Балаға қолдау шынайы болуы тиіс
Адам жанының жұмбақ иірімдері мен оның нәзік болмысы, әсіресе тұлғалық қалыптасу кезеңіндегі жасөспірімдер үшін өте күрделі процесс. Балалық шақ пен ересектік өмірдің арасындағы өтпелі кезең баланың психикалық тұрғыдан ең осал, эмоциялық тұрғыдан ең тұрақсыз шағы. Осы кезеңдегі ішкі арпалыс пен сыртқы ортаның қысымы кейде түзетілмес қателіктерге, яғни суицидтік мінез-құлыққа алып келуі мүмкін. Бұл мәселе бүгінде бүкіл қоғамның дертіне айналып, мемлекеттің қауіпсіздігі мен болашағына нұқсан келтіруде. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу ата-ана, мектеп және жалпы әлеуметтік ортаның бірлескен жауапкершілігін арттыруға негіз болуда.
Жалпы елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында мемлекеттік деңгейде кешенді мониторинг жүйесі мен арнайы заңнамалық механизмдер іске қосылған. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен құзырлы министрліктер бірлесе отырып, мектептердегі психологиялық қызметтің сапасын арттыруға және қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді ерте анықтауға бағытталған бірыңғай стандарттарды енгізуде. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы жанындағы кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдар өңірлердегі отбасыларды қолдау орталықтарының жұмысын жандандырып, кибербуллинг пен интернеттегі қауіпті контенттерді шектеу бойынша белсенді шаралар атқаруда. Жалпы алғанда, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың күш біріктіруі арқылы әрбір баланың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ететін тұтас экожүйе қалыптасып келеді. Десе де ата-ана тарапынан балаға айрықша көңіл болу басты міндеттің бірі. Себебі психологтардың айтуынша, жасөспірім үшін өмірден баз кешу туралы ой кенеттен туындамайды. Ол ұзақ уақыт бойы жиналған ішкі конфликтілердің, түсінбеушіліктің, жалғыздықтың немесе буллинг сияқты сыртқы факторлардың салдарынан болады. Осы орайда психологиялық қолдаудың маңызы зор. Алдын алу жұмыстарының ең алғашқы сатысы – баланың мінез-құлқындағы ұсақ өзгерістерді дер кезінде байқай білу. Көп жағдайда ересектер баланың тұйықталуын немесе ашуланшақтығын «өтпелі кезеңнің қиындығы» деп елеусіз қалдырады. Алайда бұрынғы қызығушылықтарының жоғалуы, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, «мен ешкімге керек емеспін», «мен болмасам бәрі жақсы болар еді» деген сияқты жанама сөздердің айтылуы көмек сұраудың белгілері екен. Жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқына әсер ететін факторлардың ішінде отбасылық қарым-қатынас бірінші орында тұр. Ата-ана мен бала арасындағы сенімділік көпірінің бұзылуы баланы сыртқы ортадан, интернеттегі қауіпті топтардан немесе деструктивті ортадан «түсіністік» іздеуге мәжбүрлейді. Цифрлық дәуірде кибербуллинг пен әлеуметтік желілердегі жалған мінсіз өмірге еліктеу жасөспірімнің өзін-өзі бағалауын төмендетіп, депрессияға ұшыратады. Осы сәтте психологиялық қолдау балаға кеңес беруе отырып, баланы тыңдай білуді, оның проблемасын «балалық» деп кемсітпей, тең дәрежелі тұлға ретінде қабылдауды талап ететінін айта кеткеніміз жөн. Мектеп психологтары мен педагогтардың рөлі де орасан зор. Білім беру мекемелерінде баланың тек бағасын ғана емес, оның көңіл-күйін, сыныптастарымен қарым-қатынасын бақылайтын зияткерлік жүйе қалыптасуы қажет. Психологиялық диагностика тек қағаз жүзіндегі тестілеу емес, ол әр баламен жеке жұмыс істеуге, оның ішкі қорқыныштары мен үрейін сейілтуге бағытталуы тиіс. Суицидтің алдын алудағы маңызды мәселе – балаға «өмірлік дағдыларды» үйрету. Кез келген қиындықтан шығудың жолы барын түсіндіру жасөспірімнің психологиялық иммунитетін қалыптастырады. Сондай-ақ қоғамда психологиялық көмек алу мәдениетін дамыту керек. Сондай-ақ бірыңғай сенім телефондары мен онлайн-консультация беру орталықтарының жұмысын жандандыру, анонимдік пен қолжетімділікті қамтамасыз ету – шұғыл көмектің тиімді құралы. Жасөспірім өзін тығырыққа тірелгендей сезінген сәтте, оның жанынан табылатын бір ғана жылы сөз, бір ғана дұрыс бағытталған психологиялық кеңес оны бір қателіктен сақтап қалуы мүмкін.
Жасұлан Сейілхан

