал біздің елдегі ұйымдар мен партиялардың қандай жағдайда өмір сүріп, кімнің аузына қарайтынын ескерсек, ертеңгі президент сайлауына кім түсіп, кім жеңетініне алдын ала болжам жасай беруге болары хақ. «Біз — құқықтық яғни демократиялық елміз»,— деу бізге жараса ма? Мұның айналып келгенде азаматтың Ата заң берген құқықтық және моральдық қақысын шектеп, оның өз құқығын пайдалануға кесірін тигізері анық.
Екінші өзгерту — алдағы уақытта кез келген ақпарат құралы жемқорлық туралы өз материалдарын жариялау үшін сол жемқордың жазбаша рұқсатын алуы тиіс. Мұны жемқорлық туралы ауыз ашпауға жасалған заңдастырылған әрекет деген дұрыс сияқты, өйткені, бұдан кейін ешбір ақпарат құралы коррупция туралы бір ауыз сөз айта алмай, айтса, заң алдында жауап беретін пұшайман күйге түспей ме? Сондықтан бұл өзгерісті халық үшін жақсылығынан тыйымы, шектеуі басым ресми құжат деу орынды. Соған қарағанда, бұл биліктің балама күштер мен балама ақпарат алдындағы үрейі мен қорқынышының бой көрсетуінен туындаған шешім тәрізді. Кез келген қоғам дамуының өз заңдылықтары барын ескерсек, жоғарыдағы екі өзгерістің де ертеңдері жаңа өзгерістермен алмастырылып, болмаса қолданымнан мүлде алынып тасталуы ғажап емес. Ай сайын болмаса да, жыл сайын толықтырылып, өзгертіліп жататын заңдарымыз соның айқын дәлелі. Тек ол өзгертулер мен толықтырулар шынайы демократияға жұмыс істеп, сондай құқықтық мемлекет орнатуға атсалысатын барлық күштердің басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылуға түрткі салатындай қозғаушы күш болса дегіміз келеді. Әйтпесе, «заңшығарушылық» ойнаумен алысқа ұзамайтынымыз кәміл.

Ермек Сахариев