Балаларға төнген қауіп күшейіп келеді

Қазір әлемнің 40-қа жуық елінде соғыс болып жатыр. Демек, 40-қа жуық елдің балаларының өмірлеріне қауіп төнуде. Cол 40қа жуық елдегі лаңкестік және экстремистік топтар ер балаларды адам өлтіруге үйретсе, «он екіде бір гүлі ашылмаған» қыздарды жезөкшелікке пайдалануда. Араны ашылған ұлы державалардың геосаясат тақтасындағы «ойыны» жер бетіндегі миллиондаған балаларды ашжалаңаш қалдырып отырғандығын да айтпай кету мүмкін бе? Күні кеше БҰҰ 22 миллион баланың аштыққа душар болып, 1,4 миллион баланың хәл үстінде жатқанын жария етті. Оған негізгі себеп — соғыс. Мұндай жағдай екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірінші рет орын алып тұр дейді БҰҰ. Соңғы 10-15 жыл бедерінде қарулы шиеленіс салдарынан 2 миллионға жуық бала қаза тапса, 1 миллионнан астамы жетім қалған. Ал алты миллионы қазір мүгедек. Ең өкініштісі — балалар құқын қорғауға тиіс халықаралық ұйымдар мұның бәрін естіп, көріп отырса да, көмекке зәру балаларға араша болуға пәрмендері жетер емес. Өйткені әрбір қарулы қақтығыстың артында бір-бір ірі-ірі алпауыт тұр. Бейбіт өмірдің діңгегін ырғап отырған ол үстемшіл державаларға адам өмірі көк тиын. Олар саяси мүддесіне жетпейінше, ешкімге дес бермес. Дәл осы күндері Сириядағы жағдай бәрінікінен де ауыр болып тұр. 

Ағза саудасы өршіп тұр

Сириядағы соғыстың басталғанына, міне, алты жыл. «Араб көктемінің» ізін ала тұтанған азаматтық соғыс өрті əуелде ішінара, кейбір аудандарда ғана күш алған еді, көп ұзамай бүтіндей бір елді шарпып, қазір бүкіл əлемнің бас ауруына айналып отыр. Жүздеген мың адамның қаны төгіліп, қасірет пен азап ошағына айналған Сирияның жағдайы шынымен мүшкіл. «Қанға — қан, жанға — жан» қағидасына ұласқан қан-қасап қырғынды тоқтату мəселесі əлемдік деңгейде жүргізілуде. Соғыстың себебі баршаға мəлім: оппозиция Сирия халқын билікке қарсы қойып, үкіметтің демократиялық реформалар енгізуін жəне президент Башар Асадтың тақтан кетуін талап етті. Арты қантөгіске ұласып, кінəні билік оппозицияға, оппозиция билікке аударып əлек. Ауызбірлік əлсіреген ұрымтал тұста лаңкестік, қылмыстық топтар пайда болып, олар ойларына келгендерін жасап жүр. Бірқатар статистикаға тоқтала кетсек, қарулы оппозиция құрамының 85 пайыз жауынгерлері шетелдіктер. Олар əлемнің 70 елінен келгендер. Иə, кішігірім дүниежүзілік соғыс дерсің… Арбауға түскендердің басым бөлігі мұсылмандар. Христиандар да жоқ емес. Өткен жылы əлемдегі босқындар саны 60 миллионнан асса, оның 12,5 миллионы сириялықтар. Бұл — БҰҰ тарихында бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткіш.

684x384_359858

Сөз болып отырған соғыстың зардабы тек бұл емес. Ең сорақысы, қаза болған бейбіт жандар санының жылдан-жылға арта түсуі. Жалпы, «соғыс басталғалы бері 500 мыңға жуық адам мерт болған» дейді сарапшылар. Олардың арасында балалар да жетерлік. Əңгімеміздің өзегі осы балалар болмақ. Өткен жыл Сирия мемлекеті үшін ең қасіретті кезең болды. Расында да солай. ЮНИСЕФ таратқан ресми мəліметті алға тартсақ, 2016 жылы аталған елде 700-ге жуық бала қаза тапқан. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Əр алты сағат сайын бір бала көз жұмады не ауыр жарақат алады екен. Балалардың 3 млн-ға жуығы қарулы қақтығыс ушыққан қауіпті аймақтарда тұрып жатса, 300 мыңға жуық бала гуманитарлық көмектен қағылған. Ал ең сорақысы — балалардың ағза сатумен айналысатын қылмыстық топтардың құрбандарына айналып отырғандығы. Оны Сирияның ресми органдары талай мойындаған. Естеріңізде болса, өткен жылы сириялық дəрігер əрі заңгерлік білім бар Низар Аскиф осындай 18 мың фактіні нақты құжаттармен əшкерелеп, халықаралық БАҚ-тар арқылы дабыл қаққан-ды. Оның сөзіне қарағанда, ағзасы алынған Сирия азаматтарының басым бөлігі балалар. Низар Аскиф мұндай жан түршігерлік қылмыстардың артында түркиялық қылмыстық топ тұр деп санайды. Мысал ретінде ол атыс кезінде өміріне қауіпті емес жарақат алған жас жігіттің Түркиядағы ауруханада жұмбақ жағдайда қаза болғандығын айтады. Марқұмның туыстары кейіннен «дəрігерлер оның ішкі ағзасына ота жасадық дейді. Ал жарақат оның басында болған» деп, құзырлы орынның осы іске байланысты тексеру жүргізулерін сұраған. Шынымен де түсініксіз жағдай. Жараланып ауруханаға түскен тағы бір жас жігіттің бүйрегі жоқ болып шыққан.

