Байқалмай өткен махаббат!!!

 

Қысқы түн.
Аяз.
Ай жарық.
Төңірек тегіс қалғуда.
Басқаға көңіл бұрылмай,
Тұратын едім байланып,
Терезеңнің алдында,
Желідегі құлындай.

Қадалып жарық кең үйге,
Арманым-сені бір көрсем.
Сырттағы байғұс не күйде
Тұрғанын әсте,білмеуші ең.

Ызғарын аяз төккенде,
Терезең кеткен қыраулап.
Арыда-бері өткенде,
Көлеңкең ғана жүр алдап.

Боз қырау аты кірпідей,
Келетін әкең жұмыстан.
Тазыдан қашқан түлкідей,
Ініме мен де жылысқам.

Махаббат өткен байқалмай,
Бұл шақта бәрі ұмытылған.
Сүйем деп саған айта алмай,
Сүйсініп жүргем сыртыңнан….

Мұқағали Мақатаев….