БАЛАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Бірде Тілеу сегіз жасар ұлы Мөңкені ертіп жолға шығады. Қалың тұман түсіп, олар бағытынан адасып қалады. Келесі күні жалғыз үй қонған жұрттың үстінен шығыпты.
Сол үйдің көшкен сүрлеу ізіне түсіп жүре беріпті. Келе жатып бала Мөңке:
Мына үйдің он ешкісі бар екен, бір үлкен көк серкесі бар екен, қара шолақ иті бар екен, — депті.
Кішкене жүргенсін:
Әке, мынау үйдің жалғыз түйесі бар екен, оң көзі соқыр екен, — депті.
Біршама уақыттан соң:
Мынау үйдің әйелі екіқабат екен, ай-күні жақын, — депті.
Шырағым, осы сен не айтып келе жатырсың? – депті әкесі.
Сонда бала:
Мына көшкен үйді айтып келе жатырмын, деп жауап қатады.
Көп ұзамай олар көшкен үйді қуып жетіпті.
Келсе баланың айтқанындай, ол үйдің он ешкісі, бір көк серкесі, бір қара шолақ иті, оң көзі соқыр түйесі бар екен.
Тілеу сегіз жасар баласының білгірлігіне таңырқап: Балам, мұның бәрін қайдан білдің? – деп сұрағанда ол былайша жауап қайтарыпты:
Үйдің қонған жерінде ешкінің жатқан орны он екен. Қақ ортасында маңайына ешкімді жолатпай көк серке жатыпты. Оның серке екенін ізінен білдім. Жүннің көк екенің орнында қалған қылшығынан білдім.
Иттің шолақ екенін қайдан білдің?
Ит құмда шоңқайып отырған екен.
Отырған жеріне шолақ құйрығының ізі түсіп қалыпты және қара қылшық жатыр екен.
Әкесі:
Түйенің оң көзі соқыр екенін қайдан білдің? – депті.
Жолшыбай жолдың сол жағындағы шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимепті сонан білдім, — депті.
Әйеліннің жүкті екенін қайдан білдің?
дегенде:
Ол түзге отырған жеріне екі қолын ағашқа тіреп орнынан тұрған екен. Екіқабат, күні жақындағанын содан білдім, — деп жауап берген екен бала Мөңке.