Балаларға қатысты зорлық-зомбылық артып барады

ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Зағипа Балиева: «Бүгінгі таңда бүкіл дүние жүзінде балаларға қарсы зорлық-зомбылық жағдайлары ерекше үрей туғызады.

Өкінішке қарай, Қазақстанда да бұл мәселе жоқ деп айтуға болмайды. Егер 2017 жылдың 9 айы мен 2016 жылдың дәл сол мерзімдегі көрсеткішін салыстырар болсақ, Құқықтық статистика келтірген мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған балаларға қарсы қылмыстың артқанын көруге болады. Нақтырақ айтқанда, зорлау қылмысының саны (ҚК-тің 120-бабы) жағдайы 100-ден 133-ке артқан. Өсім — 33 пайыз. Сексуалды мінездемеде зорлық-зомбылық әрекеттері 83-тен 108 жағдайға жетіп, өсім 31 пайызды көрсетіп отыр. 2016 жылы қылмыскерлердің қолынан 180-ге жуық бала зардап шеккен.

2015 жылмен салыстырғанда аз дегенімізбен, факттың аты факт, елде педофилия өршіп тұр»,— дейді депутат. Адами қалыпқа сай келмейтін сондай қылмысы үшін қылмыскерлер барынша қатаң, тіпті өлім жазасына кесуге дейінгі жазаға лайық.  Ал біздің елде 2018 жылдан бастап химиялық кастрация жасау нормасы енгізілгелі жатыр. Қазіргі уақытта аталған норма бойынша ережелер бекітіліп қойған. Алайда мен уәкілетті адам ретінде денсаулық сақтау және қылмыстық атқару жүйелерінің мекемелері бұл жұмысқа қаншалықты дайын екенін білгім келеді.

Егер бас бостандығын айыру орындарында бұл жұмысты қалайда шешуге болады дегенімізбен, жазасын өтеп кеткен немесе осы қылмысы үшін жазаның басқа түрін алған адамдарды не істеу керек? Аталған норманың қалай жүзеге асырылатыны туралы толыққанды білгім келеді»,— деді.