Балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне смартфон мен самокаттар сыйға берілді

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елорда әкімдігінің «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен «Dobro Nur-Sultan» еріктілердің бастамашыл клубымен бірлесіп, қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтады. Мереке қарсаңында тәрбиленушілерге 16 самокат пен 76 смартфон сыйға тартты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында, біз Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы кәсіпкерлермен және «Dobro Nur-Sultan» еріктілер қозғалысымен бірлесіп, балаларды мерекесімен құттықтаймыз деп шештік. Біздің жобамыздың негізгі мақсаты – тұрмыстық жемқорлықты төмендету, ол үшін мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Кішкентай бүлдіршіндерге 16 самокат пен одан үлкен балаларға 76 смартфон сыйлаймыз деп шештік. Қазір орталықта тұрақты түрде тұратын 50 бала және уақытша жүрген 42 бала бар. Біз оларды жасына қарай бөліп, жазда олардың немен айналысатынын анықтадық. Сол себепті осы сыйлықты әзірледік», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Сәуле Бисембаева. Қазір елордалық қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында 90-нан астам бала тәрбиеленуде. Қалалық білім басқармасының қорғау және қамқорлық бөлімінің жетекшісі Гүлім Жүсіпованың айтуынша, карантинге қарамастан тәрбиеленушілер мерекесіз қалмайды. Көптеген ұйымдар мен жекелеген адамдар орталық тәрбиеленушілерін құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлауға ниет білдіріп отыр. Оған әлеуметтік желілердің де септігі тиюде. Қайырымдылық шарасына «MEGA Silk Way», «Керуен», «Сарыарқа» сауда орталықтары, «Биг Шанхай», «Шарын» базарлары, «Continental logistics» ЖШС, «Нұржамал» ЖК, «Хлебный край» ЖК, «Гүлжан» СҮ және «Үміт» томотерапия және ядролық медицина орталық кешені қолдау көрсетті.