«Біз мұндай қылмыстарды əлі де тексере түсеміз. Соғыс жүріп жатқан аймақтарда құрсауда қалған жандардың тағдыры не болып жатқаны бір Аллаға аян. Тіпті, қантөгіс кезде нақты мəлімет жинау да мүмкін емес. Адам ағзасы саудасымен айналысатындар үшін бұл таптырмайтын «мүмкіндік». Бүгін тосқауыл қоймасақ, жүз мыңдаған балаларымыздың солардың қармағына түсіп қалатындары айдан анық» дейді Низар Аскиф.

Ал Дамаск университетінің бөлім басшысы Хусейн Нуфал «адам жəне ағза саудасы бизнесінің түрлі формалары босқындар, яғни сириялықтар паналап отырған лагерьлерде орын алуда. Ондай лагерьлер Түркияда, Ливанда жəне Иорданияда орналасқан. Сонымен қатар, Сирияның үкіметтің бақылауынсыз қалған аймақтарында. Егер босқындар орналастырылған лагерьлердің басым бөлігінің Түркияда екендігін ескерсек, азаматтарымызды ағза үшін пайдаланып, артынан өлтіріп жатқандар солар деуге негіз жоқ емес. Біз қазір қолда бар деректер бойынша құжаттар дайындап жатырмыз. Жуырда сотқа жолдамақпыз» деген болатын. Бұлардың сөздерін жуырда БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Ю.Федотов та растады. «Соғыс болып жатқан жерлерден бас сауғалап жүрген жандар — адам трафигімен айналысатындар үшін таптырмайтын «тауар». Бұл ретте Сирияны айтсақ болады. Онда соғыс басталғалы бері адам саудасы да өршіп кетті», — деп атап өтті ол өзінің есеп беру баяндамасында.

385361105

Содырлардың қолына түсіп қалған Абу Мухаммедтің жанайқайы бүкіл əлем жұртшылығының жағасын ұстатты. Сириядағы үкімет пен оппозиция бір-біріне «өліспей беріспей» оқты қарша боратып жатқанда ортада қорғансыз қалған қарапайым жандардың «қасапшылардың» оңай олжасына айналғанын растай түскен ол: «Содырлар мені соққыға жығып, бүйрегім мен көкбауырымды кесіп алды. Есімді ауруханада жидым», — дейді. Ал Алеппо тұрғыны Алиа Сирия-Түркия шекарасында лаңкестердің əйелдер мен балалар жəне өлі денелер сататын «жəрмеңкенің» бар екендігін өз көзімен көрсе керек. Оның айтуына қарағанда, мəйіттің бағасы 50 доллар, ал жаралы адамның құны 290 доллар. Естуімізше, ұрланған ағзалар шетелге жөнелтіліп жатса керек. Сирия дəрігері Багджат Акруш: «Адам саудасымен айналысатындар, негізінен, сау адамдарды ұрлайды. Мұндай қылмысқа бірқатар елдердің билігінің де қатысы бар. Сол себепті қылмыстың ең сорақы осы түрінің дамуына өздері мүдделі. Əсіресе балаларға үлкен қауіп төніп тұр», — дейді. Тағы бір айта кетерлігі, Сирияда балалар арасындағы суицид те белең алып кеткен. Статистиканы келтірсек, əрбір төртінші баланың психикасы бұзылған. Оған себеп — қанды қырғын.

