Балалар басылымдарына мектептер есік ашты

Осыған дейін 2024 жылы 14 қаңтарда Алматыдағы «Достық» үйінде қос министр бірлескен дөңгелек үстел өткізді. Оған Алматыдағы балалар басылымдарының редакторлары, зиялы жұрт өкілдері, өзгеде газет-журналдардың басшылары қатынасты. «Қазақстан балалары шығармашыл интелигенция» тақырыбындағы бас қосуды Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева ханым мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза тізе қоса отырып жүргізді. Содан бастап сең қозғалды!…

Оқу-ағарту министрі мықтап қолға алғандықтан Алматы қаласындағы 215 мектепте қозғалыс пайда болды. Міне, енді 14-15-16 және 19 ақпан күндері төрт күн бойы Алматыдағы 8 ауданның (Алатау-Наурызбай, Алмалы-Әуезов, Бостандық-Жетісу, Медеу-Түріксіб) мектеп директорлары немесе оның орынбасарлары, әр мектептің кітапханашылары, ата-аналар өкілдері мен республикадағы 28 балалар басылымының бас редакторлары, басылым өкілдерімен кездесу өткізілді.

 

Шараны министрлікке қарайтын Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана (Асқаров — 47Б) ұйымдастырды. Кітапхана директоры Әлия Сайдембаева ханымның басшылығымен жұмыс басталып кетті. Кітапхана қызметкерлерінің атсалысуымен шара төрт күн бойы аудандар бойынша жалғасты. Кітапхана қызметкерлері жиналысты мұқият жүргізіп басылым мен мектепті жалғастырып, бетпе-бет кездестіріп берді.

Осы іс-шаралар барысында екі тиімділік болды. Бірінші, бірін-бірі біле бермейтін 28 басылымның басы қосылды. Ортақ катологке тіркеліп, байланыс орнады. Екінші, мемлекеттік басылым немесе жеке меншік басылым деп бөлмей, бәріне бірдей шарт-жағдай жаратып беріп, ашық алаңда еркін сөзге шығарды. Онан ары мектептерден келген жауапты адамдар да «ашық микрофон» алдында өз талап-тілектерін ортаға салды. Міне бұл бәріміздің бір жолда келе жатқанымызды білдіреді. Жалпы ұлттық құндылық бойынша тәлім-тәрбие жүргізуге даңғыл жол ашылды.

 

«Шығармашыл интеллигенция Қазақстан балаларына» деген тақырып аясында өткен шара барысында 28 балалар басылымының редакторлары өздерінің газет-журналдары туралы информация беріп, ерекшеліктерін таныстырды. Шығармашылық бағыт-бағдарын түсіндірді. Кеңестер кезінен бастап шығып келе жатқан басылымдардың алдына 100 жыл болыпты. Ал, тәуелсіздіктің қарлығаштары болып саналатын көптеген жаңа басылымдардың соңғысына шыға бастағалы 1 жыл болған екен. Солардың қатарында «Қазақстан Дәуірі» газетінің аясында жарық көріп келе жатқан балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына 22 жыл болды. Осылайша «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» екенін жеткіздік. Мақсатымыз: ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет ету.

Басылымдар Мәдениет министрлігіне қарағанмен, балалар газет-журналдарының оқырмандары мектепте. Басылымның өмір сүруі мен өркен жаюы оқушылардың жазылуына тіке байланысты. Сондықтан да Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі ортақ жұмыла қимылдаған іс-шара өте дер шағында өтіп отыр. Ол қазақ баспа сөзін қолдау, «оқуға құштар мектеп» жобасын дамыту, оқушылардың таным көкжиегін кеңейту, ұлттық құндылықтарды негіз еткен «жалпы ұлттық тәлім-тәрбие беруге» деген тың бастама. Балалар басылымына жазылу үшін ең бірінші қолдаушы ұстаз және кітапханашы. Олардың нәсиқатынсыз, бағыт-бағдар беруінсіз оқушылар өздігінен қимылдамайды. Екінші, ата-ана (ақша ата-ананың қалтасында) пейіл танытпайынша үйретем деген ұстазда, үйренем деген шәкіртте шарасыз қалады. Үшінші, баланың ықлас-ынтасы, ішкі белсенділігі де маңызды. Бала белсенділік танытып, басылымға жазылуды қаласа, ата-анасы да мойын бұра бастайды. Сонда ғана мектеп оқушыларының жасына қарай әртүрлі деңгейде шығып жатқан басылымдар өз оқырмандарын таба алады. Ұстаздар шәкірттерді ауыздандырып, ынталандыра алса, көмескі жатқан «бұлақ көздерін» аша білсе, оқушылар оянады.

 

Алматыдан басталған бұл үрдіс алдағы жерде Астанада, Шымкентте, онан өзге облыстарда жалғасын таппақ. Осылайша тиражы құлдырап бара жатқан балалар басылымының тамырына қан жүгіреді деген сенімдеміз. Бүгінгі таңда бір кезде таралымы 300 мың данаға жеткен басылым құлдырап 10 мыңнан аспай қалыпты. Карантиннің алдындағы 40 мыңға жеткен біздің «Мөлдір бұлақта» бұл күндері төмендеп барады. Себебі, ел бойынша қағаздан оқу сырылып, телефонға телміру үрдіс алды. Бізде сол сойқанға ұшырадық. Алдын алу шарасын қолданбаса, төмендеген үстіне төмендеп, балалар басылымының көбі жабылып қалмасына кім кепіл?!… Вертивальді әлемге кіріп кеткен баланың басын, қағаз бетіне қайта шығарып, қазақы тәрбиеге бейімдеу кезек күттірмейтін мәселе.

«Кітап оқу тоқтаған жерде адамның ойлауы да тоқтайды» екен. Ойлау тоқыраса, адам адамнанкөрі аңға жақындай бастайды. «Кітап бетін ашпайтын ұрпаққа болашақта есігін ашпайды». Интернет пен телефон технологияның жемісі болса да, көптеген құндылықтарды жұтып жатыр. Айталық қазақ балалары атамзаманнан бері ойнап келе жатқан ұлттық ойындардың өзі ұмытылып барады. Сол жүздеген ойынды бұл күнде бір телефон «жеп» қойды.

2019 жылы басталып үш жылға созылған пондемия кезіндегі карантин басылымдарды оқырманынан айырды. Ол болса, ұлттық құндылықтардан мақұрым етіп, ұрпақтарымызды дәстүрлі руханиятынан алыстата бастады. Ендеше, мемлекет болып балалар басылымының тағдырына бас ауыртуымыз керек. Сондықтан да қос министр қозғаған іс-шараны қоғам болып қолдайық!… Бүгінгі ұрпақтың деңгейі ертеңгі елдің болашағына саяды. Біздің қуанатынымыз балалар басылымына мектептер есік ашатын болды. Бұның өзі «Әділетті Қазақстанның» көріне бастаған элементтері екені анық.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, «МӨЛДІР БҰЛАҚ» журналының бас редакторы