Балалар жылы: Қызықты демалыс және тегін лагерь. Жұрындысай жаңалықтары


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осы жылдың аясында балаларды қорғау, олардың білімін арттыру және сауықтыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынды.

Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек.

Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.

Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мәселесіне мән беру арқылы, ұлт тағдыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді. Ал, енді осы берілген тапсырма мен айтылған мәселе төңірегінде Таластағы атқарылып жатқан біршама жұмыстарды тілге тиек етіп келеміз.

Осы тұста балалар жылындағы балалар демалысы Таласта қалай өтуде деген сұраққа жауап іздеп Жұрындысай лагеріне атбасын бұрдық.

Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтып жаңа оқу жылын тың күшпен бастаулары үшін қолайлы уақыт. Әрбір бала жанға жайлы, демалысты қызықты өткізуді армандайды.

Баланы лагерьге жіберу — ата-аналар үшін өте жауапты іс. Әрине, олар баласының тынығып, демалыстан жақсы әсер алып қана қоймай, қауіпсіз және үлкендердің қатаң бақылауында болатын, мейлінше, лайықты жерді таңдауға тырысады.

Бүгінгі күні балалар лагерінің алуан түрі бар. Олар дәстүрлі сауық­тыру лагері, спорттық-туристік, театралды болып бірнеше топқа бөлінеді.

Лагерьде балалар тек демалып, ойнап, көңіл көтеріп қана қоймай, бос уақытын тиімді пайдалануы тиіс. Яғни, бір жаңа нәрсе біліп, үйреніп қайтуы қажет.

Мысалы, олар лагерьде өз мүмкіндіктерін анықтай алады. Күнделікті мектеп жағдайында оқушылардың сабаққа келіп-кеткенін ғана аңғарамыз. Баланың қандай өнері бар, қандай іске бейім оны мұғалімдер байқай бермейді.

Ал, лагерьде балалар басқа қырларынан танылып, ашылып, жатады дегенді айтады тынықтырудың тиімді тәсілдерін білетін тәжірибелі тәрбиешілер.

Осындай кезде бір сәт ойша балалық шаққа саяхат жасайсың. Сол саяхатты ойша емес, балалар лагеріне барып, ондағы қызықты сәттерді көзбен көріп қайту мақсатында күні кеше Талас ауданына қарасты «Жұрындысай» балалар сауықтыру лагеріне барып қайтқан едік.

Лагерге жете бергенде биік таулар арасында орналасқан аядай жердегі жұмаққа тап болғандай күй кешесің. Табиғаты ерек, ауасы таза, түрлі жеміс талдары төбеңнен мен мұндалып тұрғаны.

Лагерь бізді қуанышқа толлы айқай шуымен қарсы алды. Алға, алғалап айқайлаған жаққа қарай қадам бастық. Сөйтсек бүгін спорттық ойын түрлерінен жарыс өткізіліп жатыр екен. Жақсымбетов Мейржан Жұмабайұлы лагер директор деп өзі таныстырған азамат бізді лагермен таныстырды.

Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Осыған орай, балалардың жазғы демалысын ұтымды пайдалану мақсатында, лагерьде балалармен түрлі шаралар өткізіледі.

Балалардың жаз мезгіліндегі демалысын, сауықтырылуы мен тиімді әрі мағыналы өткізуге Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек өзі тікелей басшылық етіп, бүгінде мұнда барлық жағдайлар жасалған.

Жақында ғана «Балалалар жылы» аясында «Бақытты балалар — бейбіт елдің тірегі» атты салтанатты ашылуы өткізілді.

«Жұрындысай » балалар сауықтыру лагерінде топтық эстафеталық ойындар,КВН,

Оқуға құштар жобасы бойынша » Кітап қазыналарына саяхат» тақырыбында әдеби кештер,

Табиғатқа саяхат, » Ало біз талант іздейміз!» кастинг,»Туған өлке- тұнған шежіре» жобасы бойынша байқаулар, ойын алаңында сурет,қол өнер, жарыстары да ұйымдастырылуда.

Қазіргі уақытта 2-ші маусым балалары демалуда. Талас ауданына қарасты қала, тау аймағы,шалғай ауыл балалары қамтылған. Жалпы биыл 400 ге тарта бала демалатын болады,-деді лагер басшысы.

Біз барғанда басталып жатқан Талас ауданы әкімшігінің спорт бөлімі Бұқаралық спорт түрлерін дамыту орталығының ұйымдастырумен 6 шілде Елорда күніне орай спорттық фестиваль өте қызықты да тартымды өтті.

Лагерді аралау барысында ахуалымен қанық болып, керемет іс шараның куәсі болдық. Арқан тартысып, шахмат ойнап, балалармен бала болып кете жаздадық. (Әлеуметтік желіден жүзі таныс Серік Пірменовті де осы жарыс барысында жолықтырдық)

Бір үйдің баласында емін-жарқын ойнап, күліп, қуанып жүрген балаларға қарап, егемен еліміздің ертеңі жарқын боларына сенім арта түсті.

Мұнда негізінен көп балалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардың балалары да демалуда екен. Оқушылар топ топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген әрі медициналық пункт те жұмыс істейді.

Басты назарда – балалардың қауіпсіздігі, осыған орай демалыс аймақтарында бақылаушылармен қамтылған. Онда ауысыммен жұмыс уақытын белгілеп күндіз-түні балалардың қауіпсіздігі бақылануда. Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.

Лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгерген. Көңілді демалыс балдырғандардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізу дәстүрге айналған.

Шынында, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықты әрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді.

Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарымен сағынысып қауышатыны да бар.

Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!

Дариха Үмбетиярова