Бала – бақыт бастауы

Ізетбай әулеті бес атадан бері бір ғана ұлдан жалғасып келе жатты. Көпбалалы
болуды санасына сіңіріп өскен қазақ бұл тұрғыда:
Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,
Екі баласы бардың болар-болмас хәлі бар,
Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар,
Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар, – деген екен.

Талас ауданы, Майтөбе ауылынан тамыр тартқан әулеттің ұрпағы сәби күндерінде-ақ шетінеп кете берген. Бір ғана атұстарының жаны аман қалып, тек жалғыздан жалғасып келе жатқан әулеттің бесінші атасы Оңғарбай Тілепбайұлы да төрт бірдей ұлы туа салып Аллаға қайтқан соң, кенжесі Сейсенбек дүниеге келерде қазақи ырымға жүгініп, аяғы ауыр Баршакүлге қасқырдың жігерісін жегізеді. Ал, жаңа туған ұлының құлағын тесіп жіберіп, көкжалдың жүнінен сырға жасап тағыпты. Бұл «Қасқырдай дені сау, қайсар болып өссін» деген ниеттен туған жоралғы екен.

Сейсенбек 23 жасында мектептің соңғы сыныбында оқып жүрген құдашасы Ұлтуарды алып қашып, отбасын құрады. Жаңа шаңырақ көтерген жас отаудың да төрт ұлы шетінеген соң, қызы мен ұлы дүниеге келеді. Бала жоғалтып, жүрегі шайлығып қалған әке-шеше қызына «Құралсын деген ниетпен – Құралай» деп ат қойса, ұлын «Алланың нұры жаусын – Нұржан» деп атайды. Нұржан кішкентай кезінен-ақ көршінің балаларын көрген сайын іштей «Балаларым көп болса екен» деп тілеп отыратын.

Ержеткен соң Нұржан Айткүл есімді қызбен сөз байласып, «Бір ғана шартым бар. Маған көп бала тауып бересің!» дейді. Айткүл мақұлдап, екі жас бас қосады. 9-сыныпты бітіріп, колледжге жаңа түскен жас қыз, сөйтіп Сейсенбек әулетіне келін болып табалдырық аттайды. Уыздай жас қызды көрген енесі «Ойпырмай, балапан ғой мынау?!» деп жылап жібергенде ұлы Нұржан «Анашым, сіз жылда балапан бағасыз, демде тауық болып кетеді ғой», деп жұртты ду күлдірген екен. Атасы Сейсенбек те келінге құлаққағыс етсе керек, «Осы келінім 7 перзенттің маңдайынан сүйдірсе, гауһар сырға мен жүзік тағамын» дейді салған жерден.

– Келінім жаңа түскен кезде балалығы ғой, ойнап кетіп қалатын. Күйеуім «Біз жас қызға обал жасаппыз. Ойыны қансын, тиме» деп жиі айтып жүрді. Кейін тұңғышын көтерген соң, келін өзі- ақ есейді. Қайын атасының тілегі орындалып, 28 жасында 7 перзент тауып беріп, шаңырағымызды шаттыққа бөледі. Біз уәдемізде тұрып, гауһар жүзік пен сырға сыйлап, мәре-сәре болдық, – дейді енесі Ұлтуар.

Бүгінде отанасы үй шаруасында болса, отағасы – механизатор. Айткүл расында бұл шаңыраққа құтты келін болып бұйырып, Үмбетәлі, Диляна, Нұртілеп, Жансая, Айару, Жаннұр, Нұрәлі есімді жеті перзент сыйлады. Құдай берсе, демографияны көтеруге әлі де атсалысатын ойы бар.

– Ауылдың шаруасы шаш- етектен. Ауыр жұмыстан шаршап- шалдығып, есіктен кіріп келгенде «Әке» деп алдымнан жүгіріп шығып, мойныма асылған балаларымды көргенде, әп-сәтте шаршағанымды ұмытып қаламын. Перзенттерім – бар байлығым. Тұңғышым Үмбетәлі 5 жасында жеңіл көлік айдаса, 7 жасында тракторға отырды. Бүгінде 12 жастағы ұлым өзі шөп тайлап, бұзылған көліктің майда-шүйдесін өзі-ақ жөндеп алады. Расында, балалы үй – базар. Қазір бәрі біріне-бірі қамқор болып өсіп келеді, шүкір, – дейді көпбалалы әке Нұржан.

Диляра ДАРХАН,

журналист.

Талас ауданы