БАЛА ТІЛІ БАЛ.

—Мама, біздер құрдастармен бір жерде бас қосып отырмақшы едік, Айлинді қарайсыз ғой я? —деп қиылған келініне, Айгүл қайдан «жоқ» десін. Айлин деп отырғаны бес жасар немересі,қыз бала еті тірі пысықтау болады оның үстіне «садик көрген» деген аты бар, тілі тастай ақ. Бұдан үлкені сегіз жасар ұл немере, мынау бала келіннің екіншісі.
—Еее, шырағым барып келің. Көп отырып қалмаңдар, мыналарың Төрештей емес, шақар менімен ұрысып қалады, алдағанға көнбейді—деп келінге рұқсат берді.
—Айлин, әжемен ұрыспа я, телефоныңмен ойнап отыр жарайма. Аш болсаң әжеңе айт, сүт құйып печенье береді. Тентек болып әжеңнің мазасын алма. Я? Сен садикке барып жүрген ақылды қызсың ғой —деп қызына соңғы ескертпелерін беріп жатқан Сәулешке қызы Айлин
—Жоқ. Әжеге тимеймін, оның өзі ылғи тиісетін. Ол тыныш отырса мен тимейм—деп аузын томпайтты.
Әрі қарай тұра берсе анық бірдеңе боларын сезген Сәулеш келін асыға кетумен болды.
Бөлме іші үнсіздік. Бес минутта уақыт өткен жоқ, көрпеше көктеп отырған Айгүл әжесі
—Айлиин жан, сен кімнің қызысың? —деді.
—Папа мен маманың, Нұрбол мен Сәуленің. Нұрбол папам сіздің балаңыз, яғни мен сіздің немереңізбін—деп тақ ете қалды телефоннан бас көтерместен. Айгүл әже, Айлииннің тілін қызықтап сөйлете бергенді жақсы көреді, ары қарай сөйлеткісі келіп;
—Өййй, жаман қыз. Бар онда әке шешеңе. Олардың қызы болсаң неге сені ертіп кетпеді онда? Сен менің қызымсың, сені маған тастап кетті, енді сен менің қызым болып менің қасыма жатасың—деп көзінің астымен немересіне қарады. Айлин де телефоннан бас көтерместен
—Жоқ, сіздің қасыңызға жатпаймын. Сіздің басыңыздан ашыған кефирдің исі шығады. Сіздің қасыңызға Төреш аға жатады. Мен емес, сол ғой «Кемпірдің баласы» мен әзірге маманың қызымын. Жақында папа мен мама тағы бөпе аламыз деген, сол кезде Айлинді кемпірге береміз деп сөйлесті—деді. Немере қызының тіліне тәнті болып отырған Айгүл не күлерін не жыларын білмей қалды. «Тағы бөпе аламыз дейді, бұл келіннің жүріс тұрысынан ешқандай өзгеріс байқамады. Сонда қалай болғаны? Әй, бірақ қазіргі жастар бәрін іштен біліп туған бәлекеттер ғой. Есептеп жүретін» деп ойға шомып бара жатыр еді
—Әже, мама тағы бөпе әкелсе сіз шалға тиіп кетесіз бе? Өткенде,мама папаға
«Біз баланы туып туып мамаға бақтыра берсек, мамаң шалға тиіп кетер құрсын» деді. Папам айтты, Төреш ержетті, Айлин мектепке барады, енді маған да ұл керек қой, оның үстіне сен баланы үшке келгенше қарасаң ар жағына мама қараспай ма?деді—деп қарап отыр.
Айгүл төмен қарап күлкіден жарылып отыр. Селкілдеп қолында тігіп отырған инесіне ие болалмай қалды. Ия, кейде, бала келініне ашуланған болып «Бүйте берсеңдер шалға тиіп кетем» деп дөң айбат шегетіні бар. «Соны жаттап алған ау мыналар» деп күліп отыр.
«Піштуу, мен өлмей құтылу жоқ сендерге» деп одан сайын күлді.
—Бақпаймын. Олар тағы бөпе әкелсе сен бағасың. Мен шалға тиіп кетем, көшенің басындағы такси шалға тием. Оның машинасы бар, соның машинасымен қыдырыыып жүрем, жазда Ақтауға барам. Сен отырасың бөпе бағып бесік тербетіп. Үйдің қасынан өткенде «биипп» деп машинамен сигнал басып өтеміз—деп немересіне тағы тиісті.
—Ия деген. Сізді алмайды сіз әжесіз, жасыңыз елуге келді. Енді алмайды. Сіз шалға тиіп кетсеңіз Төреш ағаны кім қарайды. Сіз болмасаңыз Төреш аға әбден қолдан шығып кетеді. Онсызда кемпірдің баласы деп бетінен қақпағанға ерке болып барады. Мұғалімдері тәртібін қадағалаңыз деп мамаға айтқан. Мама папаға айтты. Папа,»Кемпірдің баласына не деймін, ұрысып ұрсам көңіліне келеді» деді. Сондықтан Төреш жігіт болғанша шалға тие алмайсыз—деп тағы тарс еткізді. Айгүл енді бір жолата күлкіден бүктетіліп түсті.
«Құдоой оу, тфа тфа тіл көзден аман бол балапаным. Тілің тас жарады екен, болмаса бас жарады екен.Құлыншағым тек сендер аман болыңдаршы» деп елжіреп риза болған Айгүл бес жасар немересі Айлиннен өзін іздеді, ия бұлда бір кезде тұлымшағы желбіреген құйттақандай сүйкімді Айгөлеек болатын. Бүгін міне әже болып отырғаны. Шүкір. Құдайға мыңда шүкір»деп отқанда, келіні кіріп келді.
—Ау балам не болды? Тез оралдыңдар ғой, аманшылық па? —деп таңдана сұрады.
—Ии құрсын жете алмай қалдық. Көлік өткендегідей қақалып шашалы «перебой» болды. Анау, мына постта Бірадар деген білгіш бар соған көрсетем деп көлгіні сүйретіп кетті. Осыдан жөнделсе сатып жіберем деп от алып кетті —деді де
—Айлин, тыныш тәртіпті болдың ба? Әженің мазасын алмадың ба. Жүр екеуміз ертеңгі киімдеріңді реттейік—деп қызын ертіп бара жатыр еді.
—Мен тыныш тәртіпті болдым, тек әжемнің өзі шалға тием деп күле береді. Көшенің басындағы такси шалға ғашық ау деймін, соны айтып көөөп күлді—деп тағы тарс еткізді.
—Ооо, ешкі лақ сенің, тілің бал шекер. Мені аңдып әр сөзімді жаттап отыр екенсің ғой, бақа болғыр—деп Айгүл тағы күлді. Оған қосылып келін күлді…
Балалы үй базар деген, үйлеріңізден бүлдіршіндердің күлкісі үзілмесін.
(Әңгімедегі адам аттары ойдан шығарылған, сәйкес кеп жатса кездейсоқтық деп есептелсін)
М. Кенжебаев. Бейнеу.