Балалар кітапханасы саябақта

Балалар кітапханасы саябақта

Түркістанда қазіргі таңда қайнаған тіршілік. Шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шаралар легі толастаған емес. Соның ішінде балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге бағытталған шараларды ерекше атап өтуге болады.

Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы ашық аспан астында танымдық-мәдени іс-шара өткізді. «Жібек жолы» ойын-сауық саябағында бұл шара балалар кітапханасына оқырман тарту және кітапханаға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

«Саябақтағы кітапхана» шара аясында кітап көрмелері жасақталып, келушілерге балалар әдебиетімен танысу, балаларға арнап түрлі интерактивті тапсырмалар, логикалық ойындарға қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Балалар мен ата-аналар белсенділік танытып, кітапхана қызметкерлерінен кеңес алып, кітапхана қызметтері жайлы мағлұмат алды.

Ата-аналар мен балалар кітапхана қызметіне оң көзқарас танытып, алдағы уақытта кітапханаға жиі келуге ниет білдірді. Сондай-ақ «Тиянақты кітапханашы» жазғы оқу курсына қатысушы кітапханашылар да іс-шара қонақтарының қатарынан табылды.

Бұл жоба – кітапты көпшілікке жақындату, демалыс пен оқуды ұштастыра отырып, жаңа оқырмандарды тартудың тиімді жолдарының бірі ретінде өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Мұндай шаралар жас оқырмандарды кітаппен дос болуға баули отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етеді.

Бұл шара балалардың жазғы демалысы кезеңінде әр аптаның бейсенбі күндері киелі шаһардағы саябақтарда өткізіледі. Сонымен қатар демалыс уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуге талпынып, ең көп кітап оқыған оқырмандарға түрлі сыйлықтар беріледі деп жоспарлануда.