Балаларға арналған қазақша контенттің әлеуті қандай?

Елдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында деп білетін кез келген ел ең алдымен балалардың қауіпсіздігін, саулығын, өнер-ғылымға жақын білімді болып өсуін қамтамасыз етеді. Қазақ халқы да «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер болмайды» деп, ежелден ел ертеңі – ұрпақ қамына бейжай қарамаған. Бала құрсақта жатқанда-ақ уызына жарыған ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән берген. Кішкентайынан бағып-қағып, ежелгі дәстүрді, ата салтты басшылыққа ала отырып, баланың өсіп, жетілу барысында бесікке салу, қырқынан шығарудан бастап «тал бесіктен, жер бесікке» дейінгі тіршілікте тек ізгі игіліктерге жетудің қамын жасаған. Қазір де мемлекет, отбасы, ата-ана, қоғам тарапынан бала үшін, өскелең ұрпақ үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен ақпараттық технологияның жедел дамуы, ғаламтордың өмірімізге етене енуі жаңаша сын-қатерлермен қатар, жаңаша алаңдаушылықтар туғызып отыр.
Адамзат баласы бұрын көз көріп, құлақ естімеген таңғажайып ғаламға алақандай ғана экран арқылы тамсанып, танып-біліп жатыр. Ғаламтордың пайдасы мен зиянын ажыратып жатпастан, вертуалды әлемнің тұтқынына айналып барады. Вертуалды әлем адам санасын, психологиясын түрлі иллюзия шеңберінде шырмап алды. Бала қолындағы ұялытелефон нағыз қауіп пен қатердің «көзіне» айналып отыр. Балалардың денсаулығын ғана емес, өмірге деген көзқарасын, рухани әлемін улап барады десек, артық айтқандық емес. Әсіресе әлеуметтік желінің әлегі көп.
Көптеген ата-аналарға баламен тілдесіп, әңгімелесіп, көбірек көңіл бөліп мейірім-шуағын төккеннен гөрі, қолына смартфон беріп, «сен тимесең, мен тиме» деп өзінің тыныштығын күйттеген жеңілірек екенін көріп жүрміз. Салдарынан балалар арасында тілінің кеш шығуы, көзінің нашар көруі, құлақ мүкістігі секілді түрлі мәселе ушығып келеді. Тіпті тілі шықты деген бала орысша немесе ағылшынша сайрап, таңқалдырып жүр. Ұлты қазақ, жаратылысы қазақ, жаны қазақ бала тілінің табиғи болмысымен үйлеспейтін өзге тілде шығуы мақтанарлық немесе куанарлық жаңалық емес. Менің ойымша, адамзат баласының жаратылысы өзінің туған ұлтының, өзінің Құдай тиесілі еткен ұлысының рухани құндылықтарымен толықпасаса, жан дүниесінде бір вакуумның қалыптасатыны анық. Ол вакуумның орны толмайынша, адам өзінің жаратылысын, ұлтын, табиғи болмысы мен ұлттық менталитетін жатырқап тұрары анық. Қай ұлт, қандай ұлыс болмасын өзінің тілін, ділін білмесе, туған халқына өгей күйде болады деп ойлаймын. Сондықтан қазіргі қазақ елінің, қазақ қоғамының алдындағы негізгі міндет – өскелең ұрпақтың өз елінде, өз жерінде жетімнің күйін кешіп, «тұлыпқа мөңіреген төлдей» болмауын қамтамасыз ету.