Қару асынғанның әрбір оныншысы бала

ЮНИСЕФ-тің 2016 жылды қорытындылаған баяндамасында «2016 жыл əлем бойынша балалар үшін тарихта тұңғыш рет ең ауыр жыл атанды» делінген. Бұл ретте олар ресми құжаттарға жүгінген, яғни соңғы жылдары тым өршіп кеткен қарулы қақтығыстарға қатысты түрлі деректерді алға тартып отыр. Сонымен қатар, ұйым қару асынған балалар санының күрт артып бара жатқандығына алаңдаулы. Расында да, радикалды күштердің ойын баласынан жасап шыққан «шаш ал десе, бас алатын» құбыжық «өнімдері» көптеп саналады. Оған біл дəлел: «Аллаһу Акбар!» деп айқайлаған балалар мен «жас жиһадшының» қаруды шеберлікпен қолданғанын көрсететін бейнежазбалар. Оларды балалық шағын ұрлаған лаңкестерден қалай құтқаруға болады?

ДАИШ-тың қатарында 8 жастағы балалардың да жүргендігі туралы ақпарат кімді болса да елең еткізбей қоймайтыны анық. ДАИШ террорлық ұйымы өз бақылауына алған аймақтарда балалар мен жасөспірімдерді өз əскери мақсаттарына қолдануда. Айта кетейік, «тегін оқыту бағдарламаларын сылтау етіп, балаларды %d0%b4%d0%b5%d1%82%d0%b8-%d0%be%d1%80%d1%83%d0%b6%d0%b8%d0%b5содырлар қатарына қосу үшін əскери ұрыс негіздерін, қару қолдану тəсілдерін үйретеді. Кейін бұл балалар қауіпті тапсырмалар орындайды, тіпті жанкештілік жасауға да барады» деген ақпарат таратқан болатын Human Rights Watch (адам құқықтары жөніндегі халықаралық) ұйымы балалар мен қарулы қақтығыстарға негіздеп жасаған баяндамасында. Ал ДАИШ содырларының қарсылық көрсеткен жасөспірімдерге қатыгездік қолданатындарын БҰҰ-ның Сириядағы əскери қылмыстар жайлы есебінде расталды. Мұндай қатаң талаптан кейін балалар «қанды жетекшілерінің» бұйрығымен адам өлтіріп жатса, таң қалмаймыз. Психологтар «рухани жəне əлеуметтік-мəдени тұрғыда пісіп жетілмеген, əлі буыны қатпаған балалар мен жасөспірімдер тез үйретіледі жəне айтқанды бұлжытпай орындайды. Сондайақ, балалардың санасы өзгенің ықпалына түсуге бейім. Мұндай жаста адамды адамгершіліктен тайдыру да қиын емес» десе, сарапшылардың айтуынша, «лаңкестер үшін содыр бала ақы сұрамайтындығымен тиімді болып тұр, оларға көп шығынданбайды». Тағы деректі алға тартсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған Нигерия еліндегі ислам ұйымы «Боко Харам» халықаралық террорист деген атағы бар Абу Мусаб азЗаркауи тəсілдерін қолданатын көрінеді, яғни «тірі бомба ретінде мектепке дейінгі жастағы балаларды, əсіресе бүлдіршін қыз балаларды пайдаланады» дейді ақпарат көздері. «Өйткені мұндай жастағы бала еш сезік тудырмайды» деп санайды «Боко Харам». Нигерияда соңғы кездері өзінөзі жарып жіберетін террористер қатары көбейіп барады. Құзырлы орындардың тексерулерінің нəтижесінде анық болғандай, «Боко Харам» өлімге екі бірдей қыз баланы қатар жіберетін көрінеді. 20142017 жылдар аралығында олар 120-ға жуық жасөспірімді «шаһид» ретінде пайдаланса, тек жыл басынан бері 27 бала лаңкестік əрекет кезінде өзін-өзі жарып жіберген. 80 пайызы қыздар. Олар балаларды ата-анасынан ұрлап əкетеді.

Баршаға аян, Шығыс Африка мемлекеті Сомалидегі азаматтық соғыс 20 жылдан асты. Билікке таласып жатқан «əл-Шабаб» ұйымы қайбір жылы «ƏлКаидаға» қосылған болатын. Міне, осы «əл-Шабаб» құрамында да жасы кəмелетке толмағандар көптеп саналатын көрінеді. БҰҰ анықтағандай, қару асынған балалар санынан Сомали əлемде қазір бірінші орында тұрса керек. БҰҰ Сомали билігіне балаларды демобилизациялау туралы ұсыныс жасаған екен, еш жауап жоқ. БҰҰ-ның балалар қоры таратқан ресми дерегі бойынша, бүгінгі күні 500 мыңға жуық жасөспірім қару асынған. Оларға негізінен АК-47 мен М-16 автоматтарын береді екен. Өйткені бұл қарулар жеңіл əрі қолдануға ыңғайлы.

ЛӘЗЗАТ БИЛАН