Балпақ іннен шыққан күн

Сонымен қазір көпшілігіміз жыл басы 21–22 наурыз деген ұғымға ден қойып, дағды алдыра бастағанымыз жасырын емес. Алайда біз оның астарлы мағынасына жіті мән беріп жүрміз бе? Олай болса жыл басы наурыз айының нақты қай жұлдызында басталуға тиіс? Бұған орай байырғы болжамдар мен дала қазағының табиғатты жіті бақылаған білігінен кімнің не білгені бар? Әлде «көп айтса көндінің» керімен бұдан былай да ескі сүрлеу ізімен жүре береміз бе?

Ал енді біз бүгінгі Батыс аймағында тұратын қазақтардың (Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе) не үшін 14 наурызды «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайтынына жіті мән беріп жүрміз бе? Жалғыз Батыс аймағын жайлаған ағайындар, Ресей мен Қарақалпақстанда тұратын қандастарымыз ғана емес, барлық Дағыстан халықтары, соның ішінде Әзірбайжандар да жыл басы деп бір-бірімен тап осы 14 наурызда көрісетінін қандай табиғи құбылыспен немесе этникалық байланыспен түсіндіруге болады?

Табиғаттың тілін бір кісідей түсінген бабаларымыз Жердің он екі айда Күнді бір айналып шығуын «жыл» деп атаған. Жалпы жұртқа белгілі, жыл басы – тышқан. Халық арасында «Тышқан қалай жыл басы атанды?» дейтін балаларға арналған ертегіде осы мәртебеге ие болу үшін таласқан хайуанаттар арасындағы оның айлакерлікпен жеткен әрекеті ерекше айтылады. Ал бұл ертегінің балаларға арналу себебін түсіндірмей-ақ қойса да болатын шығар. Өйткені көшпенділер өзінің ғасырлар бойы жинақтаған табиғи тәжірибесін бауырындағы баласына тал бесікте жатқанда анасының ақ сүті мен әлдиі арқылы дарытуға тырысқан.           Бүгінгі Поволжье, Ресей, Орта Азия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Иран, Қазақстанның құмшауыт пен тақыр жерлерін мекендейтін, ұсақ кеміргіштер тобына жататын, қорқу дегеннің не екенін білмейтін өжет әрі өте сақ тышқанның Балпақ деген түрі болады. Өзі үш-төрт жылдан артық өмір сүрмейді. Жыныстық зеректігі өмірінің екінші-үшінші жылы ғана кемеліне келіп, толыса бастайды. Отызға тарта шөптің түрімен қоректеніп үнемі өсімдік тамырынан ылғал соратындықтан суға да аса құмар емес. Оның аса бағалы жон терісі сәуір айының ортасына қарай түлеп, күн көзіне шығылысып қып-қызыл болып, жанардың жауын алып құлпыра түседі.

Бір қызығы, әлгі мақұлық жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құшағында өткізеді. Құм шыжғырған шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын әбден қандырып, қыс күрмелер күні, яғни 13 наурызда бір-ақ оянады. Соған қарағанда жыл мезгілінің ауысуына байланысты табиғатта болып жататын ерекше өзгерістерді бірінші осы тышқан тұқымы сезетін болса керек. Қысқы ұйқыдан алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, сол күні табиғаттың қандай мінез танытып тұрғанына қарамастан, қыстай жатқан індерінің аузын, ішін толайым тазалап алып, бір-бірімен кісі сияқты көріседі. Егер күн райы жылы болса, сол сәттен бастап тіршілігін жалғастырады. Ал ауаның әлі де болса сынбаған, қытымыр екенін байқаса, Балпақ қалыпты әдетімен ініне кіріп алып күн жылынғанша қайтадан көз шырымын алуға кіріседі.

Мұндай табиғи құбылыстарға таң қалуға да болмас. Мысалы, кемірушілер отрядының тиін тәрізділер тұқымдасына жататын, Қазақстанның орманды даласы, шөлді жерлері мен таулы аймақтарында ұшырасатын, терісі аса бағалы, майы халық медицинасында әр түрлі сырқаттарға ем ретінде кәдеге жаратылатын Суыр деген сүтқоректі бар. Солардың өз арасында болатын адам айтса нанғысыз «Суырдың қыз ұзату» рәсімін аңшылықпен айналысатын ағайын білуге тиіс. Қаз қатар тізіліп тұрып ұяластарын ұзатқан сәтте Суырлар адамша қимастық танытатындарын аңшылар әңгіме еткенде оны бей-жай отырып тыңдаудың өзі мүмкін емес. Ал Қазақстанның Жайық, Сырдария, Ертіс, Іле, Шу, Тентекқара, Қобда өзендерінде кездесетін, тіршілігінің көбі суда өтетін, аса бағалы терісінің ерекше жұпар иіс шығаратын қылшықтарынан парфюмерияда қолданылатын «құндыз жұпары» алынатын, су түбіндегі Шамшырақ аталатын ерекше жарық тастың сақтаушысы әлгі кеміргіштер отрядының қатарындағы Құндыз деген тышқан екен.

…Сол Балпақтың әлгі ғажайып әрекеті жыл басы Наурыз келгенде ауыл-үйдің айналасын тазартып, кір-қоңдарын жуып, киім-кешектерін қайта жаңартып киетін дала халқының тіршілігіне қатты ұқсайды. Олардың жылдағы осы әдетінен бір танбайтынын білетін және табиғи құбылыстарды қалт жібермей үнемі бақылап жүретін бұрынғының ескерімді ақсақалдары Балпақ іннен шыққан күнді жыл басы дейтін. Сонымен 13 наурызда соңғы нүктесі қойылатын көне жыл 14 наурыздан бастап жаңа белеске ауысып, ежелден Күнді қасиет тұтқан дала жұрты жаппай той тойлауға кіріседі екен. Ал 22 наурызда күн мен түн теңесіп, ақ пен қара беттесіп, әрі қарай күн ұзарып, түн қысқарып, жер бауыры бусап, тіршіліктің тамырына қан жүре бастайтыны айтпаса да түсінікті жайт. Сөйтіп көктем мерекесін тоғыз күн тойлап күрмейтін көшпенділер содан соң келесі жылдың қамына кірісетін болған. Олай болса, жыл басы – әз Наурыз мерекесі құтты болсын, мүшелдің табалдырығынан аман-есен өтейік. Берік ЖҮСІПОВ, Фольклортанушы

Дереккөз: http://kazakh-tv.kz/kz/view/blog/page_191802_balpak-innen-shykkan-kyn