Ол үшін әрине алдымен баланың айналасы, қоршаған орта, теледидар, тіпті қолындағы смартфон қазақша сайрап тұруы керек. Баланың сәби санасы қалыптаспай жатып, өзіне жат әлемнің шырмауына шатылмауы керек. Сондықтан да әлеуметтік желіде қазақша контентті көбейту мәселесі жиі-жиі көтеріліп, қайта-қайта айтылып жатыр деп ойлаймын. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әлеуметтік желіде ең табысты қаралым жинайтын негізгі контент балаларға арналған бағдарламалар екен. Яғни әлеуметтік желі негізгі табыстың 80 пайызын YouTube, tiktok-ты секілді көптеген желілік арналар арқылы тауып отыр. Әлемде бір уақытта әлеуметтік желіні парақтайтын адам саны 2,5 миллиард болса, оның 2 миллиарды балалар деген статистика да бар көрінеді. Қыруар пайда мен «қырғын» көрерменнен айырылғысы келмеген кез келген контент жасаушы әлеуметтік желідегі өз әлеуетін сәт санап арттыратыны, қызылды-жасылды алдамшы дүниенің бәсін түгендей беретіні түсінікті. Оларға жақсы мен жаманның айырмасы жоқ. Өз контентін байытып, көрермен көңілінен шықса болғаны. Ендеше өз баламыз бен ұрпағымыз үшін өскелең ұрпақ болашағын өз қолымызға алуымыз керек. Алдымен қазақ баласы қандай контент қарайды? Не көреді? Нені бойына сіңіріп, қандай дүниеден тәлім алып, тәрбие сіңіруі тиіс? Мұны арнайы зерттеп, қөрытындылап, статистикасын санап, ары қарай не істеуіміз керек дегенді өзіміз ойлауымыз керек еді. Бірақ біз ұрпақ үшін алаңдап, ұрпақ үшін жанталасып, қазақтың ұлттық құндылығына, табиғи тамырына жалғануына әлі де болса білек сыбанып кірісе алмай келеміз.
Ақпарат және даму министрі Дархан Қыдырәлі: – Балаларға арналған контент әзірлеу ең маңызды бағыттардың бірі. Біз отандық анимация өнімдерін әзірлегенде де, шетелдік контентті сатып алғанда да баланың колгнитивті қабілеттерін дамыту талабына ерекше мән береміз. Сонымен бірге бұл контенттің қазақ тілінде болуы да министрлік үшін маңызды, -дейді. Сондай-ақ министр 13 жасқа дейінгі жасөспірімдердің tiktok-ты пайдалануына шектеу қою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Бір байқағанымыз министрлік балалар контентін дамтуға назар аудара бастады. Жыл басынан бері әлемге әйгілі «Nick Jr», француздық TiJi қазақша сөйлей бастаса, 2021 жылдан бері «Nickelodeon» балалар телеарнасының өнімдері қазақ тілінде таратылып келеді. Алайда мұндай сапалы контент қазақ балаларына толық жетпейтінін ұмытпауымыз керек. Әрі бұл арналар отандық мультипликациядағы бәсекелестікті қалыптастыруға әсер етер деген үміт болмаса, ұлттық құндылық, ұлттық дүние танымды насихаттамайтыны тағы белгілі. Сондықтан «Balapan» секілді барлық балаға ортақ, қол жетімді арналар саны жас ерекшеліктерін ескере отырып көбейсе деген тілек бар…
Әйтпесе балаларды әртүрлі әлеуметтік желідегі іріктелмеген бағдарламалардан ажырату оңайға соқпайын деп тұр. Әлеуметтік медианы қатаң қадағалауға алып, мазмұнға мән беру кезек күттірмейді. Балаларға қолжетімді зерттелмеген, шектелмеген, сүзгіден өтпеген арналардың бағдарламаларында отбасы мен әлеуметтік құрылымға кері әсері бар, адамгершілік құндылықтардан тыс, әдепсіздік, буллинг, суицид, кибер қылмыс, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсететін мазмұндар анықталып жататыны жасырын емес. Елімізде ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде интернет тұтыну мәдениетін немесе баланың ішкі түйсік қалауын сұрыптайтын таңдау мәдениетін насихаттайтын қызмет түрі жоқ.
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген тәмсіл ұмыт болғалы қашан. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні алдымен қазақша сапалы контентті дамытумен қатар, басқа елдерден ғаламтор арқылы өмірімізге етене еніп жатқан әлеуметтік желілердегі қауіпті анықтау, қорғаныс және алдын алу шараларын қабылдау жағына көбірек көңіл бөлінсе… Балалардың сауатты, салауатты болуы үшін заң жүзіндегі және басқа да сақтандыру шараларын күшейтіп, мемлекет тарапынан да ата-аналар мен қоғам тарапынан да немқұрайлылыққа жол бермей, балаларымыздың нені көріп, нені бойына сіңіріп жатқандығына алаңдасақ…
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