БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

Ақтөбеде 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 50 оқушыға «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне тегін жолдама берілді. Шара «Бақытты бала — бақытты ел» республикалық акциясы аясында дене шынықтыру және спорт, білім басқармаларының бірлесуімен, су спорты түрлері бойынша спорт кешенінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

 

 

Мереке қарсаңында мектепте өткен ашық есік күні шарасында балалар сабақ кестесімен және жаттықтырушыларымен танысты. Жасөспірімдердің су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын нығайту мақсатында қолға алынған 1 айлық курста балалар суда шомылу ережелері мен тәсілдерін меңгеретін болады.

 

 

— Суда жүзуге үйрену сабақтарын «Достық» су спорты мектебінің жаттықтырушылары аптасына 3 рет 1 сағат көлемінде жүргізеді. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін бақылауға алып, бос уақытын тиімді пайдалануды назарда ұстау қажет. Сондықтан қала аумағындағы өзге де бассейндерді осындай игі істі қолдауға шақырамыз, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ерлан Мұқан.

 

Мейрамгүл Рахатқызы,

Ақтөбе облысы